Елімізде моншаға тапсырыс бергендер қарыз төлеп терлеп жүр

5581

Қазіргі кезде көпқабатты пәтерлерге де сауна орнатылады.

Елімізде моншаға тапсырыс бергендер қарыз төлеп терлеп жүр Фото: zoon.ru

Сондықтан ТМД көлемінде, соның ішінде Қазақстанда да үй ішіне кіріктіруге болатын құрғақ инфрақызыл-сауналарға (ИК-сауна), немесе жылжымалы моншаларға деген сұраныс артқан.

Сұраныс болса, ұсыныс көбейеді: интернет сайттарда, әлеуметтік желілерде монша мен сауна сататын компаниялардың, соны клиенттің дизайны мен мөлшерлемелері бойынша салып беретін қызметтердің жарнамасы қаптады.

Мысалы, стандартты сауналардың қолданыста болғандары (б/у) 200-400 мың теңге аралығында тұрады. Жаңадан салынатындары орта есеппен 1 миллион теңгеден басталады.

Көп қаражат жүрген жерге алаяқтар да үймелейді. Хабарландырудың бірін Владимир есімді адам орналастырыпты. Ол инфрақызыл саунаның адамға пайдасы туралы біраз әңгімеледі.

"Тіпті "жаңажылдық мейрамда" достарыңызбен моншаға барудың да қажеті жоқ, оның бәрін үйге жинауға болады. Еш айырмашылығы жоқ деуге болады. Монша да жасаймыз, бірақ ол қымбаттау. 2 миллионнан басталып, 7-10 миллионға дейін барады. Қалада мобильді моншаны табыс көзіне айналдыруға болады. Себебі, құрылыс алаңдарында арнайы контейнер ішінде киінетін бөлме қарастырылғанымен, суға түсетін орын бола бермейді. Құрылыс салушылармен, прорабтармен келісіп, кесте бойынша көшпелі монша ұйымдастырып тұруға болады", – деді Владимир.

Дегенмен, оның бір сөзі тіксінтті: барлық сомасын алдын ала толық төлеуді сұрады. Өзге кәсіпкерлер мысалы, өнім бағасын "рассрочкамен" бөліп төлеуді де ұсынады. Саудаласқанда, бастапқы жарнаны 70 пайызына дейін ғана төмендетуге келісті.

"Материалдарын алу керек, жабдықтарға алдын ала тапсырыс беру қажет" деген сияқты сылтауларын алға тартты. Тілдесу осымен аяқталды. Хабарландыруының астында оның қызметін тұтынған клиенттерінің пікірлері болмағандықтан, әрі "шебер" өз фирмасының монша құрастыратын цехын, өндіріс орнын көрсетуден жалтарғандықтан, оның қызметінің сапасын тексеру мүмкін болмады.  

Сұраған ақысын беріп қойып, сан соққандар бар екен. Олардың кейбірі "моншасы" үшін банктен несие алып, қарызын өтеп жүр.

"Моншада рахаттана терлеуді ұнататындар көп. Жанға жағымды осы сауық үшін кейбір адам қала сыртындағы үйлерінде, саяжайларында, коттедждерінде монша жасатып, төл релакс-аймағын жабдықтайды. Алайда монша сатып алғысы келген біраз адам моншасыз терлеп, тынышы кетті. Олар мысалы, "Пожальфасервис" сияқты компаниялардан монша жасатуға тапсырыс бергізіп, сол үшін кредиттер алған. Салдарынан, ақшасы да, уәде етілген конструкцияда да жоқ, жер сипап қалды", – дейді кәсіпкер (SEO) Виктория Завадская.

Айта кету керек, кеңсесі Беларусьте орналасқан "Пожальфасервис" компаниясы жұмысын жалғастыруда, тек клиенттерге таратқан нөмірі енді жұмыс істемейді.

Оның клиенттерінің бірі Екатерина интернеттен сәнді моншалардың фотосуретін көріп, қызығыпты. Содан саяжайына қою үшін биылғы мамырда көлемі шамамен 5 метр болатын үлкен бөшке-моншаға тапсырыс берді. Компания өзге бәсекелестерін арзан бағасымен "жығыпты": 9 мың рубль (шамамен 47 мың теңгедей) ғана сұратты. Қосымша ақыға кез келген жерге жеткізіп, құрастырып беретін көрінеді.

"Менеджерімен тілдестім, барлық шарттарды талқылап, келістік. Келісімшартты поштамен жіберді. Екі данасына да қол қойып, біреуін кері жолдадым. Содан кейін шот-фактура бойынша моншаның толық құнын банк арқылы аудардым. Өнім бір ай ішінде жеткізілуге тиіс еді. Белгіленген мерзімде учаскемде монша сол бойы пайда болмады", – дейді Екатерина.

Тапсырысының қашан дайын болатынын білу үшін компаниямен бірнеше рет хабарласыпты. Оның менеджері Вячеслав белгілі бір уақыт бойы байланыстан жалтармаған. Беларусь санкция астында болғандықтан әлдебір жабдықтарды жеткізу кешеуілдеп жатқанын алға тартты. Одан кейін басқа, жаңа цехқа көшіп жатқандарын сылтау етті және екі апта ішінде жеткізуге уәде берген.

"Кешіктіргені үшін өтемақы ретінде моншама анағұрлым қуатты, жетілдірілген, инновациялық технологиялы пеш орнататындарын айтты. Мәз боп қалдым, содан күтуге ұйғардым. Екі аптадан соң Вячеславқа қайтадан қоңырау шалдым. Ол аталған компанияда енді жұмыс істемейтінін, оның қаржысы мен шаруашылығына жауапты емесін айтып, қысқа қайырды. Тиісінше, клиенттердің келісімдеріне де қатысы жоқ. Барлық сұрақтарды компанияның директорына бағыттауға кеңес беріп, сөйлесуді үзе салды", – дейді Екатерина.

Беларусьте "Пожальфасервиске" алданған клиенттер оны сотқа беріпті. Алданған қазақстандықтар болса, Минскіге барып, сотқа талап қоюы керек. Бұл тұрғыда Еуразиялық одақ Қазақстан тұрғындарына еш пайдасыз: қорғамайды.

Бірақ алаяққа жем болған беларусьтардың да нәтиже шығарғаны шамалы көрінеді. Сотқа жауапкер тараптың өкілдері келмеген. Беларустік милиция жергілікті шағымданушылардың ұжымдық арызы бойынша әзірге қылмыстық іс қозғамапты.

Кейбір клиентіне компанияның "экс-менеджері" басқа ақпарат берген: компанияның банкротқа ұшырағанын, барлық шоттары бұғатталғанын, сондықтан тапсырыстарды қалай орындайтыны беймәлім екенін айтқан көрінеді.

Вячеславтың өзі болса, бүгінде "Артсауна" деген басқа компанияны ілгерілетіп, бүкіл ТМД елдерінен сауна және монша дайындауға тапсырыстар қабылдауда.

Жалпы, Қазақстанда интернет-алаяқтар жиһаз жасауды қарау мақсатына көп пайдаланады. Үстелді орындықтарымен, шкаф-купені, асүй гарнитурларын, диванды, өзгесін барынша арзан бағаға жасап беруге уәде етеді. Қызмет ақысының 70 пайызға дейінгісін сұрайды. Ақша қолына тиген соң "тапсырысты" кешіктіріп, сөзбұйдаға салады.

Соңынан телефонын өшіріп, ізім-ғайым жоғалады. Мұндай жағдайда құқық қорғау құрылымдары, Тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті көбіне қауқарсыз. Алданған қазақстандықтар "күдікті (алаяқ) табылмады" деп полицейлердің істі жаба салатынына шағымданады. Тіпті кей жағдайда істі де қозғамайтын көрінеді. Сондықтан әр адам алданбаудың амалын алдымен өзі қарастыруы, соның алдын алуды, жауапкершілікті өз мойнына алуы керек.

"Азаматтарға жиһаз жасау цехына барып, өндірісін өз көзімен көруге, нақты клиенттерінің пікірлерімен танысуға кеңес береміз. Сонымен қатар компанияның толық реквизит-деректемелері, мөрлері көрсетілген келісімшарт жасау керек. Жиһазды тегіс алғанға дейін толық төлемін жасамау қажет", – деп кеңес берді астаналық полиция қызметкерлері.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу