Елімізде интернет-сауда бизнесі қаншалықты дамып келеді?

1775

Интернет жүйесі адам өміріне үлкен өзгеріс әкеліп, қоғамды жедел дамытып отырған негізгі салаға айналды. Қазір үйде отырып-ақ бүкіл қаржылық-құжаттық операциялармен қатар, әлемнің кез-келген нүктесінен қалаған затыңызды интернет арқылы алдыра аласыз. 

Елімізде интернет-сауда бизнесі қаншалықты дамып келеді? Фото: avron

Назарларыңызға елімізде электроникалық жабдықтар мен қажетті құрал-сайманды, құрылыс материалдары мен автомобильдің қосалқы бөлшектерін, сондай-ақ, басқа да түрлі өнімдерді сатуға және сатып алуға болатын танымал интернет-дүкендердің тізімін ұсынамыз.

Kaspi

Бүгінде Kaspi қосымшасының онлайн-сауда алаңы отандық пайдаланушылар арасында ерекше танымал болып отыр. Қосымшада киім-кещек, смартфондар, авто-бөлшектер мен денсаулыққа қатысты тауарлар бар.

Қосымшаның басты бетінде пайдалы ұсыныстар мен жаңа өнімдердің каталогы орналасқан. Тапсырыс берген тауарды жеткізу мерзімі 7 күн ішінде жүзага асады. Егер тауар сіз ойлағандай болмаса немесе ақауы бар болса, оны 14 күн ішінде қайтаруға құқыңыз бар. Тауарлардың көптігі мен тұтынушылардың жағымды лебізі, сонымен қатар қызмет көрсету сапасының тиімділігі Kaspi қосымшасын Қазақстандағы ең көп қолданылатын интернет-дүкен ретінде ерекшелейді.

Satu.kz

Satu онлайн-маркетплейсі – киім-кешек, тұрмыстық техника, үйге арналған бұйымдар мен хобби үшін айналысатын тауарларды тез табуға ыңғайлы.

Аталмыш маркетплейсте өзіңізге ұнаған тауарды немесе ақпаратты "Таңдаулы тауар" деген бөлімшеде сақтап қойып, кейінірек сатып алуға болады. Сондай-ақ, ең қауіпсіз интернет-дүкені ретінде де танымал. Бұл жерде әрбір сатушы тауары үшін кепілдік беруге және өзі туралы толық ақпарат ұсынуға міндетті.

Маркетплейс әкімшілігі өздері жариялаған тауарды сақтандырады және тапсырыстардың құнын толығымен өтейді.

Aliexpress

Қытайдың ең үлкен халықаралық интернет-сауда алаңы Қазақстанда да кеңінен танымал. Сатып алушылар тауарлардың молдығына, төмен бағалар мен тегін жеткізілімге бола осы интернет-дүкенге тапсырыс бергенді жөн санайды.

Тауарлар тізімінде – үй бұйымдары, балалар мен ересектердің сәнді киімдері, тұрмыстық техника, көлік құралдарына арналған бөлшектер кіреді. Бұл жерде Қытайдың көптеген брендтік өнім өндірушілері тауарларын делдалсыз ұсынатын болғандықтан, елдің бәрі Aliexpress арқылы арзан тауар алғанды дұрыс көреді.

Еліміз бойынша интернет арқылы тапсырыс берушілердің дені Алматы мен Шымкент қалаларының тұрғындары екен. Олардың ішінде көбіне тапсырыс берушілер – 37 жасқа дейінгі әйел адамдар.

Ең көп тапсырыс берілетін тауарлар қатарында – үй жабдығы (57%), ересектерге арналған киім-кешек (54%), косметика және парфюмерлік тауарлар (50%) бар.

Choco

Электрондық сауда және азық-түлік жеткізу саласында қызмет көрсететін ең ірі компания. Сондай-ақ, әуе және теміржол билеттерін сатып алу, қонақүйлерді брондау, дәрігер немесе дәрі-дәрмек іздеу үшін қолданылады.

Flip

Қазақстандық интернет сегментіндегі алғашқы табысты интернет-дүкендердің бірі. Сатып алушылар сайттан – кітаптар, киім-кешек, тұрмыстық тауарлар, азық-түлік, ыдыс-аяқ және басқа да өнімдерді таба алады.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, биылғы жылы еліміздегі электронды-сауда нарығы 2,44 триллион теңгеге дейін ақша айналымын жасаған.

Кеңінен қолданылатын Mechta.kz, Technodom.kz, Shop.kz, Sulpak.kz, OLX секілді интернет-сауда қосымшаларынан бөлек, ресейлік Ozon мен Wildberries маркетплейстері Қазақстан аумағында жедел дамып келе жатқан интернет-сауда алаңдары болып тұр. Бұл дегеніңіз, миллиардтаған қаржы отандық интернет жүйесі арқылы шетке кетіп жатыр деген сөз.

Жалпы алғанда, елімізде интернет-сауда алаңы қарқынды дамып келеді. Алайда, сырттан келетін ірі интернет-компанияларға Қазақстан нарығында еркін дамуына жағдай жасап ғана қоймай, еліміздің заңдары мен ұлттық ерекшеліктерін ескеріп, халыққа қызмет көрсету жолында мейлінше ашық болғанын талап еткен жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу