"Қазір кейбір бұқаралық ақпарат құралдарында күрішке қатысты әртүрлі мәлімет тарап жатыр. Осыған байланысты күріш нарығындағы жағдай қандай?", - деп сұрады премьер-министр.
Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, күріш нарығындағы жағдай тұрақты. Ішкі нарықтағы ақ күріштің қоры 257 мың тонна деп бағаланып отыр.
"Елдегі күрішті жылдық тұтыну 97 мың тонна. Яғни желтоқсаннан бастап ендігі жылы күріш өнімін жинау кезеңіне дейін он айдың ішінде тұтыну көлемі – 80 мың тонна. Яғни қазір өзімізде бар қор сол тұтыну көлемінен үш есе артып отыр", - деді ауыл шаруашылығы министрі.
Айтуынша, тоғыз айдың қорытындысы бойынша шетелге 70 мың тонна күріш экспортталған.
"Оның басым бөлігі, яғни 40 мың тоннасы ұнтақталған. Сол ұнтақталған күріштің 80%-ын Ресей бізден импорттайды, сыра өндірісіне пайдаланады. Сол себепті ішкі нарықта күріш жеткілікті. Экспортқа шығаруға да жағдайымыз бар", - деді ведомство басшысы.
Бұл ретте министр күріш бағасына тоқталды.
"Бүгінгі таңда өндіруші зауыттарда күріштің бір келісі 256 теңге, көтерме баға 340-390 теңге шамасында. Күріш тапшылығының қалыптасу тәуекелі өте төмен. Күріш өндіретін өңірлерде қажеттілік болса, зауыттар да, тауар өндірушілер де өңірлерге қосымша күріш жеткізе алады", - деді министр.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, былтыр Қазақстанда 209,6 мың тонна күріш өндірілді. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 0,9%-ға артық.
2021 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында қазақстандық кәсіпорындар 38,6 млн долларға 123,2 мың тонна күріш экспорттаған.
Күріштің негізгі көлемі ТМД елдеріне жіберілді. Өткен жылдың қаңтар-желтоқсан айлары аралығында бұл елдерге 119,9 мың тонна күріш экспортталды.
Қазақстандық күріштің негізгі импорттаушылар - Ресей (37,6 мың тонна), Тәжікстан (30 мың тонна) және Өзбекстан (26,7 мың тонна).
ТМД құрамына кірмейтін әлемнің басқа елдеріне Қазақстан 3,3 мың тонна күріш жөнелткен. Мұнда Моңғолия, Ирак және Түркия көш бастап тұр. Сонымен қатар, бұл дақыл өткен жылы АҚШ, Иран, Израиль және Украинаға жеткізілген.