Елімізде Ozon-ның алғашқы фулфилмент орталығы ашылды

5403

Фулфилмент-орталығы биылғы сәуір айында іске қосылады деп күтілуде. Оның жалпы ауданы 38 мың шаршы метрді құрайды.

Елімізде Ozon-ның алғашқы фулфилмент орталығы ашылды Фото: Сауда және интеграция министрлігі

Елордада OZON компаниясының Қазақстан бойынша алғашқы фулфилмент орталығы құрылысының аяқталуына орай салтанатты рәсім өтті, деп жазады inbusiness.kz.

Қазақстанның коммерциялық жылжымайтын мүлік секторындағы ірі инвестициялық холдинг – Mercury Properties фулфилмент-орталығын ашудағы серіктес болып есептеледі.   

Фулфилмент орталығында сақтауда тұрған тауарлар еліміз бойынша ғана емес, сондай-ақ Ресейдегі сатып алушылардың аудиториясына да сатылатын болады.

Премьер-Министрдің орынбасары – Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің сөзінше, онлайн-бизнес үшін осындай логистикалық кешеннің құрылуы еліміздің сауда-саттық саласындағы үлкен жетістіктің бірі болып отыр.

"OZON – Ресейде сауда-саттық саласындағы жетекші компаниялардың бірі.  Бұндай фулфилмент орталығын салу экспортты дамытуда, тауарлардың сапасын арттыруда, жаңа нарықтар ашуда ықпалы бар. Сол себептен бірқатар маркетплейспен келіссөздер жүргізілуде. Мысалы, Wildberries Астанада 150 мың шаршы метр, Алматыда 100 мың шаршы метр болатын қоймалар ашуды жоспарлап отыр. Қазір шетелде кейбір тауарлар, атап айтқанда балалар ойыншықтары, спорт тауарлары тек онлайн сауда-саттық арқылы ғана қолжетімді. Біз де соған келеміз. Бүгінде еліміздегі онлайн сауда-саттықтың бүкіл бөлшек сауда көлеміндегі үлесі 6 пайызды құрайды. Бірақ 3-4 жылдан кейін бұл көрсеткіш 15 пайызға жетуі мүмкін. Осындай онлайн ритейл арқылы жұмыс істеу бизнестің жылдам дамуына септігін тигізеді. Егер, әрине, қажетті және сапалы өнімдерді шығаратын болсаңыз. Электрондық сауда экожүйесі тұтынушылардың құқықтарын қорғауды, кәсіпкерлерді оқытуды, жеткізу қызметі мен логистикалық сервистерді дамытуды, электрондық сауда платформаларымен ынтымақтастықты қамтиды", - деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Бұл фулфилмент орталық елорданың экономикасына оң ықпалын тигізеді деп күтіліп отыр. Жоспарға сәйкес ірі логистикалық хабта 2600 жұмыс орны ашылмақ. Фулфилмент орталық отандық кәсіпкерлерге онлайн бизнесті кеңейтуге, соның ішінде онлайн тапсырыстарды өңдеуге және тұтынушыларға тауарларды жеткізу уақытын азайтуға көмектеспек.

"Егер бүкіл ТМД елдерімен салыстыратын болсақ, Қазақстандағы электронды сауда өте жоғары деңгейде. Яғни, бұл тұтынушылар электрондық коммерцияға дайын екендігін аңғартады. Әлем бойынша онлайн сауда-саттық көшбасшыларын (Қытай, АҚШ, Ұлыбритания) алып қарасақ, бұл елдердегі электрондық сауда үлесі қазірдің өзінде 30 пайызды құрап отыр. Бұл алға қарай ұмтылуға негіз бар екенін көрсетеді. Біздің басты мақсатымыз – Қазақстанда бизнесті дамыту, жергілікті кәсіпкерлерге қолдау көрсету. Яғни, олардың осы алаң арқылы клиенттерге жетуіне қолайлы жағдай жасау. Бұл тек Қазақстанның ішінде ғана емес, сондай-ақ бүкіл ТМД бойынша да нарықтарға шығу дегенді білдіреді. Қазірдің өзінде біздің миллиондаған аудиториямыз бар", - деді Қазақстандағы OZON бас директоры Мөлдір Рысалиева.

Оның айтуынша, компания өзінің ауқымын ТМД елдері бойынша одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. Мөлдір Рысалиева Қазақстандағы логистикалық инфрақұрылымды дамытудағы негізгі мақсат отандық кәсіпкерлердің жұмысын жеңілдету дейді.

"Өйткені біз барлық операциялық процестерді өз мойнымызға алуға дайынбыз. Екіншіден, бұл олардың бизнесін кеңейтуге септігін тигізеді. Бүгінгі таңда бізде 15 мың қазақстандық кәсіпкер тіркелген. Биыл олардың санын кем дегенде тағы 5 есеге артады деп күтілуде. Әрине, кәсіпкерлер маркетплейстің не екенін біледі және олармен жұмыс істей алады. Екінші жағынан, трансшекаралық сауда туралы бірқатар сұрақ туындайды. Десек те, қазақстандық кәсіпкерлер тарапынан қызығушылық байқалып отыр. Олар халықаралық ауқымдағы алаңдарды бағындыруға дайын", - деп атап өтті Қазақстандағы OZON бас директоры.

Фулфилмент-орталығы биылғы сәуір айында іске қосылады деп күтілуде. 

"Қазақстанда ТМД бойынша ең дамып келе жатқан нарықты көруге болады. Мұнда ғаламтор пайдаланушылар үшін Интернетке қолжетімділіктің жақсы үлесі бар. Бұл біз үшін негізгі көрсеткіштің бірі деуге болады. Себебі  біздің тұтынушылар – Интернетті белсенді пайдаланатындар. Былтыр бізде Қазақстаннан сауда айналымы шамамен 11 млрд теңге болатын кәсіпкерлер тіркелген. Бұл көрсеткішті екі есеге арттыру көзделіп отыр", - деді OZON ТМД операциялық директоры Алексей Сапон. 

Ақпаратқа сәйкес, фулфилмент орталығында тәулігіне кемінде 260 мың тапсырысты өңдеуге, 9 миллионға дейін түрлі тауарларды сақтауға болады. Бұдан бөлек тауарды дайындау мен жеткізу уақыты Қазақстан аумағы бойынша 2 есеге, ал Ресейге жеткізу мерзімі 1,5 есеге азаяды деп күтілуде. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу