Елімізде ескі лифттердің негізгі бөлігі қай өңірлерде орналасқан?

1530

Лифт компанияларының көбі шағын және орта бизнеске жататындықтан,  оларды тексеруге мораторий бар.

Елімізде ескі лифттердің негізгі бөлігі қай өңірлерде орналасқан? Фото: Дзен

Қазақстанда азып-тозған лифттер қай өңірде көп? Салыстырмалы түрде жағдайы жақсы лифттер қай аймақта орналасқан? Лифт шаруашылығы саласына бақылау жүргізіле ме? inbusiness.kz тілшісі бұл саланың жай-күйін анықтап көрді. 

Жалпы бұл саладағы мәселелердің көтерілгеніне біраз уақыт болды. Мәселен, биылғы маусым айында сенатор Бекбол Орынбасаров қолданыстағы лифттердің нормативтік мерзімі 25 жыл болғанына қарамастан, бүгінде қолданыстан шығаруға тиіс лифтілердің көбейгенін айтқан болатын.

Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаевтың сөзінше, лифт саласында мәселе баршылық.

"Негізгі проблеманың бірі – нарықта лифттерге қызмет көрсету және орнатумен айналысатын жосықсыз және біліктілігі жоқ компаниялардың болуы. Өкінішке қарай, оларды тексеруге мораторий болуына байланысты уәкілетті органдар ешқандай шара қолдана алмайды", - деді ол.

Осы тұста спикерден республика бойынша сектордағы жосықсыз компаниялар бойынша қандай да бір статистика бар ма деп сұрадық. 

"Өкінішке қарай, мұндай статистика жоқ және оны ешкім жүргізбейді. Нарықта жұмыс істеу үшін лифт компанияларында лифтілерге қызмет көрсету және монтаждау құқығына өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы аттестат болуы керек. Сондай-ақ лифттер бойынша СТ 3305 ұлттық стандартына сәйкестігі туралы куәлігі болуы қажет. Бұл критерийлер бүгінгі таңда компанияның біліктілігін анықтайды деуге болады. Сертификаты және ұлттық стандартқа сәйкестігі туралы куәлігі жоқ компанияларды нарықтың жосықсыз қатысушылары деп санауға болады", - деп жалғастырды Ержан Игібаев.

Спикер өңірлердегі ескірген лифттерді ауыстыру мәселесін әкімдіктер өте баяу жүргізіп жатқанын тілге тиек етті.

"Ескі лифттердің басым көбі Павлодар, Өскемен, Ақтөбе, Орал және Атырау сияқты ірі қалаларда орналасқан. Бірнеше жыл ішінде ескірген лифттер мәселесін шеше алған жалғыз қала Алматы болып отыр. Мұнда бірнеше жыл ішінде 2 мыңнан астам лифт ауыстырылды", - деді Ержан Игібаев.

Ержан Игібаев лифт саласындағы мемлекеттік сатып алуларда да проблемалар бар екенін атап өтті. Оның сөзінше, тапсырыс берушілер көп жағдайда қызмет жеткізушіге қажет талаптарды қоймай жатады. 

"Соның бірі – тапсырыс берушілердің, әдетте бұл ауруханалар, емханалардың тендер өткізген кезде техникалық сипаттамада жеткізушілерге сертификат және стандартқа сәйкестік туралы куәлік секілді құжаттардың болуы туралы талап қоймауы. Елімізде аттестаты болмаса да жеке кәсіпкерлердің тендерді ұтқан жағдайлары көп болды. Мұндай олқылықтың себебі көптеген тапсырыс берушінің лифттерге қызмет көрсету және оларды орнату үшін қызмет көрсетушілерден талап етілуі тиіс арнайы заңнамалық актілерді білмеуінде болуы мүмкін. Салдарынан өтініштер бойынша ішкі мемлекеттік аудиторлар комитетіне, прокуратураға мұндай тендерлердің күшін жою туралы шағым жазуға тура келеді. Қазақстанда облыстық ауруханада лифтілерге қызмет көрсету бойынша аттестаты жоқ мекемелердің тендерді жеңіп алған жағдайлары бірнеше рет болған", - деп атап өтті ол.

Лифттің нормативтік мерзімі – 25 жыл. Бұл уақыт өткен соң лифт ауыстыруды немесе күрделі жаңартуды қажет етеді.

"Елімізде лифтті ауыстыру үшін үйдің тұрғындары жалпы жиналыс өткізіп, оған подъезд тұрғындарының кемінде үштен екі бөлігі қатысуы тиіс. Хаттама жасалып, мұнда қызметті жеткізуші компания, лифт маркасы анықталады. Бұл хаттама қалалар мен облыстардағы тұрғын үй саясаты басқармасына қарасты коммуналдық кәсіпорынға беріледі. Осы құжат негізінде ақша бөлінеді. Лифтілерді ауыстыруға бағытталатын қаржы пайызсыз беріледі, максималды мерзімі – 7 жылға дейін. Бұл сома тиісті подъездегі барлық пәтерге бөлінеді, лифт үшін айына орта есеппен 3 мың теңгедей шығады. Лифттерді ауыстыру, модернизация неліктен баяу жүріп жатыр? Тұрғындардың негізгі бөлігі оны ауыстыруға құлықсыз келеді, себебі лифт ауыстыру әр пәтерден ақшаның қайтарымын талап етеді. Сондай-ақ, тағы бір мәселеге көптеген пәтер иелері кооперативі, мүлік иелерінің бірлестігі лифт ауыстыру бойынша тұрғындардың келісімін жинай алмауы да жатады", - деді Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының президенті Ержан Игібаев.

Бүгінгі таңда лифт компанияларының көбі шағын және орта бизнеске жататындықтан, оларды тексеруге мораторий бар. Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының хабарлауынша, қандай да бір шағым түсетін болса, тексеруші органдар мораторийге қарамастан тексеру жүргізе алады.

"Шағын және орта бизнес субъектілері нысаны салық заңнамасымен (жұмыскерлер саны мен қаржылық айналым бойынша) айқындалатын кәсіпорындар жатады. Лифт компанияларының көпшілігі ШОБ болғандықтан, оларды тексеруге мораторий енгізілген. Олардың қызметін тек қалалық тұрғын үй инспекциясы қадағалайды және тек тұтынушылардан сапасыз қызмет көрсету туралы түскен арыз-шағымдар негізінде жүзеге асырылады. Шағын және микро кәсіпкерлік субъектілерін тексеруге мораторий 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін жалғасады", - деп хабарлады Астана қаласының Кәсіпкерлер палатасының баспасөз қызметі. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу