Наурыз айыннан бастап еліміздің аймақтарында және көршілес Ресейде қолма-қол сататын билет кассалары ашылды.
"Астана ЭКСПО-2017" ҰК коммерциялық департаментінің директоры Дәулет Еркімбаевтың айтуынша, көрмеге қатысқысы келетіндер үшін Қазақстанның барлық өңірінде кассалар жұмыс істейді.
"Біз Ресей Федерациясының бірқатар өңірінде "ЭКСПО-2017" көрмесінің ресми кассаларын аштық. Атап айтқанда, Мәскеудегі касса Лубянкада, Орталық балалар дүкенінде орналасқан. Петербор қаласындағы касса Гороховый көшесінде орналасқан "Кассир Ру" ғимаратында жұмысын бастады. Сонымен қатар Қазан, Төменгі Новгород, Екатеринбург, Новосібір және Сочи қалаларындағы ірі сауда орталықтарында да кассалар ашылды. Жалпы Ресейде көрме билеттерін сату мақсатында 38 орын белгіленді", – дейді "Астана ЭКСПО-2017" ҰК коммерциялық департаментінің директоры Дәулет Еркімбаев.
Дәл бүгін "ЭКСПО-2017" көрмесінің ашылуына небәрі 74 күн қалды. Қазіргі таңда ұйымдастыру жұмыстары аяқталып, 115 мемлекет пен 18 халықаралық ұйымның қатысатыны мақұлданды. 100-ден астам елмен келісімшарт жасалып, 82 елдің ұлттық күні белгіленді.
Кіру құны – 4000 теңге
Жалпы, көрме билеттерін сату өткен жылдың желтоқсан айында еліміздің бірқатар сауда орындарында ресми түрде ашылған болатын. "Керуен", "Ханшатыр", "MEGA Park", "MEGA центр Алматы" ойын-сауық орталықтарында және "Қазпоштаның" 981 бөлімшесінде сатылады.
"Билет туралы айтатын болсақ, жұмыс күндеріне қойылған билеттердің бағасы 4000 теңге болса, демалыс күндеріне арналған баға 6000 теңгені құрап отыр. Билет сатып алған адам бағдарлама бойынша көрмені тамашалай алады", – дейді "Астана ЭКСПО-2017" ҰК коммерциялық департаментінің бас менеджері Айдын Әміреев.
Айта кету керек, күні белгіленген және белгіленбеген билеттің айырмашылығы бар. Күні белгіленген билет тек сол күні ғана көрмеге келуге жарамды. Күні белгілінбеген билет бойынша көрмеге келер алдында уақытын өзіңіз таңдайсыз.
Жалпы, көрмеге билеттерді сату кезең-кезеңмен жүзеге асуда. Мәселен, өткен жылғы маусымның 10-ы мен шілденің 10-ы аралығында промо-кезең өткізілді. Бұл кезде билеттер барынша төмен бағамен сатылды. Ал 10-20 маусым күндері аралығында сатылған билеттерге 50%, 21-30 маусымда 30%, 1-10 шілдеде 20% жеңілдік жасалды. Ұйымдастырушылардың айтуынша, соғыс ардагерлері, мүмкіндігі шектеулі жандар, жетім балалар мен 6 жасқа толмаған балаларға кіру – тегін. Ал зейнеткерлер, көп балалы аналар, студенттер мен оқушыларға жеңілдіктер жасалады.
Электронды билет туралы білген жөн
Егер көрме билеттерін қолма-қол алуға мүмкіндігіңіз болмай жатса, онлаин тапсырыс беруге болады. Электронды билет сатып алу үшін алдымен tickets.expo2017astana.com сайтына тіркеліп, билетке тапсырыс жасайсыз. Өзіңізге қажет билет түрі мен санын таңдағаннан кейін, электронды әдіс арқылы банк картасымен төлейсіз.
Ескерте кетер жайт, электронды билет ауыстырылмайды. Есесіне қайтаруға болады. Бір тапсырыс кезінде 50 билет қана сатып алуға болады. Ал көрмеге кіру кезінде азаматтардың жеке басын куәландыратын құжаттың болуы міндетті.
Сондай-ақ ЭКСПО-ны өткізу шеңберінде түрлі мәдени және қызықты іс-шараларды қамтитын бағдарламалар үшін арнайы күндер қарастырылған.
10 маусым – ашылу күні, 6 шілде – Астана күні, 30 тамыз – Конституция күні және 10 қыркүйек – жабылу күні. Бұл күнге арналған билеттің бағасы күні белгіленген және ашық даталы билет бағасына қарағанда қымбаттау болады.
Туроператорлар үшін тиімді ұсыныс
Ұйымдастыру жұмыстары аясында туропероторлар үшін де тиімді ұсыныс қолға алынғаны белгілі. Яғни, еліміздің және әлемнің туроператорлары мен турагенттіктері үшін билеттерді ресми алдын ала сату кезеңі басталғалы қашан?! Арнайы әзірленген коммерциялық ұсыныс әртүрлі билеттік пакеттерден тұрады. Сатып алынған билеттер санымен ғана емес, ұсынылатын жеңілдік көлемімен де ерекшеленеді. Минималды пакет 2000 билеттен тұрса, максималды пакет бойынша шектеулер жоқ.
Ал ресми реселлерлер болған көрме әріптестері де арнайы көрме билеттері арқылы өз өнімдерін насихаттауға мүмкіндік алып отыр. Көрменің билеттік операторынан сатып алушы компания билетпен бірге қызмет көрсетіп, тауарын ұсына алады. Мәселен, әуежай билетін сатып алғанда қосымша ЭКСПО билетін ұсынуы мүмкін. Сол сияқты теміржол билетін алғанда да, көрме билетін алуға мүмкіндік болмақ.
Жалпы, билет сатуға "ЭКСПО-2017" серіктестері – "Қазпошта", "Қазақстан темiр жолы", "Air Astana" секілді ірі компаниялар тартылуда. Билеттерді алдын ала сату 2017 жылдың 9 маусымына дейін жалғасады.
Гүлназ Шарханқызы