Сенат депутаты Нұрлан Бекенов Қазақстан аумақтарын көгалдандыру қарқыны төмен деп санайды. Сенатор экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың атына депутаттық сауал жолдап, қоршаған ортаны көгалдандыру туралы өзекті мәселелерді атап өтті.
Ол Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін бүкіл еліміз бойынша 2 млрд ағаш отырғызу қажет екенін атап өтті. Мәселен, 2021 жылы 138 млн ағаш, 2022 жылы 280 млн дана ағаш отырғызылды, ал биылғы жылы 409 млн ағаш отырғызу жоспарланған. Алайда, депутат көшеттердің топыраққа бейімделіп, тамырлану деңгейі небәрі 70% құрайды деп алаңдап отыр. Яғни әрбір үшінші ағаш тамыр жая алмай, семіп қалуда.
"Осылайша, 409 млн көшеттің кем дегенде 120 млн-ы тамыр жая алмайды. Бұл бюджет қаржысын тиімсіз жұмсау екені белгілі болып отыр. Бюджет шығынын азайту керек. Өсімдіктердің тіршілігіне бақылау және талдау жүргізілмейді, оларды бақылау, күту және суарудың заманауи жүйесі орнатылмаған. Бюджет қаражатын тиімсіз жұмсағаны үшін жауапкершілік қайда?", – деді сенатор Бекенов.
Сенатор сонымен қатар ағаштарды кесу, қасақана от қою, өртеу, сондай-ақ ормандарды заңсыз басып алу және пайдалану, үйлер мен басқа да құрылыстарды салу мәселелеріне алаңдаушылық білдірді. Депутат Бекенов осыған байланысты ормандар мен курорттық аймақтардағы барлық ғимараттар мен құрылыстарды тексеруді ұсынды.
"Өсімдіктер мен ағаштарды өсіру, сондай-ақ оларға күтім жасау тәсілдерін қайта қарау керек деп санаймын. Көшет отырғызатын мердігерлік ұйымдарға ағаштарды одан әрі міндетті түрде күтіп-баптау мен жай-күйіне мониторинг жасау және ол туралы есеп беру тәртібі бекітілсін. Бұл шарт қызмет көрсету шартында көрсетіліп, оларды орындамағаны үшін жауапкершілік туралы белгімен бірге жазылуы керек", – деді сенатор.