Күз келіп, жылыту маусымына дайындық басталған тұста Алматыда құбыр жарылып, жолды су басты деген жаңалықтар жиілейді. Оны себебі де түсінікті – мегаполистің жылу желілерінің жартысынан астамы тозған.
Энерготиімділік және инфрақұрылымдық даму басқармасының мәліметінше, жыл басында құбырлардың тозу деңгейі 62,4%-ды құраған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,3%-ға жоғары, деп хабарлайды inbusiness.kz.
2019 жылы су құбырларын сынақтан өткізген кезде желілердің 221 жеріне зақым келгені анықталса, былтыр тек қыркүйек айына дейін 353 дерек тіркелген.
Бұған қоса жыл сайын қалада жаңа нысандар салынуда. Салдарынан желілердің саны да артаныны анық. Мәселен биыл жылу құбырлары 1,3 мың шақырымға немесе 3,44%-ға дейін ұзарған.
"Олардың тозу деңгейін төмендету үшін жыл сайын 40 шақырымнан астам жылу желілерін қайта жаңғырту керек. Оған жылына 26 млрд теңгеден аса инвестиция қажет", – деп хабарлады басқармада.
Алайда шаһарда жөндеу жұмыстары тиісті деңгейде жүргізілмейді. Мәселен, 2017 жылы 15,6 млрд теңгеге 24,6 шақырым желі жаңартылса, былтыр көрсеткіш айтарлықтай төмен болған, биыл 3,77 млрд теңгеге мегаполистің төрт ауданындағы 9 шақырымға жуық желі жаңартылады деп жоспарланған.
"Егер инвестициялар 2021 деңгейінде қалса, жылу желілерінің тозуы жыл сайын 0,2%-ға төмендейді", – деп хабарлады ведомство.
Жалпы шаһардағы жылу желілерінің ұзындығы 1,288 мың шақырымды құрайды, оның 289,3 шақырымы магистральдық желі, 994,9 шақырымы тарату желілері.
"Жылу желісінің 4 шақырымнан астамы иесіз қалған. Ал орташа тозуы 62%-ды құрайды. Ыстық су тұрғындардың үйлеріне 71 сорғы стансасы арқылы беріледі",– деген еді қала әкімі Бақытжан Сағынтаев инженерлік инфрақұрылымды дамыту бойынша онлайн-презентациясы барысында.
Аталған жағдай Алматы ғана емес, республиканың көптеген өңіріне ортақ мәселе.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің мәліметінше былтыр елімізде жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілерінің тозуы 55%-ды құрады. Оның ішінде жылумен қамту - 59%, сумен жабдықтау - 50%, су бұру - 56%-ға ескірген. Бұл туралы жауапты ведомство басшысы да халыққа есеп беру кездесуінде айтқан.
"2015-2021 жылдар кезеңінде 272,7 млрд теңге сомасына 427 жоба қаржыландырылды. Нәтижесінде 3 587 шақырым жылу, сумен жабдықтау және су бұру желілері, 29 қазандық, 100 бірлік басқа да объектілер салынды және реконструкцияланды. Жылумен, сумен жабдықтау және су бұру желілерінің тозуы 2015 жылғы 67%-дан 2020 жылы 55%-ға дейін төмендеді", – деген Бейбіт Атамқұлов маусымдағы есептік кездесуінде.
55% – бұл желілердің тең жартысы тозған деген сөз. Осыған байланысты елімізде күз бен қыс кезінде апаттық жағдайлар жиі орын алады. Мәселен, өткен жылыту маусымында ғана мұндай 121 жағдай тіркелген.
Биыл министрлік аталған көрсеткішті 53%-ға дейін төмендетуді жоспарлап отыр. Ведомствоның есебіне сенсек 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 47%-ға жетеді. Оған "Нұрлы жер" бағдарламасы аясында 2025 жылға дейін жылына 44,2 млрд теңгеден қаржы қарастырылған.
Мәселен, жыл соңына дейін Қарағанды, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстары, Нұр-Сұлтан мен Шымкент қалаларында жылыту жүйелеріне қатысты 6 жобаны жүзеге асыруға 9,8 млрд теңге бөлінген. Инвестициялық жобалардан басқа әкімдіктердің жыл сайынғы жоспарлы жөндеу жұмыстары тағы бар.
Осылайша жылу, сумен жабдықтау және кәріз желілерінің тозу көрсеткіштерін алдағы төрт жылда 6%-ға дейін төмендету жоспарланған.
Құралай Құдайберген
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !