Елімізде Сенат депутаттығына кандидат ұсыну басталды

1785

Сенат еліміздің әрбір облысынан, республикалық маңызы бар қаласынан және астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Ал, 14 қаңтарда өтетін сайлауда республиканың 20 өңірінен Жоғарғы палатаға бір-бір депутаттан сайланатын болады. 

Елімізде Сенат депутаттығына кандидат ұсыну басталды Фото: parlam.kz

ОСК қабылдаған Сенат депутаттары сайлауын әзірлеу мен өткізудің Күнтізбелік жоспарына сәйкес 29 қарашадан бастап, Сенатқа кандидаттарды ұсыну басталады, деп жазады inbusiness.kz.

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіровтың дерегінше 2017 жылы сайланған Сенат депутаттарының өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты, Мемлекет басшысының 26 қарашадағы Жарлығымен Сенат депутаттарының кезекті сайлауы 14 қаңтарға тағайындалды. Депутаттарды сайлау Сенат депутаттары өкілеттік мерзімі аяқталғанға дейін кемінде 4 ай бұрын тағайындалады және өкілеттіктері аяқталғанға дейін кемінде 2 ай бұрын өткізіледі.

Елімізде Сенат депутаттары жанама сайлау негізінде сайлаушылар-мәслихат депутаттарының жасырын дауыс беруі арқылы 6 жылға сайланады. Сонымен қатар, жартысы үш жыл сайын қайта сайланады.

Сенат депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізуді Орталық сайлау комиссиясы басқарады. Аумақтық сайлау комиссиялары өңірлерде өтізуді қамтамасыз етеді.

Сенатқа кім депутат бола алады?

Жоғара палата депутаттығына кандидаттарды мәслихат ұсынады және азамат өзін-өзі ұсына алады. Кандидатқа мынадай талаптар қойылады:

  • Отыз жасқа толған;
  • жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс өтілі бар;
  • ұсынылып отырған облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не астананың аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрған азамат.

Сот іс-әрекетке қабілетсіз деп таныған азамат сайлана алмайды.

Сонымен қатар, өтелмеген немесе алынбаған соттылығы бар адам және сыбайлас жемқорлық қылмысқа қатысы бар деп сот мойындаған адам кандидат бола алмайды.

Сенат депутаттығына кандидаттарды тіркеуді облыстық, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың сайлау комиссиялары жүзеге асырады.

  • Ол үшін облыстық, қалалық немесе аудандық мәслихаттың депутаттыққа кандидат ұсыну туралы шешімі (мәслихат ұсынған жағдайда);
  • депутаттыққа кандидат болып сайлануға келісім беру туралы өтініші; кандидатты қолдау үшін таңдаушылардың қолдарын тексеру нәтижелері туралы тиісті сайлау комиссиясының хаттамасы болған кезде жүзеге асырады;
  • кандидаттың өмірбаяндық деректері;
  • кандидаттың және оның жұбайының (зайыбының) кірістері мен мүлкі туралы декларациялары;
  • кандидаттың 900 000 теңге сомасында сайлау жарнасын енгізгенін куәландыратын құжатты тапсырғаны туралы мемлекеттік кіріс органының анықтамасы қажет.

Сенат депутаттарын сайлау процессі қалай өтеді?

Сенат депутаттығына кандидатты облыстың барлық мәслихатын, Республикалық маңызы бар қаланың немесе республика астанасының мәслихатын білдіретін таңдаушылардың жалпы санының кемінде 10%-ы бір мәслихаттың таңдаушылардың 25%-ынан аспайтын дауысы қолдауға тиіс.

Таңдаушылардың 50%-дан астамы дауыс беруге қатысса, сайлау өткiзiлген болып есептеледі.

Дауыс беруге қатысқан таңдаушылардың  50%-дан астамының дауысын алған кандидат сайланған болып есептеледі.

Сенат депутатын сайлау жөніндегі дауыстарды санау хаттамасы сайлаушылардың бірлескен отырысында жарияланады және 2 күн ішінде  Ортсайлаукомға жіберіледі.

Жалпы республика бойынша Сенат депутаттарын сайлау қорытындыларын Ортсайлауком 2023 жылғы 20 қаңтардан кешіктірмей белгілейді және сайлау қорытындылары туралы (сайлау өткізілген күннен бастап он күннен кешіктірмей) бұқаралық ақпарат құралдарында хабарлама жариялайды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу