Елімізде көше атауларын өзгертуге уақытша тоқтау салынбақ

2580

Жақында Қазақстанда қала, кент, ауыл, көшелердің атауларын өзгертуге мораторий жарияланатын болды.

Елімізде көше атауларын өзгертуге уақытша тоқтау салынбақ

Ел үкіметі биылға жоспарланған жалпыұлттық халық санағын ақыры келесі жылға қалдыру туралы шешім қабылдады.

Бұл шешім "2020 жылы Қазақстан Республикасы халқының ұлттық санағын өткізу туралы" үкімет қаулысымен бекітілмек.

Құжатта премьер-министр Бақытжан Сағынтаев "Мемлекеттік статистика туралы" заңға сәйкес, жалпыұлттық санақты 2020 жылы өткізуге қаулы етеді.

Бұл ретте бүкіл елді қамтитын, он жылда бір рет өтетін ұлы науқан 2020 жылғы 5 ақпаннан бастап, 5 наурыз аралығындағы кезеңде ұйымдастырылатын болады.

Үкімет басшысы ұлттық экономика министрлігіне ел халқының ұлттық санағын дайындауға және өткізуге байланысты ұйымдастырушылық және нұсқаушылық мәселелерді шешу үшін арнайы комиссия құруды тапсырды. Комиссияға орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіру жүктелді.  

Бұдан бөлек, үкімет барлық деңгейлердегі әкімдерге "әкімшілік-аумақтық бірліктерді құру, тарату немесе қайта құру", сондай-ақ "елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, қайта атау" туралы ұсыныстар енгізуге болмайтыны ескертілді. Бұл келесі жылы елді мекендердің немесе көшелердің атауларын өзгертуге тыйым салынатынын білдіреді. Осы қадамға мемлекет санақшыларды жаңылыстырмау, жалпыұлттық санақтың мейлінше толымды әрі таза жүруі үшін баруда. Өйткені егер санақ барысында елді мекеннің не көшенің атауы өзгеріп кетсе, ондағы тұрғындарды қайталай есепке алуға тура келуі ықтимал.

Осы орайда жергілікті атқарушы органдардан ұлттық экономика министрлігіне құжаттағы осы бапқа қатысты түсініктеме беруді өтінген нақтылаушы сауал түскен. Онда атауды өзгертпеу "тек халықтың ұлттық санағы өтетін кезеңге, яғни 2020 жылғы 5 ақпаннан 5 наурыз аралығына ғана қатысты ма, әлде бұл мерзімге санаққа дайындық кезеңіне де қатысты бола ма?" деп сұрақ қойылған.  

Бұған жауапта атауды өзгертпеу талабының мерзімі "аталған үкімет қаулысы қолданысқа енген кезеңнен басталатыны" айтылады. Тиісінше, тек санақ жүретін күндері ғана емес, оның алдындағы бүкіл дайындық кезеңі қамтылады.

Сонда құжат қашан күшіне енбек? "Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі" деп жазылған үкімет қаулысының жобасында. Бұл жобаны қоғамдық талқылау бүгін аяқталады. Содан кейін ол премьер Бақытжан Сағынтаевтың қол қоюына енгізіледі. Үкімет жетекшісі қолтаңбасын түсіргеннен кейін құжат ресми басылымдарда жарияланады. Демек, содан кейін он күн өткенде, қаулы күшіне мінеді.

Бұл санақты жүргізуде не мақсат қойылып отырғанын ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов түсіндірді:

"Бұл жобаны қабылдаудағы мақсат – әр қазақстандықты жеке-жеке сұрастыру, сауалнама жасау арқылы алынатын, еліміздің әрбір тұрғынын сипаттайтын демографиялық, экономикалық және әлеуметтік деректерді жинау болып табылады. Жұргізілген ұлттық санақ қорытындылары халық сипаттамаларынан тұратын "статистикалық деректер базасының" тұтас жүйесін құруға, сонымен бірге басқа да ақпараттық жүйелер мен зерттеулерді түзуге негіз болады. Санақ деректері сондай-ақ халық және тұрғын үйлердің статистикалық тіркелім-регистрлерін өзектілендіру, халықтың ағымдағы санының деректерін нақтылау, демографиялық және басқа да есептеулер үшін пайдаланылады", – дейді министр.

Үкіметтің осы қаулысы арқылы "2020 жылы Қазақстан халқының ұлттық санағын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары" да бекітілуде.

Онда жалпыұлттық санақты дайындап, өткізетін негізгі орталық комиссия сыртында, әр облыста және үш мегаполисте биылғы маусым айына дейін "Қазақстан халқының ұлттық санағын өткізуге жәрдемдесу жөніндегі өңірлік комиссиялар" құрылатыны көрсетілген.

Ұлттық экономика министрлігі халыққа қойылатын нақты сұрақтары бар санақ парақтарын, ұлттық санақты өткізу бойынша әдіснамалық құралдарды, сондай-ақ мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл туралы бірлескен актілерді 2019 жылғы І–ІІ тоқсан ішінде әзірлеп, бекітіп шығуға міндеттелді.

Бұдан бөлек, биылғы сәуір-қыркүйек аралығында "әкімшілік-аумақтық бірліктердің", яғни Қазақстандағы барлық қалалардың, кенттердің, ауылдардың тізбесі жасалып, олардың шекаралары нақтыланады. Көше атауларын және кварталдар, үйлер мен пәтерлердің нөмірлерін ретке келтіру, ПИК, тұрғын үй-құрылыс кооперативтері, басқарушы компаниялармен бірге, оларда тұратын халық санын нақтылау бойынша іс-шаралар өткізіледі.

Бұл ретте бүкілқазақстандық санақ науқаны үшін қажетті жабдықтарды, ұйымдастыру техникасын (оргтехника), портативтік-есептеу құрылғыларын, яғни планшеттерді, бағдарламалық өнімдерді сатып алу, бағдарламалық қамтамасыз етуді, яғни е-статистика модульдерін қайта пысықтау жұмыстары басталған. Бұл іске ұлттық экономика, қаржы, ақпарат және коммуникациялар министрліктері жұмылдырылуда.

Министрліктің дерегінше, жалпыұлттық санақ әскери бөлімдер аумақтарында да, әскери жабық әкімшілік-аумақтық бірліктерде де, түрмелер және тергеу изоляторларында да, әлеуметтік бейімделу немесе қамсыздандыру мекемелерінде де, сондай-ақ шетелде жұмыс жасап, оқып және өзге де себептермен жүрген қазақстандықтар арасында да жүргізіледі.

Жалпыұлттық санақ деректерін өңдеуге 2020 жылғы ІІ – ІІІ тоқсан аралығы беріліп отыр. Ал алдын ала қорытындылары алдағы жылғы 4-ші тоқсанда халыққа жария етілуге тиіс.

Толыққанды қорытындылары тек бір жылдан кейін, яғни 2021 жылғы 4-ші тоқсанда статистика комитетінің сайтында жарияланып, талдауға қолжетімді болады.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу