Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаровтың төрағалығымен өткен Экономикадағы өсімді қамтамасыз ету жөніндегі жедел штаб отырысында бірінші жартыжылдықтағы экономика салаларының даму көрсеткіштері қаралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өткен жылмен салыстырғанда ақпарат және байланыс саласында (8,7%), құрылыста (8,6%), көлікте (7,3%) тұрақты өсімге қол жеткізілді.
Айта кету керек, биылғы бес айдың қорытындысымен салыстырғанда ауыл шаруашылығы, құрылыс және сауда салаларында өсу қарқыны жақсарғаны байқалады. Сонымен қатар ОПЕК+ міндеттемелері шеңберінде мұнай өндіру көлемінің қысқаруына және су тасқыны кезеңінен кейін жүргізіліп жатқан қалпына келтіру жұмыстарына байланысты бірқатар салада біршама артта қалушылық байқалып отыр.
"4 айлық бәсеңдеуден кейін маусым айының қорытындысы инвестицияларды жұмылдыру, отандық тауар өндірушілерді қолдау, іскерлік белсенділікті ынталандыру шаралары, сондай-ақ құрылыс, автожол, ауыл шаруашылығы салаларындағы алдағы белсенді кезең есебінен экономиканың өсу траекториясына шығуына негіз қалады", — деп Нұрлан Байбазаров, биылғы іскерлік белсенділік индексі бес ай қатарынан оң аймақта тұрғанын атап өтті.
Өңдеу өнеркәсібі нысаналы индикаторлар шегінде (5,1%-ға) өсіп келеді. Өңдеу өнеркәсібі салалары ішінде металлургия өндірісінің – 8,3%-ға, машина жасаудың – 9,4%-ға, химия өнеркәсібінің – 5,3%-ға, жиһаз жасаудың – 28,3%-ға, фармацевтиканың – 14,8%-ға өсуі қамтамасыз етілді. Өсімге отандық тауар өндірушілерді қолдау шараларын жетілдіру нәтижесінде қол жеткізілді. Бүгінгі таңда ОТӨ-мен жасалған шарттардың саны 2023 жылғы 22,7 мыңмен салыстырғанда 45,7 мыңға дейін артты.
Жеңіл өнеркәсіп, құрылыс материалдары өндірісінің көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік өнімдері саласында және т. б. жұмыстар жалғасуда.
Құрылыста жұмыс көлемі бес айдағы 8,1% көрсеткішпен салыстырғанда өсіп, 8,6%-ды құрады. Қарастырылып отырған кезеңде 7,4 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінен 1%-ға артық. Қолданыстағы жеңілдікті және жалға берілетін бағдарламалар мен жаңа тұрғын үй бағдарламалары ("Отау", "Наурыз") шеңберінде 54,2 мың отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайын жақсартуы тиіс.
Инфляция мәселесіне ерекше назар аударылды. 90 түрлі шараны іске асырудың нәтижесінде көрсеткіштер 2023 жылғы маусым айындағы 14,6%-дан ағымдағы 8,4%-ға дейін төмендеді. Бұл ретте азық-түлік тауарлары бойынша инфляция 5,4%, ал өзге тауарлар бойынша 7,4% құрады. Жалпы, биыл нысаналы дәліз 6-8% көлемінде. Импорттық тауарларды алмастыру бойынша инвестициялық жобалар белсенді түрде іске асырылып жатыр, баға белгілеуді бақылау, монополияға қарсы және сыртқы сауданы реттеу жұмыстары жалғасуда.
Инвестициялар ағыны да ел экономикасының өсуіне әсер етеді. Бұл бағытта ақпарат және байланыс, көлік, білім беру және өңдеу өнеркәсібі салалары оң динамика көрсетуде. Жарты жыл ішінде жалпы сомасы 151 млрд теңгеге 18 жоба іске қосылды, оның 122,7 млрд теңгесі – шетелдік қатысуы бар үлес. Инвестициялық штабтың жүйелі жұмысы аясында шамамен $30 млрд сомасына 65 инвестициялық жоба бойынша проблемалық мәселелер шешілді, сондай-ақ заңнамаға 57 өзгеріс әзірленді, оның ішінде бүгінде 26 бұйрық қабылданды.
Бұған қоса, ТКШ-ны жаңғырту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту жөніндегі жұмыс қарқыны қаралды.
Отырыс қорытындысы бойынша экономиканың барлық саласында жоспарланған көрсеткіштерден төмен емес деңгейде өсімді қамтамасыз ету бойынша нақты тапсырмалар берілді. Экономикадағы өсімді қамтамасыз ету жөніндегі өңірлік жедел штабтар жұмыс істейді. Оларға әкімнің әрбір көрсеткіш бойынша жауапты орынбасарлары бекітілген.