Елімізде баспананы сақтандыру міндеттелуі мүмкін

447

Осы мақсатта арнайы қор құрылмақ.  

Елімізде баспананы сақтандыру міндеттелуі мүмкін Фото: dknews.kz

Қазақстанда азаматтардың тіркелген тұрғынжайларын жер сілкіністерінен, су тасқынынан және табиғи сипаттағы орман өрттерінен міндетті сақтандыруды енгізу жоспарланып отыр. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі таратқан ақпараттан белгілі болды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Тиісті өзгерістер "Сақтандыру нарығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы" жобасында қамтылған.

Құжатты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі нарық қатысушыларымен, Ұлттық Банкпен және сараптамалық қоғамдастықпен бірлесіп әзірледі.

"Жаңа жүйе азаматтарға жойқын табиғи апаттар кезінде кепілдендірілген қаржылық қолдауды қамтамасыз етуге арналған. Бүгінгі таңда ірі табиғи апаттардан кейін тұрғынжайды қалпына келтіру көбінесе бюджет немесе азаматтардың өз қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Сонымен қатар, апатты тәуекелдер шығындардың ауқымы мен жоғары шоғырлануымен ерекшеленеді, сондықтан олар ұжымдық сақтандыру мен қайта сақтандыруды қажет етеді. Халықаралық тәжірибені, оның ішінде Түркия, Испания және Францияның тәжірибесін ескере отырып, апаттық қаупі бар аймақтарда жүйені кезең кезеңімен енгізу ұсынылады. Бірінші кезеңде ол үш өңірде пилоттық режимде іске қосылады, содан кейін оны еліміздің 16 өңіріне тарату жоспарланып отыр", – делінген хабарламада.

Жыл сайынғы сақтандыру жарнасын жылына шамамен 2-ден 20 мың теңгеге дейін белгілеу жоспарланады. Сақтандыру жағдайы басталған кезде төлем төленген жарнаның 500 еселенген мөлшерін құрайды және оқиға расталғаннан кейін 5 күн ішінде жүргізілетін болады.

Жүйенің орнықтылығын қамтамасыз ету үшін Тұрғынжайды міндетті сақтандыру қоры құрылады. Ол міндетті жарналарды жинап, резервтер қалыптастырады, төлемдерді ұйымдастырады әрі апаттық тәуекелдерді қайта сақтандырады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу