Әйтсе де, міне, 5 жылға жуық уақыт өтті, елде туу көрсеткіші үздіксіз төмендеп барады. Бұндай қарқынмен 25 миллиондық межеге жету 2050 жылдары да қиынға соғуы мүмкін.
Жалпы, Қазақстанның демографиялық дамуы 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі, экономикалық дағдарыс уақыты, 1991-1999 жылдар аралығында халық саны 1,3 миллион адамға азайды. Ата жұртын аңсағаны, басқасы бар, 2,6 млн адам шекарадан асып кетті. Қысқаша айтқанда, табиғи өсім 1991 жылғы 218,8 мыңнан 1999 жылғы 72 мың адамға бір-ақ түсті.
Биыл ақпанда қазақстандықтардың саны 20,5 миллионнан асқаны жария болды. Ал туу көрсеткішінің шарықтау соңғы рет 2021 жылы тіркелді. Сол жылы елімізде жарты миллионға жуық, 445 875 сәби дүниеге келген. Одан кейін рекордты қайталау түгілі, кері кетушіліктің қарқыны күшейді.
Мәселен, 2022 жылы – 404 мың, 2023 жылы – 388 мың, 2024 жылы – 366 мың, 2025 жылы 335 мың сәби көзін ашқан. Былтырғыдай көрсеткіш кейінгі 15 жылда болмаған. Бұл құбылысты демограф Аяулым Сағынбаева халықтың табиғи қозғалысындағы және миграциялық процестердегі өзгерістерімен ұштастырады.
– Елде туу деңгейінің тұрақты төмендеу кезеңі енді басталды. 2020 жылдары туу деңгейінің осылай төмендейтінін болжаған едік. Бірақ пандемия жылдарында бала туу саны ешкім күтпеген жерден көбейді. Әдетте пандемия кезінде неке деңгейі төмендеп, ажырасу артатын. Былтыр жалпы туу коэффициенті репродуктивті жастағы бір әйелге 2,57-ден келіп, алдыңғы жылдармен салыстырғанда 0,23 пайызға азайды, – деді маман.
Бір елдің аумағы демесеңіз, Қазақстанда аймақтардың отбасыға, балаға көзқарасы, дәстүрі әртүрлі. Сол баяғыдай солтүстік пен шығыстағы облыстарда көрсеткіш азайған үстіне азайып жатыр. Әйтсе де, бұрыннан белсенді оңтүстік және батыс өңірлердегі процестерде де кері өзгерістер байқала бастаған.
Былтыр туудың ең жоғары коэффициенті Түркістан (1000 тұрғынға 22,22 адам), Маңғыстау (21,40) облысында және Шымкент қаласында (21,76) тіркелді. Енді осы тұста салыстырайық. Түркістан аймағында былтыр 47 813 сәби дүние есігін ашса, 2021 жылы 65 002 бала болған. Яғни, көрсеткіш 4 жыл аралықтың өзінде 26,4 пайызға азайып отыр.
Ал солтүстіктегі көрсеткіш тіпті бөлек. Солтүстік Қазақстан облысында былтыр небәрі 4653 сәби туған, жаңадан құрылған, болашағына үміт зор делінген Ұлытауда 3560 ғана. Жоғарыда біз сынап отырған Түркістан облысынан 10 еседен астам аз.
Демографияда жалпы репродуктивті жастағы әйелдер деген түсінік бар. Яғни, бала тууға жарайтын жастағы әйелдерді меңзегені, бір сөзбен айтқанда, 49 жасқа дейінгілер. Бірақ мамандар елімізде осы санатқа жататын әйелдердің де азайып жатқанын алға тартады.
Мәселен, 2025 жылы дүниеге сәби әкелген ананың орташа жасы – 29,9, ал алғаш рет босанған аналардың жасы – 25,3 жас. Дегенмен басқадан бұрын туу көрсеткішіне қатысты өзгерістердің әлеуметтік себептер де бар. Қазір жастар бұрынғыдай тым ерте отбасын құрмайды, әйелі оқиды-тоқиды, мансабын жетілдіреді. Бұл – бір. Екіншіден, қалалану процесі артқан сайын жастардың өмір сүру салты да құбылады.
Үшіншіден, балалы болуды қаламайтын отбасылардың үлесі көбейгендей. 2024 жылы қазақстандықтардың 3,9 пайызы сәби сүйгісі келмейтіні жөнінде деректер шықты. Ал онсыз да баласы барлардың 51,3 пайызы қайтадан бала сүюді қаламайтыны айтылған. Жастардың 11,3 пайызы бір баламен шектелсе, 13 пайызы 2 баланы құп көреді. 9,1 пайызы 3 балаға ұмтылса, 10,5 пайызы ғана көпбалалы отбасы болуды қалайды.
Бірақ "қара бұлт төндіріп", жағдайды толық негативті тұстан бағалауға болмайды. Кез келген елдің демографиялық жайы тұрақты болуы үшін әр әйелге шаққанда бала саны 2,1-ден кем болмауға тиіс. Рекорд тіркеген 2021 жылы бұл көрсеткіш 3,32 болды. Былтыр – 2,57.
Демограф Шынар Пазылбекқызының айтуынша, ең төмен деңгей 1999 жылы тіркелген, сол жылы туу көрсеткіші елімізде бір әйелге 1,80 бала болыпты. Тәуелсіздіктен кейінгі 1990-жылдардағы дағдарыс отбасылардың бала жоспарлауын кейінге қалдырды, өйткені халықтың болашаққа сенімі аздау, материалдық жағдайы нашар еді.
– Қазақстанда 2000-жылдардың басынан бастап әлеуметтік-экономикалық жақсару жүрген уақытта туу көрсеткіші де жоғарылай бастады. Сондықтан елімізде саяси, әлеуметтік-экономикалық дағдарыс болмаса, туу деңгейі күрт төмендей қоймайды. Екіншіден, еліміздің өңірлеріндегі туу деңгейі әртүрлі. Оңтүстік, батыс өңірлердегі дәстүрлі түсінік, көпбалалы болу тенденциясы жоғалмаса, туу деңгейі төмендей қоймайды, – дейді Шынар Пазылбекқызы.
Расын айтқанда, елімізде отбасылардың баланы басты құндылық деп есептеуі, отбасын құрғаннан кейін балалы болуға ұмтылуы әлі жалғасып келеді. Соған қарамастан, көрсеткіш төмендей беретіні анық секілді. Өйткені құндылықтар жыл сайын басқа арнаға бұрылып келеді.