Елімізде маңызды тұжырымдаманың бірі іске аспай қалғалы тұр

172

Үкімет ел қаржысына байланысты бағыт-бағдарын нақтылау үстінде.   

Елімізде маңызды тұжырымдаманың бірі іске аспай қалғалы тұр Фото: ЖИ

Осы аптада ғана Құрылтай депутаттарына 2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы заң жобасы таныстырылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Осы заң жобасында ең назар аударлық тұс – Ұлттық қордан алынатын трансферт мөлшері. Шенділер алдағы 3 жылда инфрақұрылымды жақсартып, халыққа қажет жобаларды іске асыруға үшін қазынадан 5 трлн теңге алуға ниетті.

Жоспарға қарасақ, Ұлттық қордан 2027 жылы – 2 триллион теңге, 2028 және 2029 жылдары 1,5 триллион теңгеден нысаналы трансферт тартылмақ. Бірақ толық қорытынды бұл емес. Республикалық бюджетке 2027 және 2028 жылдары 2,4 триллион теңгеден, 2029 жылы 2 триллион теңге кепілдендірілген трансферт аудару көзделген. Сонда 3 жылда алынатын қаражат 11,8 трлн теңгеге барады.

Бұл тұста көптен бері айтылып келе жатқан бір әңгіме еске түседі. Қаржы сарапшылары Ұлттық қордан қаржы алмай, оны келешек ұрпақтың қамы үшін сақтау жөн екенін алға тартып келеді. Дегенмен бұл ойды іске асыруға Үкімет әлі де қауқарсыз болып тұрған сыңайлы. Себебі жыл сайын елде бюджет тапшылығы қайталанып отыр.

Ғасыр басында, 2000 жылы Қазақстан Президентінің жарлығымен Ұлттық қор құрылғаны есте. Міне, содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті. Алғашында қаржы капиталдарды ескергенде 660 млн доллар ғана болған. Содан кейін сатудан түскен барлық қаражат тікелей Ұлттық қорға аударылып келеді. Ұлттық қор кірістерінің елеулі бөлігі табиғи ресурстардың экспортынан түсетінін білеміз, әрине, мұнайдан.

2023 жылы сәуірде Ұлттық банк Ұлттық қордың активтерін басқару жөніндегі 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасын жариялады. Онда 2030 жылға қарай Ұлттық қор активтерінің көлемін 100 млрд долларға дейін ұлғайту жоспарланған. Қараңыз, көзделген мерзімге 3 жылдан сәл асатын кезең қалды. Ал 2026 жылғы 1 шілдеде қордың валюталық активтері 65,5 миллиард доллар болған. Сонда тұжырымдаманың орындалмай қалатынын анық байқаймыз.

Жоғарыда қорға қол салуға бюджет тапшылығы әсер етіп отырғанын айттық. Жеткіліксіз мөлшердің түгелі дерлік қазынадан алынып отырғаны жасырын емес. Мәселен, 2021 жылы республикалық бюджет шығысы 16,3 триллион теңгені құраса, оның тек жартысы Ұлттық қор трансферттері мен қарыздарды есептемегендегі кірістермен қамтамасыз етілген. Ал 2027 жылға арналған жаңа бюджет жобасында республикалық бюджет шығысы 30,2 триллион теңге, кірісі 19,9 триллион теңге деңгейінде болжанып отыр. Кепілдендірілген және нысаналы трансферттерді қоса алғанда, Ұлттық қордан 4,4 триллион теңге тартылмақ.

Осы тұста "енді не істемек керек?" деген сауал тууы заңды. Қор қалай алғанда да елдің қаржылық тұрақтығының көрсеткіші саналады. Бұл қаржыны есепсіз нысандар салуға, әлеуметтік жобаларға жұмсай берсе, шетелдік инвесторлардың өзі елге сақтықпен қарай бастайды. Сондықтан қор қаржысын уыста ұстауға тырысқан жөн.

Басты шешім – бюджет тапшылығын басқа көздерден толықтыру. Дегенмен оған мүмкіндік бере қояр әлеует бар ма? Негізі мемлекет әлеуметтік міндеттемелерді негізінен тұрақты салық түсімдері арқылы орындауға ұмтылуға тиіс. Алайда бюджет қаражаты жылу, теміржол және жекелеген кәсіпорындардың шығынын жабуға үнемі бағытталып тұрған кезде, жағдайды оңалту қиын-ақ. Яғни кәсіпорындардың өзі бюджетке салмақ түсіріп тұр.

"Бюджеттен қолдау алған кәсіпорындар кейін мемлекеттен қайтадан қаражат сұрауы мүмкін. Бөлінген ақшаның қандай нәтиже бергені ашық көрсетілуге тиіс. Бюджет тапшылығы жыл сайын жалғасып келеді. Бір жағынан Ұлттық қорды көбейту міндетін қоямыз, екінші жағынан одан ірі көлемде қаражат алуды жалғастырамыз. Осындай жағдайда белгіленген межеге қалай жетеміз деген сұрақ туындайды, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Әзірге Қазақстан Ұлттық қорын молайту жолындағы мақсатында "қара алтынның" құнына ғана елеңдеп отыр. Әлемде мұнай қымбаттаса, кірісіміз артады, құлдыраса ел экономикасының алаңы еселенеді. Әйтсе де импорт арқылы жанама инфляциялық қысым да келуі мүмкін. Дамыған әрі өндірісі қалыптасқан елдерде тауар қымбаттаса, бізге де қымбат бағамен жетіп, халықтың әл-ауқатына салдарын тигізері анық.

Еліміздің Ұлттық қорының жұмсалу мақсаты тек келешек ұрпақтың қамына арналмаған, тапшылықты жойып отыру бағытын да қамтиды. Сондықтан шенділерді қазынаға қол салды деп сөге алмаймыз. Тек алынған қаржы елге нақты пайдасын беретін жобаларға ғана жұмсалса игі.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу