Еліміздегі кен орындарының қорлары сарқыла бастады

Сарапшылардың болжамынша Қызылорда облысында биыл мұнай өндіру көлемі 1 млн тоннаға қысқарады.

Еліміздегі кен орындарының қорлары сарқыла бастады

Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова Орталық коммуникациялар алаңында өткен брифингте осылай деп мәлімдеді. Баяндамасын пандемияның өңір экономикасына жағымсыз әсірінен бастап, мамандар болжамын ортаға салды. 

"Биыл инвестиция көлемі 69,5%-ды құрады. Көрсеткіштердің төмендеуінің объективті себептері бар. Өткен жылы бірнеше ірі инвестициялық жоба аяқталды. Олардың үлесіне жылдық инвестициялардың шамамен 30%-ы тиесілі болды. Пандемияға байланысты енгізілген шектеулер экономикаға келетін инвестициялар көлемін қысқартты. Бұл құрылыс жұмыстарының көлеміне де әсер етті", – деді облыс басшысы. 

Қызылорда облысындағы жағымсыз жаңалықтар қатары аймаққа тартылған инвестицияның төмендеуімен аяқталған жоқ. Өңір басшысы кен орындарының қорлары да сарқыла бастағанын жеткізді. 

"Жұмыс істеп тұрған кен орындарының сарқылуына байланысты мұнай өндіру көлемінің азаю үрдісі сақталып отыр. Бұл өнеркәсіптегі өнім өндірісінің көрсеткішіне әсер етуде. 9 айда шикізат өндірісі 750 мың тоннаға қысқарды. Жер қойнауын пайдаланушылар болжамына сәйкес, жыл қорытындысы бойынша 1 млн тоннадан астам мұнай өндіре алмаймыз", – деді ол. 

Өңірде 2015 жылы 9 млн тонна, 2016 жылы 7,7 млн тонна, 2017 жылы 6,8 млн тонна, 2018 жылы 6,4 млн тонна, 2019 жылы 5,6 млн тонна "қара алтын" өндірілген. Ал биылғы жылдың тоғыз айында бұл көрсеткіш бар болғаны 3,5 млн тоннаны құрады. Сарапшылардың болжамынша жыл соңына дейін 4,2 млн тонна мұнай өндіріледі. 

Осыған байланысты Шу-Сарысу шөгінді бассейнін зерттеу бойынша жұмыстар басталған. 

Құралай Құдайберген


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу