Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында осындай жағымсыз динамикамен бөлісті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі.
"Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы осы жылғы наурыз айындағы ең жоғары көрсеткіштен төмендегеніне қарамастан, орташа жылдық мәндерден біршама асып, жеделдей бастады. Оқу жылының оффлайн форматына толық өтуі, Ресейде жарияланған ішінара мобилизациядан кейін көрші елден халықтың ағылуы аясында тұрғын үйді жалдау ақысы бойынша, сондай-ақ білім беру қызметі мен кеңсе тауарлары бойынша соңғы екі айда бағаның айтарлықтай өскені байқалды", – деген Ғалымжан Пірматов негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Оның айтуынша, жылдық мәнде инфляция 17,7%-ға жетті. Азық-түлік өнімдері бағасының өсуі бұған айтарлықтай үлес қосуда, ол жылдық мәнде 22,2%-ға жетті. Азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорттық тауарлардың қымбаттай түсуінен және оларға сұраныстың жоғары болуынан 17%-ға дейін жылдамдады. Ақылы қызмет көрсету инфляциясы 12,3%-ға жетті.
"Фискалдық ынталандыру аясында жоғары инфляциялық процестердің орнықтылығы және экономикадағы сұраныстың күшеюі, оның ішінде жоғары инфляциялық күтулерді қолдайтын жаңа күтілмеген сыртқы өзгерістерді ескерсек, ақша-кредит саясатын одан әрі күшейту талап етіледі", – деді бас банк басшысы.
Бұл ретте ол әлемде болып жатқан соңғы жағдайлардың нәтижесінде Қазақстанда орнықты инфляциялық қысым сақталып отырғанын атап өтті.
"Украина мен Ресей арасындағы әскери қақтығыстың салдары бағалар өсуде. Көптеген елде инфляция нысаналы көрсеткіштерден артты. Әлемдегі монетарлық саясаттың күшеюі және логистикалық проблемалардың шешілуі 2023 жылы инфляцияның баяулауына әкеледі деп күтілуде", – деді Ғалымжан Пірматов.
Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының болжамы бойынша, G20 елдерінде инфляция 2022 жылғы 8,2%-дан 2023 жылы 6,5%-ға дейін төмендейді.
Ұлттық банк төарағасының айтуынша, инфляция болжамы бірқатар алғышартқа байланысты, олар коронавирустың жаңа толқынының болмауы, Украинадағы соғыстың күшеймеуі, Еуропадағы энергия нарығындағы қысымның төмендеуі.
Тыңайтқыштар бағасының өсуі, қолайсыз күн райының қатері қосымша проинфляциялық факторлар саналады.
"Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы нақты мөлшерлемеге қатысты болжамды көрсеткіштердің оң болуын ескере келе, инфляциялық қысымды төмендету үшін пайыздық мөлшерлемелерді одан әрі көтеруді ұсынады. Сонымен қатар, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының пікірінше, салық-бюджет шараларында инфляция жоғары болған кезеңде бұдан былай тұрақты ынталандырудан бас тарту және қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету қажеттілігі ескерілуге тиіс екені маңызды", – деді Пірматов.