Елімізде жылына орта есеппен 500-ден аса балада онкология анықталады – депутат

1170

Мәжілісмен Таңсәуле Серіков Үкімет басшысы Әлихан Смайыловқа онкологиялық және онкогематологиялық аурулармен ауыратын балалар туралы депутаттық сауал жолдады, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. 

Елімізде жылына орта есеппен 500-ден аса балада онкология анықталады – депутат Фото: yandex.kz

Депутата елордада заманауи балалар онкология орталығын ашуды ұсынды. 

Оның сөзінше, бүгінгі таңда елімізде осы аурумен ауыратын балаларға көмек көрсететін 39 маман бар. Бұдан басқа мемлекеттік, республикалық деңгейде Алматы және Астанада орналасқан екі орталық жұмыс істейді.

"Бұл орталықтарда диагностика және диагнозды тексеру жүргізіледі, емдеудің барлық қажетті технологиялары қолданылады (химиотерапия, хирургиялық емдеу, гемопоэтикалық дің жасушаларын трансплантациялау, сәулелік терапия). Астанадағы Ана мен бала орталығында бар-жоғы 150 орын ғана, емделушіге орын жетіспеушілігі қатты сезіліп жатыр. Сол себепті Астанада заманауи балалар онкология орталығын ашу керек", – деді ол.

Депутат келтірген мәліметке сәйкес, Қазақстанда жылына орта есеппен 500-600 балада онкология анықталады. 

"Бүгінгі таңда күніне 15-20 бала түседі. Бұл дегеніңіз балалар мен ата-аналар үшін үлкен соққы, кесілген үкім сияқты. Баласы үшін әр ата-ана неге болсын барады. Бірақ бәрінің шамасы келмейді. Ауылдарда, аудандарда тұратын адамдар баланың емін тұрақты түрде жасау үшін қалаға келеді. Қалаға келген оларға тұратын жер, азық-түлігі, тағы да басқа керек жарақтар, емі үшін көптеген қаржы керек. Тіпті кезектерін айлап күтеді. Себебі маман аз, орын жоқ. Кезегі келгенше ол бала бар бола ма, жоқ бола ма өздеріңіз түсінген боларсыздар. Балалардағы онкологиялық және гемотологиялық ауруларын емдейтін орталықтар көпсалалы клиника болып салынғандықтан ондағы жоспарлау, желдету жүйесі, материалдардың сапасы стандарттарға сай емес", – деп атап өтті спикер. 

Таңсәуле Серіков бұдан бөлек орталықтарда КТ, МРТ, рентгендік аппараттар жетіспейтінін, ал бар аппараттардың сапасы сын көтермейтінін алға тартты.  

Осыған байланысты халық қалаулысы Үкіметтен бірқатар шараларды қабылдауды сұрап отыр.

"Самұрық-қазына" акионерлік қоғамы немесе "Қазақстан халқы" әлеуметтік қоғамдық қорымен бірлесе отыра, алдыңғы қатарлы құрылғылары бар заманауи орталық құрылысын бастау, онкология ауруы анықталған балаларға мүгедектігін бірден жедел беру механизмін қарастырып, тұрақты негізде балаларда онкологиялық аурулардың пайда болу себептерін анықтау жүйесін құру керек. Осы шаралар қабылданса, балалар мүгедектігі мен өлімі төмендеп, олардың өмір сүру жағдайы жақсарады",– деп қорытындылады депутат.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу