2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Орталық депозитарийдің (KCSD) номиналды ұстау жүйесіндегі брокерлік шоттардың саны 573 мыңнан асты, оның ішінде 443 мыңы қосалқы шоттар және 130 мыңы омнибус шот арқылы есепке алынатын жеке шоттар, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Өткен жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда, қосалқы шоттар саны 2 еседен аса өсті.
Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарында қосалқы шоттардың саны шамамен 220 мың болды – бұл қосалқы шоттардың қазіргі көрсеткішінен екі есе аз.
"Қазақстандықтар брокерлік шот ашу процесін жеңілдетудің нәтижесінде бағалы қағаздар нарығын белсенді игере бастады. Өз кезегінде, бұл қазақстандық брокерлердің жаңа цифрлық қолданбаларының және жеке тұлғаны биометриялық деректер бойынша қашықтықтан сәйкестендірудің нәтижесінде мүмкін болды. Белсенді инвесторлар саны тек өседі деп үміттенеміз", – дейді Орталық депозитарийдің басқарма төрағасы Әділ Мұхамеджанов.
Еліміздегі инвесторлардың жас ерекшелігі қандай?
KCSD деректеріне сүйенсек, жекелеген инвесторлардың ең көп үлесі 35-54 жас аралығындағы (35,6%) топ. 25-34 жастағы инвесторлардың үлесі 30,6%, 18-24 жастағы инвесторлардың үлесі – 19,2% құрайды. 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қысқарып келеді (14,5%). Ең аз инвесторлар саны 18 жасқа дейінгі топ. Кәмелетке толмаған азаматтардың атына ашылған брокерлік шоттардың үлесі қосалқы шоттардың жалпы санының 0,1%-нан аспайды.
Құнды қағаздар нарығында ерлер басым
Гендерлік арақатынас туралы айтатын болсақ, бөлшек инвесторлар арасында ерлердің үлесі – 56,3%, әйелдер үлесі – 43,7%. Сонымен қатар жыл басынан бері брокерлік шот иелері арасындағы әйелдер саны шамамен 2 есе өсті.
Брокерлердің көбі мегаполистерде тұрады
Алматы (21,8%), Астана (10,7%) және Түркістан облыстары (9%) бұрынғыдай аумақ бойынша көш бастап тұр. Ең аз брокерлік шоттар елдің солтүстігінде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында (1,5%) ашылды.
Бұл ретте омнибус шоттар дегеніміз – Орталық депозитарийде ашылған қаржы құралдарын есепке алу шоты, ол бойынша брокер клиенттің барлық активтерінің жиынтық есебін жүргізе алады. 2021 жылдың шілдесінен бастап қазақстандық брокерлер мен банктер үшін осындай шоттары арқылы сауда жасау мүмкіндігі қолжетімді болды.
Омнибус шоттардың танымалдығы жыл сайын артып келеді. 2022 жылғы 1 қазандағы Орталық депозитарийдің депоненттері омнибус шоты арқылы қызмет көрсететін инвесторлар саны 130 мыңға жуық адамды құрады. Бұл тамыз айының басындағы көрсеткіштерден 3 есе көп.
"Жыл басынан бері брокерлік лицензиясы бар жекелеген банктер бағалы қағаздар нарығына бөлшек инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс істей бастады. Бұл омнибус шот арқылы қызмет көрсетілетін инвесторлар санының өсуіне себеп болды. Омнибус шоты брокерлік шоттарды ашу және жүргізу үшін бэк-офис шығындарын оңтайландыруға және қысқартуға мүмкіндік беретінін ескере отырып, банктер KCSD-да өз клиенттеріне қызмет көрсетудің осы әдісін таңдайды", – деп атап өтті Әділ Мұхамеджанов.