Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады

130

Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. 

 Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы отандық IT-бизнестің көкжиегін кеңейтуді негізгі міндеттердің бірі ретінде қарастыруға шақырды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

– Бұл бағытта қазірдің өзінде көп жұмыс істелді. Astana Hub-тың негізінде кәсіпкерлерге барынша қолайлы жағдай жасалды. Еліміздегі IT қызметтердің экспортынан түскен табыс 1 миллиард долларға жуықтады. Зияткерлік өнім өндіретін, оны шетелге сататын жобаларға мемлекеттік қолдау көрсетілуі қажет, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын өндіріс саласына енгізуді ынталандыру қажеттігін атап өтті. Сондай-ақ цифрлық төлем инфрақұрылымына қатысты мәселені шешуді тапсырды. 

Президенттің айтуынша, жасанды интеллектіні экономиканың нақты секторында кеңінен қолдану технологиялық дербестік пен экономикалық өсімнің маңызды факторы саналады. 

Үкіметтің алдында өнеркәсіпке озық технологиялар енгізу үшін ынталандыру тетіктерін қарастыру міндеті тұр.

– Азаматтарға арналған банк қызметтеріне айрықша тоқталғым келеді. Менің тапсырмаммен Ұлттық банк цифрлық қаржы инфрақұрылымын жасады. Оның аясында банкаралық QR-төлемдер және аударымдар, цифрлық теңгемен есеп айырысу қызметтері пайда болды. Бұл төлем тізбегіндегі делдалдар санын қысқарту арқылы шығынды айтарлықтай азайтуға мүмкіндік береді. Банктер заң жүзінде аталған инфрақұрылымға қосылуға міндеттелді. Алайда ірі банктер бұл талапты созбалаңға салып, орындамай отыр, – деді Мемлекет басшысы. 

Сондай-ақ, Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық есептеуші инфрақұрылымды дамытудың маңызына назар аударды

Сонымен қатар екі суперкомпьютердің іске қосылуы еліміздің технологиялық дербестігін нығайту тұрғысынан зор стратегиялық мәнге ие екенін айтты. 

Президенттің пікірінше, деректерді басқаруға қатысты жауапкершілікті бөлу қажет. Деректердің сапасына ведомстволардың бірінші басшылары жауап беруге тиіс. Деректерді басқарудың мемлекеттік деңгейдегі толық жүйесін қалыптастыру оны экономикалық актив ретінде қарастырудың маңызды қадамы болмақ.

Сонымен қатар баяндамада криптоиндустрияны дамыту мәселесі көтерілді. Бұл саланы реттейтін заңнамалық өзгерістер биыл мамыр айында күшіне енеді. 

Президент қаржы саласын реттеуші органдарға Үкіметпен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп, цифрлық активтер саласын дамыту жоспарын әзірлеуді тапсырды. Онда қаржы тұрақтылығына зиян келтірмеу, алаяқтыққа және капиталды заңсыз шығаруға қарсы тиімді күрес шаралары ескерілуге тиіс. 

Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы құпиялылықты сақтаудың, дербес дерекке заңсыз қол жеткізудің кез келген түріне тосқауыл қоюдың маңызына назар аударды. Президенттің пікірінше, жеке мәліметтің тарап кету жағдайлары мемлекетке деген сенімді азайтады. 

Қасым-Жомарт Тоқаев азаматтарымыз жаңа Ата заң жобасын қолдаса, дербес деректерді қорғау конституциялық міндет ретінде бекітілетінін жеткізді.

Жиын барысында Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова, Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Қаржы министрі Мәди Такиев, Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев, Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев баяндама жасады. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу