2017 жылдың І тоқсанында отандық көлік шығарушы кәсіпорындар 16,4 млрд теңгеге 3,4 мыңнан астам автокөлік жасап шығарды деп мәлімдеді "ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстанның автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының баспасөз қызметі.
"Есепті кезең қорытындысы бойынша ел аумағында 16,4 млрд теңге сомасына 3405 автокөлік құралы шығарылды (оған жеңіл, жүк көліктері, автобус және арнайы техника кіреді). Осылайша отандық автоөндірушілердің биылғы өнімі былтырғы көрсеткіштен (839 көлік) төрт есеге артық болды", – делінген баспасөз хабарламасында.
Шығарылған жеңіл автокөлік мөлшері жеті есеге өсіп, 3095 автокөлікке жетті (былтыр 428 көлік). Ал 2017 жылдың қаңтар-наурыз айларында шығарылған жүк көліктерінің мөлшері (169 көлік) былтырғы көрсеткіштен 31,6% төмен. Автобус техникасының өндірісі бұрынғы деңгейде қалды – 27 бірлік.
Жыл басынан бастап отандық автозауыт ішкі нарыққа 2587 автокөлік өткізді, бұл былтырғы деңгейден 25,4%-ға артық. Отандық автоөндіріс кәсіпорындарының нарықтық үлесі 31,7%-ға жетсе, өткен жылдың осы кезеңінде 18,9%-ды құраған еді. Алдын-ала берілген мәліметке сүйенсек, 204 автокөлік экпорттық нарыққа жөнелтілген.
Өз жерімізде жиналған автокөліктер сегментінде "Азия Авто" АҚ-ның үлесі басым – 1914 автокөлік сатылды, бұл жалпы өткізілген отандық көліктердің 74%-ын құрайды. Ал "Сарыарқа Авто Өндіріс" ЖШС 502 көлікті өткізді (сегменттегі үлесі – 19%). Рейтинг бойынша одан кейін мына компаниялар орналасты: "КамАЗ-Инжиринг" АҚ (67 көлік, 3%), "Агромаш Холдинг" АҚ (50 көлік, 2%), "СемАЗ" ЖШС (42 көлік, 2%) және Hyundai Trans Auto ЖШС (12 көлік, 0,5%).
Қазақстанда құрастырылған сұранысқа ие жеңіл көліктердің рейтингін 2017 жылдың І тоқсаны бойынша LADA маркасы бастап тұр (1303 көлік), сатылған көліктің жартысынан көбі осы марканың үлесіне тиді. Сонымен қатар көш бастап тұрған маркалардың бестігіне KIA (379 көлік), Hyundai (233 көлік), Chevrolet (189 көлік) және JAC (148 көлік) енді. Отандық кәсіпорындар ұсынған брендтер тізімін Skoda (43 көлік), SsangYong (37 көлік), Peugeot (16 көлік), Geely (13 көлік) және Toyota (3 көлік) толықтырды.
2017 жылдың І тоқсанының қорытындысы бойынша, жеңілдікті автонесие беру мемлекеттік бағдарламасы арқылы 257 автокөлік сатылды, бұл жалпы сатылған жеңіл автокөлік санының 8,3%-ын құрайды.
"Екі жылға созылған сатылым мен өндірістің құлдырауынан кейін, 2017 жылдың І тоқсанында сала өрлей бастады. Қазақстанда шығарылып жатқан автокөлік саны үшінші ай қатарынан артып келеді, екі тоқсан қатарынан сатылымның өскені байқалады. Оның үстіне отандық өндірістің автокөлігіне деген сұраныс артып келеді. Егер бір жыл бұрын сатып алушылардың 19%-ы ғана қазавтоөндірістің ұсынысын таңдаса, бүгінде елде сатып алынған әр үшінші автокөлік Қазақстанда шығарылған. Оның үстіне жыл басынан бастап Қытайға экспортталған көлік "Азия Авто" зауытында құрастырылды, – деп баса айтты
"ҚазАвтоӨндіріс" Қазақстанның автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағының басқарма төрағасы Олег Алферов.
Саланың ЖІӨ құрылымына қосқан үлесі 16,4 млрд теңгені құрады, бұл жеңіл өнеркәсіп берген көрсеткішпен пара-пар.
"Отандық кәсіпорындардың конвейеріндегі көлік түрлерінің кеңейгенін ескерсек, биыл өндіріс көлемі айтарлықтай ұлғаяды, ең кемі 2015 жылдың деңгейіне жетеді деп күтілуде. Егер автоөндірушілер үшін ҚҚС төлеу жөніндегі жеңілдік қайта енгізілсе және жеңілдікпен автонесие беру мемлекеттік бағдарламасы қосымша қаржыландырылса сала бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізе алады. Еске сала кетсем, өткен жылдың IV тоқсанында бағдарлама бойынша бөлінген қаражат толығымен игерілді, ал 2017 жылдың басынан бастап отандық көлік сатып алушылардың 8%-ы ғана ҚДБ-нің берген несиесін пайдаланды", – деп мәлімдеді ол.
Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев