Еліміздегі ислам банктерінің активі бір жылда 33%-ға өсті

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3405

Бұған дейін мұндай өсім болған емес.

Еліміздегі ислам банктерінің активі бір жылда 33%-ға өсті

Дегенмен ислам банктерінің отандық банк секторындағы қаржылық үлесі көңіл көншітпейді. Бұл үлес небәрі 0,2%-ды құрайды.

Бүгінгі таңда Қазақстанда 2 ислам банкі – Al Hilal мен Заман-Банк жұмыс істейді. Қаржы ұйымдарына қатысты сәуір айындағы соңғы дерек бойынша екі банктің қарыз портфелі 13,3%-ға ұлғайып, 24,5 млрд теңгеге жеткен. Оның ішінде Заман-Банктің қарыз портфелі 13 млрд теңгеден 13,1 млрд теңгеге, ал Al Hilal банктің қаржысы 8,6 млрд теңгеден 11,4 млрд теңгеге көбейген. 

Белгілі болғандай, ислам банктерінің Қазақстандағы активінің қазіргі сомасы 51,7 млрд теңгені құрайды. Өткен жылы бұл көрсеткіш 39 млрд теңге болған.

Маусым айының алғашқы күнінде Ислам даму банкі Қазақстанмен қарым-қатынасын нығайтуға ниет білдірді. Банк басшысы Бандар Хаджар Қазақстандағы ислам қаржысының механизмдерін жетілдіргісі келетінін мәлімдеді.

Айта кетейік, үкімет ел аумағында ислам қаржысын айналдыруға мүдделі. Себебі әлем бойынша ислам қаржысының көлемі 2,1 трлн АҚШ долларын құрайды. Қазақстан осы ақшадан үлес алып, қажетіне жаратуды көздейді.

Жасыратыны жоқ, еліміздегі ислам банкі активінің үлесі мардымсыз. Алайда оның болашағы зор.

Сәуір айының соңында Қазақстандағы ислам банктеріндегі салым сомасы

11,6 млрд теңгеге жетті. Былтыр бұл көрсеткіш 5,8 млрд теңгені құраған еді. Al Hilal банктегі салым сомасы 1,5 есеге ұлғайып, 8,6 млрд теңгеден асты. Ал Заман-Банктегі жинақ 8,6 есе көбейіп, 3 млрд теңгеге жетті.

Біле жүріңіз, ислам банктері негізінен заңды тұлғаларға несие береді.

Исламдық қаржыландырудың дәстүрлі қаржыландырудан бірнеше айырмашылығы бар. Біріншіден, қарыз пайызына тыйым салынған. Екіншіден, банк ақшаны пайызсыз беретін болғандықтан, несие беруші емес, инвестор саналады. Сәйкесінше, капитал иесі мен кәсіпкер жобаны іске асыру барысындағы тәуекелді тең бөліседі. Үшіншіден, алып-сатарлыққа шектеу қойылған. Төртіншіден, ойын-сауық бизнесі, шошқа етін, алкоголь өнімдерін шығару сияқты бизнеске қолдау көрсетілмейді.

Қазақстанда Al Hilal, Заман-Банк сынды ислам қаржы институттарынан бөлек 2 исламдық лизингтік компания бар. Оның бірі Kazakhstan Ijara Company, екіншісі Al Saqr Finance ұйымы.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу