Елімізде үкіметтің қаржысына қол жайып қалған сала бары анықталды

149

Заман дамыған сайын халықтардың өркендеуінің өлшемі ретінде өнеркәсіптің үлесі мол екенін әлдеқашан ұғындық.   

Елімізде үкіметтің қаржысына қол жайып қалған сала бары анықталды Фото: energyprom.kz

Сонау 2000-жылдардың басынан бері ел үкіметі бұл салаға ден қойып, "Қазақстанда жасалған" деген өнімдерді көбейтуге күш салып келеді. Дегенмен ірі кәсіпорындарды былай қойғанда, еліміздегі жеңіл өнеркәсіптің өзі де ілгері баса алмай отыр, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Жасырары жоқ, жеңіл өнеркәсіп сыртқы нарықтар түгілі, ішкі нарықты да толық қамти алмайтын хәлде. Қызығушылық бар, алайда кедергі көп. Енді сөзімізді сандармен салмақтай түсейік, Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің мәліметінше, биыл алғашқы 4 айда жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2,2 есеге артқан. Ал 2025 жылдың қорытындысында саладағы өнім шығару көлемі шамамен 260 млрд теңгеге жетіп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 22,6 пайызға өсіпті. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, 2021 жылы – 153,6 млрд теңге, 2022 жылы – 193,2 млрд теңге, ал 2023 жылы 237,4 млрд теңгені құраған.

Саланың құрылымында тоқыма өндірісі басымдыққа ие. Маталар, дастархандар, төсек-орын жабдықтары, сүлгілер және басқа да тоқыма өнімдерінің өндірісі 42 пайызға өсіп, 159 млрд теңгеге жеткен. Киім өндірісінің көлемі 83,6 млрд теңгені, ал былғары өнімдері өндірісі бар болғаны 16,9 млрд теңгеге жеткен.

Иә, жыл сайын өсім бар деуіңіз мүмкін, бірақ мәселе жеңіл өнеркәсіптің ел экономикасындағы үлесінде. Жалпы ішкі өнімдегі үлесі небәрі 0,1 пайызды құрайды. Өнеркәсіп саласындағы үлесі – 0,4 пайыз, ал өңдеу өнеркәсібіндегі үлесі – 0,8 пайыз. Осыған қарап-ақ ел нарығы әлі де импорттық өнімдерге тәуелді екенін байқайсыз. Бірақ бұл түйткілді қабылдай салуға болмайды, өйткені тап осы сала әлеумет үшін маңызды.

Қазір салада 1450 кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 26 мыңнан астам қазақстандық еңбек етеді, олардың 60 пайыздан астамы – әйелдер. Сонымен қатар жұмысшылардың басым бөлігі ауылдық жерлерде тұрады.

Ең қиыны, саланың мемлекеттік тапсырысқа қол жайып отырғаны. Өз өнімдерін өткізіп, әл-ауқатын жақсарта алып жатқан жоқ. Жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығының президенті Салтанат Әбдікәрімованың айтуынша, статистикалардың артында күрделі мәселелер тұр.

"Бүгінде саладағы кәсіпорындардың 95 пайызы мемлекеттік тапсырысқа тәуелді. Өйткені ел ішінде тұрақты өткізу нарығы қалыптаспаған. Дүкендердің көбі тауарды "сатылғаннан кейін есеп айырысу" қағидатымен қабылдайды: өндіруші өнімін өткізгенімен, ақшасын қашан алатынын немесе мүлде ала ма, жоқ па – білмейді. Сондықтан мемлекеттік сатып алу конкурстарына қатысу кәсіпорындар үшін табыс табудың ең сенімді жолына айналып отыр", – дейді маман.

Жоғарыда ішкі нарық әлі де импортқа тәуелді екенін айттық. Бір қызығы, Қазақстанда өндірілетін өнім көлемі шамамен 100-130 млрд теңгені құрайды екен. Ал нарықтың қалған бөлігі импорттық немесе қайта сатылатын өнімдердің үлесінде.

Оның үстіне қазақстандық кәсіпорындар бір мезгілде бірнеше күрделі қысым факторларына тап болып отыр. Олардың қатарында несие мөлшерлемелерінің жоғары болуы, ірі сауда орталықтарындағы жалдау ақысының қымбаттығы, білікті кадрлардың тапшылығы мен өндіріс шығындары төмен елдерден келетін импорттық өнімдермен бәсекелестік проблемалары бар.

Дегенмен отандық өндіріс өзге елдермен салыстырғанда сапа тұрғысынан жоғары екенін айтушылар көп. Бірақ сапалы өнімнің құны қашан да жоғары болады, сол себепті Қырғызстан, Қытай, Пәкістан мен Бангладештен келетін арзан өнімдермен бәсекелесе алмайды.

Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігіне қарасты Өнеркәсіп комитеті болса, керісінше жеңіл өнеркәсіпте өсім барын, ол жаңа инвестициялық жобалардың іске қосылуының және ел ішінде өндірістік тізбектердің біртіндеп қалыптасуының арқасында болғанын мәлімдеген. Бұған жоғарыда айтқанымыздай, биыл алғашқы 4 айдағы 225 пайыздық өсімді дәлел ретінде келтірген.

Сондай-ақ комитет кейбір ірі жобалар жөнінде де баяндаған. Мемлекет ерекше мән беріп отырғандарының бірі – Түркістан облысында мақта-тоқыма кластерін құру. Жоба мақта өсіруден бастап, дайын өнім шығаруға дейінгі толық өндірістік циклді қамтиды. Оған халықаралық брендтермен жұмыс істейтін қытайлық инвесторлар тартылған.

Әйтсе де саладағы жұмыстарды толыққанды жоққа шығарғымыз келмейді. Өндірісті арттырып, инвестиция тартылып жатқаны рас. Яғни, жеңіл өнеркәсіпті дамытуға толыққанды мүмкіндік бар. Тек үкімет біз атап өткендей кедергілерді жойып, кәсіпкерлерге жеткілікті деңгейде қолдау көрсетіп, басқа да нарықтарға шығуына қолайлы жағдай жасап берсе болғаны.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу