Еліміздегі сауда орталықтары отқа орануға сұранып тұр

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
2046

Ал Кемероводағы "Зимняя вишня" сүріліп жатыр.

Еліміздегі сауда орталықтары отқа орануға сұранып тұр

ҚР ішкі істер министрлігі адамдар жаппай жиналатын елордадағы түрлі нысандардың өрт қауіпсіздігін тексеріп, көңіл көншітпейтін мәліметтерді жариялады.

Министрдің орынбасары Юрий Ильиннің айтуынша, бас шаһардағы 1260 нысанның 23-інде ғана өрт қауіпсіздігі ережесі тиісінше сақталған.

"2018 жылғы 2 сәуірден бастап адам көп баратын сауда ойын-сауық орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі мемлекеттік бақылауға алынды. Рейд барысында 15 153 құқық бұзу фактісі тіркелді. Сарапшылар 1260 нысанның 1201-ін инспекциялады. Қорытындысында 23 нысан ғана өрт қауіпсіздігін тиісінше сақтап отырғаны анықталды", – деді Юрий Ильин.

Тексерілген нысандардың барлығында оқыс оқиға орын алған жағдайда далаға шығып кетуге мүмкіндік беретін қосалқы есіктер жабық болған. Барлық нысандарда өрт дабылы қосылған кезде есіктер ашылмаған және қосалқы есіктерге бастайтын арнайы жол белгілері болмаған.

"Өрт қауіпсіздігін сақтамаған меншік иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 18 млн теңгеден астам айыппұл төлеуге міндеттелді", – деді министрдің орынбасары.

Оның сөзінше, 15 нысан күрделі жөндеу жүргізіп жатқанына байланысты тексерілмеген.

"Жөндеу жұмысы аяқталған соң 15 нысан қайтадан назарға алынады. Таяуда 50 нысан екінші рет тексерілді. Нәтижесінде 36 нысанның осыған дейінгі сын-ескертулерден қорытынды шығарып, кемшіліктерді жойғаны белгілі болды. Ал 14 нысанның ешқандай шара қолданбағаны анықталды. Ескертуді елемеген нысандардың 13-і Алматыда, біреуі Астанада орналасқан. Осы нысандардың иелері алдағы уақытта қойылған талапты орындамайтын болса, сот шешімі бойынша айыппұл төлейді және қызмет етуіне 3 айға тыйым салынады", – деді Юрий Ильин.

Министрдің орынбасары бас қаладағы Keruen City сауда ойын-сауық орталығына сот шешімімен әкімшілік айыппұл салынғанын айтты.

"Екінші рет тексеріспен барғанда аталмыш сауда ойын-сауық орталығы өрт қауіпсіздігіне қатысты барлық талапқа сай болып шықты", – деді ол.

Юрий Ильиннің мәлімдеуінше, бүгінге дейін еліміздегі 11 мың білім беру нысанының 7 мыңнан астамы тексеріліп, 33 мың кемшілік анықталған.

"Тексеріс кезінде белгілі болған кемшіліктер мамыр-шілде аралығында дұрысталуы керек. Осы уақыт аралығында нысандардағы қосалқы есіктер ашылуы, эвакуация жолы мен баспалдақ марштарының астындағы дүңгіршектер алынуы, эвакуация жолын көрсететін арнайы белгілер орнатылуы, автоматтандырылған өрт дабылы мен құлақтандыру жүйесі қалыпқа келтірілуі тиіс. Бұған қоса күзет құрылымы мен нысанға келушілерге міндетті түрде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша өрт жағдайындағы іс-қимылға қатысты машықтану шарасын ұйымдастыру қажет", – деді министрдің орынбасары.

Юрий Ильин адамдар жаппай жиналатын нысандардың өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында ІІМ жол картасын әзірлегенін баяндады.

"Қазір аталмыш құжат мақұлданып жатыр. Онда өрт қауіпсіздігіне қатысты мемлекеттік бақылауды қатаңдату, өрт қауіпсіздігіне қоғамдық бақылауды күшейтіп, тұтынушылардың құқықтарын қорғау лигасын құру сынды бастамалар көтерілген", – деді вице-министр.

Айта кетейік, біздің ел Кемероводағы қайғылы оқиғадан соң сауда ойын-сауық орталықтары мен білім беру мекемелеріндегі өрт қауіпсіздігін қатаң қадағалауға кірісті. Естеріңізде болса, 25 наурызда Кемероводағы "Зимняя вишня" сауда ойын-сауық орталығында тілсіз жау 60 адамның өмірін жалмады. Қайтқан адамдардың 41-і жас бала болды.

Қазір 23 мың шаршы метрді алып жатқан 4 қабатты сауда ойын-сауық орталығы сүріліп жатыр. 1 қыркүйекке дейін бұл жерде қайтыс болған адамдарды еске алуға арналған сквер пайда болады.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу