Елімізде мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс тапқан жастар қатары артып келеді

901

Былтыр бір ғана Астана қаласында мыңға жуық жас маман "Жастар практикасымен" жұмысқа орналастырылған. 

Елімізде мемлекеттік бағдарламалар арқылы жұмыс тапқан жастар қатары артып келеді Фото: dixinews.kz

Бағдарлама барысында өз қарым-қабілетін дәлелдеп, тұрақты жұмысқа қол жеткізгендері жетерлік. Бағдарлама жоғары оқу орнын тәмамдағансын, жұмыссыз жүрген жастарған арналған. Еңбек нарығында өз орнын тапқан талапты жастар жайлы Atameken business  хабарлайды.

Жастар практикасымен жұмысқа тұрғандардың бірі - Елдос Қуандық. Елдос Евразия ұлттық университетінде құрылысшы мамандығы бойынша білім алған. Университтетті былтыр ғана тәмамдаған жас түлек бүгінде өзі де шәкірт тәрбиелеп жүр.

Құрылыс техникалық колледжіне арнайы пәндер оқытушысы және өндірісті оқыту шебері болып жұмысқа орналастым. Негізгі қызметім студенттермен жұмыс жасау және оларға кәсіптік техникалық білім беру, - дейді  Елдос Қуандық, "Жастар практикасы" бағдарламасының қатысушысы.  

Колледж басшылығы Елдос үшін жаңа жұмыс орнын беруге әзір. Мекеме директорының орынбасары алдағы оқу жылында жеке топ алып, ұстаздық жолын жалғайды деп отыр.

Ал аталған бағдарламаның игілігін көрген Қазыбек Мәулен болса тәжірибе жинауды мемлекеттік қызметтен бастағанды жөн санапты.

Мен қазір жастар практикасымен Сарыарқа ауданы әкімдігінде коммуналдық шаруашылық бөлімінде жұмыс істеп жатырмын. Жұмысым халықпен байланысты болғасын өте қызықты. Әрі мол тәжірибе жинаудамын. Мұнда үйренгендерім алдағы еңбек жолымда пайдасы тиетініне сенімдімін, - дейді  Қазыбек Мәулен. 

Қайда барса да әуелі жұмыс беруші еңбек өтілін сұрап,  талай жастың тауы шағылатыны жасырын емес. Бұл бағдарламаның тиімділігі сол жас маман 1 жыл тәжірибе жинап, мамандықпен еңбек жолын бастайды. Онысы еңбек кітапшасына жұмыс өтілі болып жазылады. Сонымен қатар  40 айлық есептік көрсеткіш, яғни 138 мың көлемінде жалақы төленеді. Биыл да бұл бағдарлама аясында 982 елордалық жасқа мүмкіндік беру жоспарланған. Жалпы жұмыспен қамту орталықтары кез-келген санаттағы жастарға қолдау білдіруге әзір.

"Жастар практикасымен" жұмысқа орналасып, қазіргі таңда лауазымы өскен Ислам Ағыбаевта өз ойымен бөлісті.

Жұмыспен қамту орталығына келіп өз түйіндемемді қалдырдым. Орталықтың ұсынысымен Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының қоғамдық кеңістікті абаттандыру, дамыту бөліміне әдіскер болып орналастым. 1 жылға жуық еңбек етіп, бас маман лауазымына көтерілдім, - дейді жас маман  Ислам Ағымбаев.

Түптеп келгенде талпынып, екі қолға бір күрек іздеген жанға жұмыс табылатынының дәлелі бұл. Құр жатпасқа қамданып, әрекет етсеңіз ғана жетістікке жетесіз. Бүгінгі жас мамандардың да айтары осы. 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу