Елімізде шетелдік банктің лицензия алуы жеңілдеуі мүмкін

429

Шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделіп отыр.  

Елімізде шетелдік банктің лицензия алуы жеңілдеуі мүмкін Фото: freepik

Мәжілістің қарауына "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қаржы нарығын дамыту және қаржылық көрсетілетін қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы ұсынылды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымованың сөзінше, құжатта бірнеше бағыттар көзделеді.

"Түзетулердің бірінші бөлігі Қазақстанда шетелдік банктерді ашу жөніндегі талаптарды ырықтандыруға, сондай-ақ қаржы ұйымдарының басшы қызметкерлері үшін рұқсат беру рәсімдерін жеңілдетуге бағытталған. Мемлекет басшысы өткен жылғы Қазақстан халқына Жолдауында елімізге үш сенімді шетелдік банкті тарту және банк секторындағы бәсекелестікті арттыру туралы міндет қойды. Қолданыстағы заңнама шеңберінде шетелдік инвесторлар үшін филиалды ашуы жөніндегі талаптар 2020 жылы Қазақстанның Дүниежүзілік Сауда Ұйымына кіруі шеңберінде белгіленді. Қазіргі уақытта еншілес ұйымды немесе филиалды ашу үшін рұқсат беру процесі екі кезеңнен тұрады: біріншісі – рұқсат беру, екіншісі – лицензия алу", - деді ол.

Шетелдік инвесторларға арналған талаптарды ырықтандыру мақсатында шетелдік банкті ашуға рұқсат алу үшін құжаттар тізбесін қысқарту көзделіп отыр. 

"Құжаттар саны шетелдік бас компанияның  рейтингіне байланысты болады. Жалпы құжаттардың саны 24 құжаттан банктің рейтингіне қарай 17 құжатқа немесе 8 құжатқа дейін қысқартылады. Сонымен бірге шетелдік инвесторлардың ауқымды санын тарту үшін заң жобасында филиалдар құру кезінде шетелдік банктің активтеріне қойылатын талаптар 20 млрд доллардан 10 млрд долларға дейін төмендетіледі. Бұдан басқа шетелдік банктердің филиалдары үшін рұқсат етілген қызмет түрлері кеңейтіледі. Филиалдардың қызмет түрлері шетел валютасымен айырбастау операцияларын, кастодиандық қызметті, трансфер-агент қызметін жүзеге асыру, синдикатталған қаржыландыруға қатысу, төлем карточкаларын шығару сияқты операциялармен толықтырылады", - деп толықтырды Мәдина Әбілқасымова.

Агенттік төрайымы екінші кезеңде шетелдік банктің банктік лицензия алуға арналған құжаттар тізбесі 50 құжаттан 7 құжатқа дейін қысқартылатынын айтты. 

"Көбінесе бұл құжаттар ішкі нормативтік құжаттарға жатады және оларды бекіту жөніндегі талаптар лицензия алғаннан кейінгі кезеңге ауыстырылатын болады. Басшы қызметкерлер үшін рұқсат беру рәсімдерін жетілдіру шеңберінде банктің директорлар кеңесінің мүшелері үшін басшылық өтілдің болуы жөніндегі талап алып тасталады, сондай-ақ басшы лауазымдарға кандидаттар үшін микроқаржы ұйымдарындағы жұмыс тәжірибесін ескеру ұсынылады", - деді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова.

Айта кету керек, Мемлекет басшысы 2023 жылы Қазақстан халқына Жолдауында елімізге шетелдік үш сенімді банкті тарту қажет екенін айтқан болатын.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу