Қазақстан ішкі нарықтың нан мен күрішке деген қажеттілігін толық жауып отыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Қазақстанда бидай және күріш алқаптары қысқартылатыны белгілі болды. Тілшілер "Жыл соңында нан мен күріш бағасы қымбаттай ма?" деп сұрады.
"Бізде ондай болжам жоқ. Себебі Қазақстанда өндірілетін 20 млн тонна бидайдың тек қана 9 млн-ы астық болып есептелінеді. Оның ішінде шамамен 7 млн тоннасы ішкі нарыққа бағытталады. Ішкі нарықты толық қамтамасыз етеміз, бұл көлем нанға да, макаронға да, ұнға да арналған. Екіншіден, 2 млн тоннаны тұқымға жібереміз. Қалғанын экспорттаймыз", – деді Азат Сұлтанов Үкімет отырысынан кейінгі брифингте.
АШМ өкілінің айтуынша, елдегі баға әлемдік нарықпен тікелей байланысты.
"Әлемде баға өссе, бізде де өсім болады. Бірақ қабылданған мемлекеттік шаралардың арқасында нан бағасы бізде тұрақты. Күрішке келсек, осы жылдан бастап Су ресурстары министрлігінің болжамына сәйкес егістік жерлерді жоспарладық. Бүгінгі Үкімет отырысында бұл мәселені Қызылорда өңірінің жаңа әкімі де баяндады. Күріштің жалпы көлемі 70 мың гектарды құрайды. Осы көлемнен өнім алса да, ол бидай сияқты ішкі нарықтың сұранысын толық қамтамасыз ететін болады", – деп атап өтті вице-министр.
Айта кету керек, бұған дейін елімізде бидай алқабы қысқарып, майлы дақылдар көлемі артатынын жазған едік.