Елімізде оқушылардың оқу сауаттылығы төмен

 Қазіргі уақытта оқушылардың шамамен үштен екісі функционалды сауатсыз.

Елімізде оқушылардың оқу сауаттылығы төмен Фото: canva.com

Дүниежүзілік банктің сарапшылары есебінше, Қазақстанның мемлекеттік мектептерінде оқитын балалардың 64,2 пайызы функционалдық сауатсыз, ал НЗМ оқушыларына басқа қазақстандық оқушылардан төрт есе көп ақша жұмсалады. 

"Қазақстан: инклюзивті және ықпалға төзімді өсуге қол жеткізу үшін мемлекеттік қаржыны көбейту қажет". ДБ сарапшылары Қазақстандағы білім туралы осылай қорытынды жасаған.

"НЗМ оқушыларының функционалдық сауатсыздық деңгейі (алты пайыз) Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымындағы орташа көрсеткіштен (22,6 пайыз) айтарлықтай төмен болса, Қазақстанның кәдімгі мемлекеттік мектептеріндегі балалардың 64,2 пайызы функционалдық сауатсыз. НЗМ-де оқушыларды қабылдау прогрессивті емес, өйткені олардың көпшілігінің әлеуметтік-экономикалық жағдайы қарапайым мектептердегі балаларға қарағанда жақсы", - делінген ДБ есебінде.

Ұсынылған есепте: жүйе әділ болуы үшін жаңадан енгізілген қаржыландыру формуласына әділеттілік компонентін қосу қажет. Бұл қолайсыз топтардың оқушыларын, қосымша ресурстар мен педагогикалық қолдауды қажет ететіндерді оқытуды қаржылық қолдау үшін қажет, деп қосты Дүниежүзілік банк.

Сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен білім жүйесін үздіксіз қолдауды қайта қарау қажеттігі атап өтілді.

"2000-2018 жылдары Қазақстанның білім беру шығындары ЖІӨ-нің 2,3-3,9 пайызын құрады, бұл табыс деңгейі орташа деңгейден жоғары елдерге қарағанда төмен. Сонымен қатар 2018 жылы Қазақстан Назарбаев Зияткерлік мектептерінің (НЗМ) оқушысына басқа қазақстандық оқушылармен салыстырғанда, төрт есе көп жұмсады, олардың саны барлық орта мектеп оқушыларының 0,4 пайызын ғана құрайды. Қазіргі уақытта оқушылардың шамамен үштен екісі функционалды сауатсыз. Атырауда оқушылар НЗМ-дағы құрдастарынан орта есеппен төрт жылға артта қалып отыр", - делінген зерттеу нәтижелерінде.

Егер ЭЫДҰ мемлекеттерінде оқушылардың 82,1%-ы фактілерді пайдалана отырып, қысқаша мәлімдеме жасап, жаратылыстану-ғылыми білім негізінде шешім қабылдай алса, Қазақстанда тек 27,1% - ы ғана.

"PISA зерттеуінің барлық бағыттары бойынша қазақстандық ұлдар мен қыздардың нәтижелері ойлануға негіз болады. Өйткені ұлдардың 98,5%-ы және қыздардың 98,6%-ы зерттеудің үш бағыты бойынша да жақсы көрсеткіштерге ие емес", - деп түйіндеді ҰТОО мамандары.

PISA-2012 көрсеткіштерінде математикалық сауаттылық бойынша уақытша жақсару байқалды. Зерттеу негізінен логикалық тәсіл мен математикалық интуицияны қажет ететін тапсырмалардан тұрды. Қазақстанның көрсеткіші 432 баллды құрады, бұл 2009 жылғы нәтижелерден 27 баллға артық. Біздің мектеп оқушылары Болгария, Таиланд және БАӘ сияқты елдермен бір топқа кірді. Сонымен қатар Қазақстаннан қатысушылардың жартысына жуығы (45,2%) алты деңгейдің бірінші деңгейінде болды. Мысалы Оңтүстік Кореяда мұндай көрсеткішті оқушылардың тек 10%-ы болды, Эстония мен Финляндияда 15%-ы ғана көрсеткен. Математикалық білімнің базалық деңгейін Қазақстандықтардың 31,5% көрсетті.
Осыған қарамастан, PISA-ға қатысушы елдер бөлінісінде Қазақстан математикалық сауаттылық бойынша ғана емес, жаратылыстану ғылымдары бойынша да ең жоғары нәтиже көрсетті. Біздің оқушылардың орташа баллы 425-ті көрсетті, 2009жылғы көрсеткіштен 25-ке артық. Жаратылыстану-ғылыми сауаттылықтың тест тапсырмаларын орындау көрсеткіші 40% құрады. Алайда ЭЫДҰ сарапшыларының қорытындысы бойынша, қазақстандық оқушылар күрделіліктің бесінші және алтыншы деңгейлерінің іскерліктерін көрсете алмады, сондай-ақ еркін құрастырылған жауаптарды талап ететін тапсырмаларға жауап бере алмады.

2018 жылы ЭЫДҰ-да PISA бойынша біздің көрсеткіштеріміз төмендеді. Бұл ретте қазақстандық оқушылар алғаш рет сауаттылық деңгейінің жалпы төмендеуін көрсетті: математика бойынша-423 балл, жаратылыстану пәні бойынша – 397, оқу сауаттылығы бойынша – 387 балл жинады. Түсініктемелер бірдей: оқушылардың басым көпшілігі ең аз таным қажет болатын бірінші немесе екінші қиындық деңгейін ғана шеше алды.

"Қол жеткізілген прогреске қарамастан, Қазақстандағы PISA көрсеткіштері ЭЫДҰ-ның орташа көрсеткішінен, атап айтқанда, оқу сауаттылығы бойынша айтарлықтай төмен болып қала береді. ЭЫДҰ-ның алдыңғы есептері сонымен қатар әлеуметтік осал немесе оқуда қиындықтары бар оқушыларды қолдау қажеттілігін көрсетеді. Білім беруді еңбек нарығының қажеттіліктеріне, оқушылардың мүдделеріне және болашақ қажеттіліктеріне сәйкес және өзекті ету қажет", - делінген ЭЫДҰ есебінде.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу