Негізінен Қазақстанда кез келген сала иелерінің мәселесі туралы сөз болғанда жауаптылар ерекше екі жайтқа көп тоқталады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
Жасырып не керек, баспана жайы талай ел тұрғынының бас қайғысына айналып отыр. Оның қатарында мемлекеттік қызметшілер де, БАҚ өкілдері де, көпбалалы және жалғызбасты аналар да, жастар да, жетімдер де, мүгедек жандар да бар.
Өз үйім – кең сарайдай боз үйім
Шамшат есімді қызылордалық жалғызбасты ана үй кезегіне тұрғанына 10 жылдан асқанын айтады.
– Үй кезегінің жылжитын түрі жоқ. Қызылорда қаласында салынып жатқан да, тұрғындарға беріліп жатқан да пәтерлер көп. Мұны жергілікті инстаграм парақшаларынан көріп қаламын үнемі. Ондағы пікірлер де сол, "біздің кезек жылжымайды, бұл үйлер кімдерге беріліп жатыр?" дегенге саяды. Пәтерден пәтерге көшіп жүрміз, баспана осы күні басты мәселемізге айналып отыр, – дейді ол.
Әрине, өз кезегінде барлық салаға жеңілдік жасалып, қолдау көрсетіліп-ақ жатыр. Мұны Үкіметте жетімдер жайын сөз еткен сенатор Геннадий Шиповских айтып отыр.
– Үкімет тарапынан да жетімдерімізге жан-жақты қолдау көрсетілуде. Десек те, "жетімдеріміз сол қолдауларды алу барысында қандай қиындықтарға тап болады және көрсетілген қолдаулар жеткілікті ме?" деген орынды сұрақ туындайды. Мәселен, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі "жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға баспана алуға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалармен жеңілдіктер қарастырылған" деп ақпарат беруде. Алайда 2022 жылы шекті жасқа толған жетім балалардың 61 471-і мемлекеттік тұрғын үй қорында кезекте тұрса, оның 852-сі ғана баспаналы болған. Дәл солай, 2023 жылы кезекте тұрған 62 290 азаматтың 809-ы ғана баспанаға қол жеткізген екен, – деді ол.
Бұл статистикалық мәлімет нені көрсетеді? Еліміз жетімді көрсе де, жебемей жүр дей алмаймыз. Бірақ, сандық мәлімет көңіл көншітер емес.
Мысалы, Қазақстан бойынша 80 мыңнан аса мүгедектігі бар немесе оған қатысты отбасылар тұрғын үй кезегін күтуде.
ҚР Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкеновтың мәліметінше, 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар 56 мың адам және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған 25 мың отбасы тұрғын үй алуға кезекте тұр.
– Жеңілдетілген ипотекалық қарыздар бойынша бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін азаматтарға тұрғын үй сертификаттары беріледі, олардың ең жоғарғы мөлшері жергілікті бюджет есебінен іске асырылатын 1,5 миллион теңгені құрайды. 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар азаматтарға 474,8 миллион теңгеден астам сомаға 423 сертификат және мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жалпы сомасы шамамен 344,1 миллион теңгеге 305 сертификат берілді, – деді Қуандық Қажкенов.
Елімізде биыл 1 және 2 топтағы мүгедектігі бар адамдарға төмендетілген мөлшерлемелер бойынша 850-ден аса жеңілдікті ипотекалық қарыз берілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2022 жылдан бастап азаматтардың жекелеген санаттарына жеке сектордағы тұрғын үйді жалға алу құнының бір бөлігі субсидияланып келеді. Қазақстанда мұндай төлемді 9955 отбасы алады. Яғни, 854 адам 1 және 2 топтағы мүгедектігі үшін, 703 отбасы мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырғаны үшін жеңілдікке ие.
Сондай-ақ, кезекте тұрған азаматтар жеңілдетілген ипотекалық қарыздарды "Отбасы банкі" арқылы 2-5 пайызбен алуға мүмкіндігі бар.
Жоғарыда жазғанымыздай, бұл тек жалғызбасты аналар не болмаса жетімдер мен мүгедектігі бар адамдарға ғана қатысты жайт емес. Кез келген қазақстандық пәтер иелерін байытпай, Жиренше шешен секілді шетінен аяғы шығып жатса да, "өз үйім – кең сарайдай боз үйім" деп айтқысы келетіні айдан анық.
Сондай-ақ, елімізде жылжымайтын мүлікпен қатар, тұрғын үй құрылысы үшін берілетін қара жердің бағасы да ырыққа бағынбай барады. Әлбетте, сұраныс бар, сондықтан бағаның да құбылары сөзсіз. Оған тосқауыл болу – қиынның қиыны.
Жұмыс көп, жұмыссыздар да...
Елімізде ең маңызды екі-ақ мәселе бар десек, бірі – баспана, екіншісі – жұмыссыздық. Бұған ешкімнің таласы жоқ шығар. Дей тұрғанымен, қай жерден болмасын, жұмысшы іздеп жатқандарды жиі кездестіреміз. Жалақысы жақсы саналса да, бос ваканцияны толтыратындар қатары аз. Мұның себебі не болуы мүмкін?
Қай министрлік, қай облыс болмасын, жұмыссыздық деңгейі төменгенін туралы жар салып жатады.
Бұған дейін ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бағытындағы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталған еді.
Оның айтуынша, 1 қарашадағы мәлімет бойынша мүгедектігі шектеулі азаматтар арасында 148 мың адам немесе еңбекке қабілетті адамдардың 39%-ы жұмыспен қамтылған. Ал, өңірлер бойынша жұмыспен қамту деңгейі 50%-ға да жетпейді.
– Кәсіптер бойынша мүгедектігі бар адамдардың 21%-ы – кәсіби мамандар, 19%-ы – біліктілігі жоқ қызметкерлер, 13%-ы – техник-мамандар, 11%-ы – басшылар мен мемлекеттік қызметшілер, қызмет көрсету, сату саласында жұмыс істейтін қызметкерлер, – деген еді министр.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің сөзінше, жұмыспен қамту салалары бойынша ғылыми қызмет (28%), мемлекеттік басқару (12%), білім беру және сауда (9%), денсаулық сақтау (7%) көш бастап тұр.
Мемлекет басшысының өзі 2025 жылды "Жұмысшы мамандықтар жылы" деп жариялады. Әлбетте, оған дейін "Еңбек адамы еліміздегі ең сыйлы азаматтар болуы тиіс" деп, біраз шаруаның жұмысына серпін берген еді. Бұл өз кезегінде ауылдардағы еңбеккерлер қатарына жас мамандардың толығуына себеп саналды.
Жұмыс көп, жұмыссыздар да көп. Олай деуіміздің де өз жөні бар. Бұған дейін ҚР Көлік министрлігі Автомобильдер жолдары комитеті Ғылым және жұмыс сапасы басқармасының басшысы Нұртілек Хасенов елімізде жол саласында кәсіби мамандар жетіспейтінін, тіпті мемлекеттік гранттардың өзі игерілмей қалып жатқанын айтқан-ды. Мұнан бөлек, хабарландыру жариялайтын отандық сайттарда жоғары жалақыға малшы отбасын іздейтіндерден көз сүрінеді.
"Екі қолға бір күрек табылады" деп жүргендердің бірі – Жандос. Ол мамандығы бойынша бір күн де жұмыс істемеген. Осы күні уақытша қалааралық такси қызметімен нәпақасын тауып жүр.
– Біраз уақыт 15 күндік ауысымды жұмыс істедім. Онда ақша көп, бірақ балаларым кішкентай болғандықтан, шығуға тура келді. Құрылыспен де отбасымды асырадым. Тұрақты жұмыс істеу керек екенін енді сезініп жүрмін. Қайткенмен, жайлы өмір үшін көп қаржы керек, – дейді ол.
Жақында ғана сенатор Геннадий Шиповских жетім балалардың мәселесін мінберде көтерді. "Бұл мәселені көтеру себебім, өзім де ата-анадан ерте айырылып, балалар үйінің тәрбиесін көрдім және бұл мәселелерді іштен білемін" деген ол өзіне жетім азаматтардан көптеген өтініш келетінін, оның біразы баспана алу мен жұмысқа орналасу төңірегінде екенін айтқан.
– Ең шешуші әрі маңызды рөл атқаратын мәселе – жұмыспен қамтудың шешімін табу болмақ. Өкінішке қарай, бүгінгі күні орта мектепті бітірген жетім балалардың жұмысқа орналасу көрсеткіші көңіл көншітпейді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, ағымдағы жылы мансап орталықтарының квотасы шеңберінде барлығы 4 275 адам жұмысқа орналасты, оның 85-сі ғана – жетімдер. Бұдан бөлек, жастар арасында жұмыспен қамту шараларымен 188 663 адам қамтылса, оның небәрі 56-сы ғана – жетім балалар. Тағдыр тәлкегіне тап болған тастанды және жетім балалардың жай-күйі баршамызды бейжай қалдырмайды деп сенемін, – дейді ол.
Қорыта айтқанда, енді еліміздегі ең маңызды екі мәселені шешу ғана қалды. Сарапшылар баспана мен жұмыссыздық мәселесінің түбегейлі шешілмейтінін айтады. Оған әбден келісуге болады. Өйткені, нарық заманында бәрі бір-бірімен тікелей байланысты. Жұмыссыздықты жою баспанаға бағыт жасайтыны түсінікті жайт.