Елімізде балаға екпе жасатудан бас тартқандар жазаланбайды

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
6312

Қазақстанда соңғы бес жылда балаларға екпе салдырудан бас тартқандар саны 50%-ға артқан.

Елімізде балаға екпе жасатудан бас тартқандар жазаланбайды

Бес жыл бұрын ел бойынша жылына шамамен 6-7 мың балаға екпе салынбайтын. Статистикаға сүйенсек, қазір бұл көрсеткіш 11 мыңға жетіп жығылды. Оған ата-аналар көп жағдайда өзінің діни көзқарасын, балалардың денсаулығына деген алаңдаушылығын және медицина саласына деген сенімсіздігін себеп қылады. "КИПР" сараптамалық тобының алаңында бас қосқан сарапшылардың пікірінше, екпеден бас тартатындардың  көбісі – бір және бірнеше жоғары білімі бар жандар.

Қазақстанда сал ауруымен ауыратындардың 5%-ы екпені дұрыс салмағаннан душар болғандар. Ал дүниеге келген сәбидің алғашқы айларда алатын екпелерінің саны 15-ке дейін жететінін айта кетейік. Екпеден бас тартушылардың  уақыт өте өсіп бара жатқан қатарын қалай кемітуге болады?  Бұл мәселеге "КИПР" сараптамалық тобының алаңына жиналған сарапшылар жауап іздеп көрді.

Еске сала кетейік, біздің мемлекет екпеге жыл сайын 30 млрд теңгеге дейін қаржы жұмсайды.

Кездесуге дін істері және азаматтық қоғам министрлігінен шақырылған шенеуніктер келмеді. Есесіне, арнайы хат жолдапты. Онда кәмелетке толмағандарды міндетті вакцинациялау туралы заңнан екпеден бас тартқан ата-аналарға салынатын 10 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлеміндегі айыппұл алынып тасталғаны жазылған.

ҚР денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық сараптау және мониторингілеу ғылыми-тәжірибелік орталығының инфекциялық және паразиттік аурулар бойынша эпидемиологиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Айнагүл Қуатбаева 1999 жылы АҚШ-тың ауруларды бақылауға арналған орталықтары ХХ ғасырдағы денсаулық сақтау саласының ең ірі 10 жетістігін жариялағанын, аталған тізімде иммунопрофилактика бірінші орында тұрғанын атап өтті. Оның айтуынша, әлем бойынша вакцинация денсаулық сақтау жүйесін нығайтудың басты элементі болып табылады. Соңғы 150 жылда өмір сүру ұзақтығы 30 жылға артқан. Оның 25 жылы ванцинацияның арқасында мүмкін болыпты. Қазір мемлекеттік бюджеттің қаржысына 17 ауру түріне қарсы вакцинация жүргізіледі. Бұл қатарға вирустық гепатит, туберкулез, полимиелит, оба және басқа да ауру түрлері жатады. Тағы төрт екпе жергілікті бюджет есебінен салынады.

Әркімнің екпе алуға құқығы бар
Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі Қазақстан аумағындағы жеке тұлғалар тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде жұқпалы және паразиттік ауруларға қарсы профилактикалық екпе алуға құқығы бар. 

"Қазақстанға Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен сертификатталған тиімділігі жоғары, қауіпсіз вакциналар жеткізіледі. Қазақстанның иммундау жүйесі вакцинаның, вакцинатордың және қоршаған ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етеді", – деді Айнагүл Қуатбаева.

"Мейірімділік" ерікті қоғамы" қайырымдылық қорының басшысы Аружан Саин екпеге қарсы еместігін, бірақ баланың әрқайсысына қатаң түрде ерекше көңіл бөліну керектігін мәлімдеді. Яғни екпе егетін медициналық қызметкердің жауапкершілігі зор болуы керек.

Аружан Саин нақты деректерді мысалға келтірді. Мәселен, былтыр Ақтөбе облысындағы 2132 баланың ата-анасы екпеден бас тартқан. Бас тартушылардың ең көбі Ақтөбе қаласында тіркелген – 1171. Темір ауданында – 287, Мұғалжар аудандарында 258 балаға екпе салдыртпаған. Осы балалардың ішінде 1247-сі бірде-бір рет екпе алмаған.

Оған екпеден кейін балалар сал, аутизм секілді дерттерге ұшырап, мүгедек болып қалып жатыр деген пікір себеп. Бала өмірге сап-сау болып келеді. Ал екпеден кейін, көп жағдайда АКДС вакцинасынан соң, баланың дене қызуы көтеріліп, аяқ-қолы дірілдейді. Мұның соңы патологияға әкеп соқтыруы әбден мүмкін.

Дәрігерлердің қателесуге қақысы жоқ
Аружан Саинның айтуынша, жергілікті медициналық мекемелерде сап-сау болып туған балаларды екпені дұрыс салмау салдарынан мүгедек ету факторы мүлдем тіркелмеуі керек. 

"Ананың бәрі медициналық тұрғыдан сауатты емес. Осыны ескерген жөн. Олар екі-үш айлық сәбиінде қандай ару белгілері барын анықтай алмайды. Ал бұл жергілікті жерлердегі медициналық мекемелердің басты міндеті. Яғни, мүмкін-ау деген қауіптің алдын алып отыруға тиіс. Біз мемлекеттік статистика мен ресми жауапты таба алмадық. Сондықтан ата-аналар ұсынған медициналық құжаттарға сүйене отырып өз бетімізше зерттеу жүргіздік. Бұл жобаға екі жылдай уақыт жұмсадық. Қазақстандық клиникалар мен перзентханалардың ақпараттары жазылған мыңға жуық құжатқа зерттеу жүргізілді. Атап айтқанда, балаға қатысты әрбір құжат (босану кезіндегі баланың жағдайы, оған қандай жағдайда мүгедектік берілді және тағы да басқа құжаттар) есеп алынды. Балалардың жартысына жуығы дәрігерлердің қателігінен, дұрыс босандырып алмаудың және сары аурудың салдарынан  мүгедектікке шалдығады. Зерттеу базасына енген балалардың 6-7,5%-ы ванцинациядан кейін мүгедек атанған", – деді Аружан Саин.

Оның айтуынша, педиаторлар, жалпы тәжірибе дәрігерлері, медбикелер өз ісін жетік білуі керек және оны жауапкершілікпен атқаруға тиіс. Яғни, екпе алғанға дейін бала кем дегенде бірнеше апта бойы жұқпалы аурулармен ауырмаған болуы керек.

Бүгінде 5 млн қазақстандыққа екпе салу үшін (оның 1,3 млн-ы – 14 жасқа дейінгі балалар) жыл сайын 19-30 млрд теңге бөлінеді.

Мұншама көп екпе біздің елде ғана бар
Алматы әкімдігі жанындағы мүгедектер ісі жөніндегі үйлестіру кеңесінің мүшесі, "АРДИ" мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығының төрайымы Әсия Ахтанованың айтуынша, Қазақстанда жаңа туған сәбиге алғашқы төрт айда 15 екпе салынады екен. Оның екеуі – өте ауыр. Олар – туберкулезге және вирустық гепатитке қарсы екпелер. Екі екпені де бала өмірге келген алғашқы күндері егеді. Әсия Ахтанованың айтуынша, әлемнің бірде-бір елінде бір жасқа толмаған сәбиге мұншалықты көп екпе салынбайды.

Мүгедек балалардың ата-аналары қауымдастығында сал диагнозы бойынша 354 бала есепте тұр. Оның 5%-дан астамы – вакцина салдарынан мүгедек болғандар. Сарапшының сөзінше, екпе алуға міндеттеу кезінде жеке факторлар мен қауіп қаперге алынбайды. 

"Вакцинациялаудың жаңа қатаң стандарттарын әзірлеу қажет және онда дүниеге келген бала мен жасөспірімдердің генетикалық, иммунологиялық, неврологиялық ерекшеліктері ескерілуге тиіс. Қазақстанда вакцинация мен созылмалы аурулардың қалыптасуы арасындағы байланыстарды анықтау үшін сапалы зерттеулердің жоқтығы байқалады. Біз осы бір байланысты зерттеуді ұсынамыз", – деді Әсия Ахтанова.

Бұл мәселеге Айнагүл Қуатбаева үн қатты. Оның сөзінше, вакцинациялау кестесі қажеттілікке байланысты жасалған.

"Біз неліктен бала екі айға толғаннан бастап екпе егеміз? Себебі еліміздегі эпидемиологиялық жағдай осыны талап етеді. Оның үстіне өмірге келген сәбидің кейбір инфекцияларға қарсы иммундық қорғанысы болмайды. Бұған туберкулез және В гепатиті инфекциялары жатады. 1998 жылдан бастап Қазақстанда В вирустық гепатитіне қарсы вакцинация салу енгізілді. Бұл вакцинация енгізілгенге дейін елімізде HBs-антигенін тасымалдаушылар саны 9-10%-ды құраған. Ал қазір бұл көрсеткіш 1%-ды құрап отыр. Қазақстанда пайдаланылатын вакциналардың басым бөлігі Еуропа елдерінен жеткізіледі", – деді Айнагүл Қуатбаева.

"Қазақстан тек еуропалық сападағы вакциналарды сатып алады. Өндірушілер қатарында Бельгия, Франция, Ұлыбритания бар. Барлық вакцина Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының аккредитациясынан өткен. Арнайы сертификаттары бар және оның бәрі медициналық мекемелерге жеткенге дейін тіркеуден өтеді. Сондай-ақ Қазақстанда көрші елдермен салыстырғанда қымбат құрылғылармен жабдықталған республикалық иммуно-биологиялық зертхана бар. Зертхананың базасында ел аумағына жеткізілген препараттардың партияларын зерттеуге болады. Вакциналарды сатып алумен, екпе егумен денсаулық сақтау басқармасы айналысады. Ал тұтынушылар құқығын қорғау комитеті Халық денсаулығы туралы кодекске сәйкес, жұқпалы аурулармен ауыратындарды мониторингілеумен ғана айналысады", – деп түйіндеді сөзін Айнагүл Қуатбаева.

Еркебұлан Қыздарбек, Асқар Момынов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу