Елімізде көліктің мына түріне жолдарда жүруіне қатаң тыйым салынады

6044

Келесі жылдан бастап, осы машинамен тасылған жүктерді дүкендердің қабылдауына да рұқсат етілмейді.

Елімізде көліктің мына түріне жолдарда жүруіне қатаң тыйым салынады Фото: © Sputnik / Владислав Воднев

Ал, оларды қолданғаны үшін жер қойнауын пайдаланушылар контрактісінен айрылады.

Бұл тосын жаңалық, тың бетбұрыс Мәжіліске енгізу жоспарланып отырған "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне жолаушыларды автомобильмен тасымалдау саласындағы кейбір мемлекеттік функцияларды міндетті мүшелікке (қатысуға) негізделген өзін-өзі реттеуге беру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы" заңының жобасында қарастырылған.

Өз кезегінде Көлік министрлігі сөз болып отырған көлік түрінің жолға шығуына жаппай тыйым күшіне еніп те қойғанын еске салды. Енді оны бұзғандарға жаза енгізіледі.  

"Келесі 2026 жылы рұқсат етілген салмақтан асатын самосвалдардың Қазақстанның жалпы пайдаланымдағы автомобиль жолдары мен барлық елді мекендердің көшелерінде қозғалуына тыйым салу қолданыла бастайды. Бұл тыйым Қазақстанда "ҚР кейбір заңнамалық актілеріне көлік және жер қойнауын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңымен қабылданды", – деп түсіндірді ведомство.

Бұл заңда самосвалға "жүктерді өзі аударғыш автомобиль" деп анықтама берілген.

"23-2)-тармақша: өзіаударғыш – жүкті түсіру үшін механикалық еңкейтілетін шанағы бар, өзі түсіретін жүк автомобилі, тіркеме немесе жартылай тіркеме", – деген түсініктеме беріледі аталған жаңа заңда.

Ол заң 2023 жылы күшіне мінген болатын. Бірақ самосвалдарды пайдаланатын кәсіпорындар дайындалып үлгеруі, мысалы, одан арылуы үшін 3 жылдық өтпелі кезең берілді.

"Рұқсат етілген ең жоғары массасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген автокөлік құралының жол берілетін жалпы массасынан асатын жүктерді өзі аударғыш автомобильмен Қазақстанның жалпыға ортақ пайдаланылатын автомобиль жолдарымен және елді мекендерінің көшелерімен тасымалдауға жол берілмейді", – делінген қолданыстағы осы заңның 38-2-бабында.

Сондай-ақ, Көлік министрлігі "Автомобиль көлігі туралы" заңының 32-бабының 4-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес, Қазақстанда тағы бір тыйым қолданысқа енгізілетінін еске салды.

Ол бойынша жүк жөнелтушілер "рұқсат етілген ең жоғары массасы Қазақстан заңнамасында белгіленген автокөлік құралының рұқсат етілген жалпы массасынан" асатын самосвалдарға жүктерін тиеуге және оларды жолға шығаруға жол бермеуге міндеттелді. Бұл міндеттемесін бұзса, әкімшілік жауапкершілік арқалап, айыппұлмен жазаланады.

Ал, Көлік министрлігі әзірлеген жаңа заң жобасы басқасы сыртында, "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" қолданыстағы заңның 36, 103, 106, 208, 215, 221-баптарына да өзгерістер енгізбек.

Соның ішінде "артық салмақты" самосвалдарға жүк тиеуге тыйым салынуына байланысты енді жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт-контрактілерге де тиісті жаңа "міндетті шарт" енгізілетін болады.

"Егер жер қойнауын пайдаланушының рұқсат етілген ең жоғары массасы Қазақстан заңнамасында белгіленген автокөлік құралының рұқсат етілген жалпы массасынан асатын самосвалдарға жүктерін тиеуге жол бермеу талаптарын бір жыл ішінде 2 реттен артық бұзғаны анықталса, онда оның жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарты қолданыс мерзімінен бұрын тоқтатылады және қатты пайдалы қазбаларды өндіруге арналған лицензиясы кері қайтарып алынады", – деп түсіндірді ұсынысты Көлік министрлігі.

Жаңа заң жобасына сәйкес, қазақ жерінен қазба байлықтарды өндіріп жатқандар осы талаптың орындалуы туралы тұрақты түрде есеп беріп тұруға міндеттеледі.

Осылайша, келесі жылы қазақстандық автомобиль саласын үлкен өзгерістер күтіп тұр. Өйткені еліміздегі жолдардан бүкіл көліктің үштен бірі бір-ақ күнде, ұшты-күйлі жоқ болып кетпек.

Көлік ведомствосының ресми дерегінше, самосвалдар – республикалық жолдарды пайдаланатын барлық автокөліктердің шамамен 35%-ын құрайды.

"Олардың салмағы ауыр: тіпті жүк тиелмегеннің өзінде төл салмағы 12 тонна және одан да асады. Салдарынан, олар асфальт жолға шыққанда, оны зілбатпан салмағымен езіп, жол жабынғысының, бетонның тез тозуына ықпал етеді. Бір жыл ішінде республикада 25 мыңға жуық жол жабынғысының зақымдану дерегі тіркелді. Оның 60%-дан астамы самосвалдардың жүріп өтуі кесірінен болған", – деп мәлім етті министрлік.

Оның сарапшылары мемлекеттің бұл тыйымға мәжбүрлі түрде барып отырғанын алға тартты.

"Егер өзіаударғыштарға жүк тиегенi үшiн бизнеске жүк жөнелтушi ретiнде жауапкершілік енгізілмесе, онда самосвалдар бұдан ары да жалпы пайдаланымдағы жолдармен бақылаусыз қозғала береді. Бұл бақылаушы органдардың талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге қабiлетсiздiгiне соқтырады. Ақыр соңында, бұл жол инфрақұрылымының бұзылуына және қоғам мен бизнес тарапынан мемлекетке деген сенiмнiң жоғалуына әкеледі", – делінген ведомствоның түсініктемесінде.

Айта кетер жайт, бұл жерде заң бойынша тек самосвалдарға ғана тыйым салынбайды, сонымен қатар кез келген автокөлік түріне шектен тыс артық жүк тиеуге жол берілмейді.

"Салмақтық шектеулерді бұзуға көбінесе жүк жөнелтушілер жол береді. Қазіргі уақытта заңнама бойынша жүк жөнелтуші ешқандай жазаға тартылмайды және олар көбіне жүгінің шын салмағы туралы тасымалдаушыға қасақана жалған ақпарат береді. Артық тиеу фактісі жүк тасушы тек таразы бақылауынан өткен кезде анықталады. Соның кесірінен, жүк тасымалдаушы жазаға тартылады", – деп дәйектеді министрлік сарапшылары.

Сондықтан жаңа заң қабылданған соң жүк жөнелтушілер тиемес бұрын өз жүгін өлшеуге, жүк көлігін пломбалауға және машинаның жүргізушісіне салмақ өлшеудің өткізілгені туралы сертификат беруге міндетті болады.

Ал, тіпті ешқандай жүк тиелмесе де төл салмағы 12 тоннадан асатын самосвалдарға, әлгінде айтылғандай, келесі жылдан бастап көшелер мен жалпы пайдаланатын жолдармен жүруіне толығымен, түбегейлі тыйым салынады.

Осы талаптардың бәрін бұзғаны үшін жүк жөнелтуші де, жүк тасушы да және жүкті алушы да жаза тартуы мүмкін. Осы мақсатта мысалы, кәсіпкерлерге, дүкендерге, құрылыс компанияларына және басқасының бәріне самосвалдармен әкелінген жүкті немесе салмағы заңнамада рұқсат етілген нормадан асып кететін жүкті қабылдауына рұқсат етілмейді.

Министрліктің байламынша, жауапкершiлiкті бұлайша бұрын-соңды болмаған түрде күшейту "жолдардың жай-күйiн сақтау үшiн қажет".

Себебі, "самосвалдардың, салмағы артық жүк таситын көліктердің жүруi жол инфрақұрылымына едәуiр зиян келтiреді, асфальт пен бетонның тез тозуына ықпал етеді, жолдарда шұңқырлар мен жарықтар пайда болады". Жол инфрақұрылымын жиі жөндеу және қызмет көрсету бюджет шығыстарының ұлғаюына алып келетіні алға тартылды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу