Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде қаржы тапшы

3107

Ауыл шаруашылығы саласын субсидиялаудың жаңа жүйесі кәсіпкерлердің наразылығын тудырып отыр.

Еліміздің агроөнеркәсіп кешенінде қаржы тапшы

Отандық бизнес саласы 2017-2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіп кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасы тұжырымдамасын жасауға белсенді атсалысқандықтан, ондағы кей жаңашылдықты толық қолдайтыны анық. Бірақ инвестициялық салымдар кезінде фермердің жұмсаған қаржысының бір бөлігін өтеу; технологиялық құрал-жабдық несиесі мен лизингі, төрт түлік мал сатып алу және де техника лизингі ережелері жобасы ауыл шаруашылығы саласына жұмылған кәсіпкер ағайынның алаңдаушылығын тудырып отыр. Мысалы өткен жылы өтінімдері мақұлданған шаруалар, ендігі қисынсыз қадамдар салдарынан мемлекеттің қолдауынан қағылуы мүмкін.

Сондықтан "Атамекен" палатасы агроөнеркәсіп комитетінің отырысында жиынға қатысушылар кооперацияларды өркендетуге байланысты өзгерісті санамағанда, қолданыста әзірге бұл қағидалардың ескі нұсқасын қалдыруға дауыс берді.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева қазіргі уақытта 83 млрд теңгенің төңірегіндегі міндеттеме жиналып қалғанын жасырмады. Ал қазына қаражаты тек 30%-ға, яғни шаруалардың мұқтаждығын тек 25 млрд теңгеге жабуға жетеді. Биылға да осындай қаржы жоспарланыпты.

"Әкімдіктер тиісті өтінімдердің төлемін жасағанымен, бүгінде әлі 58 млрд теңге кезекте. Бұл дегеніміз, егер біз өткен жылы қаралған өтінімдерге басымдық беріп, тағы 25 млрд теңгені бағыттағанымызбен, 33 млрд берешек қалып қояды. Осы жылдағы өтінімдер тағы бар. Қымбат жобалардың субсидиясы бір рет төленгендіктен, ақша ірі өтінімдерге кетеді. Сондықтан төлемді біртіндеп жасау ұсынылады. Мәселен субсидия сомасы 500 млн теңгеден асса, бірнеше жылға бөлініп, сатылап төленеді", – деп түсіндірген Гүлмира Исаева құрылыс-монтаж жұмысына Қазақстанда орташа алғанда инвестициялық субсидияның 50 пайызы шығындалатынын, кей өңірде тіпті 70 пайыздан асатынын жеткізді.

Вице-министр негізгі бағыттың бірі ретінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін атады. Қаржы тапшылығын әкімдіктердің жергілікті бюджеттен тартқан қаражаты толтырып, субсидияны екі есеге көбейтуі ықтимал деген уәжге комитет мүшелері күдігін білдірді.

"Атамекен" палатасы Агроөнеркәсіптік кешен және тамақ өнеркәсібі департаментінің директоры Рүстем Құрманов, ережелер КҰП-қа түскен бойда қауымдастықтар мен одақтарға, өңірлік палаталарға жіберілгенін айтты. Нәтижесінде, қазіргі кезде 400-ге жуық ұсыныс жиналған.

"Шынтуайтына келгенде, мұндай жағдай бұрын ешқашан болмаған. Субсидиялаудың жаңа ережелері бизнесті дүрліктіргені даусыз. Бүгінгі іс жүзіндегі ережелер таяуда ғана, 2016 жылдың тамыз айында өзгертілгені аян. Енді, міне, ахуал тағы күрт басқа кейіпке еніп отыр. Өзгерістің жиі болуы бизнестің лайықты дамуын тоқыратты. Өндірісті ұзақ мерзімге жоспарлау қиынға соғып отыр. Себебі жоба жүзеге асып жатқанда, қағидалар түрленіп отырады. Содан субсидияның да ауылы алыстайды. Сөзімізге көп дәлелдің бірі – Шығыс Қазақстан облысындағы картоп өсіретін шаруашылық көкөніс сақтайтын нысан салуға кіріскенімен, субсидиядан айрылмақ. Сонда өткен жылы расталған біраз жоба қайта комиссия алдынан өтуі керек пе?", – деп сауал тастады Рүстем Құрманов.

Қазақстан Ет одағының президенті Мақсұт Бақтыбаев әңгіме арқауына айналған ережелердің ет саласына да теріс ықпалын тигізетінін ескертіп, шетелдік және отандық инвесторлар жайлы нұсқалған Ұлт жоспарының 61-қадамын еске салды.

"Жаңа әріптесім де ашық жайып салды, салаға инвестиция құйған 15-тей кәсіпорын не істерін білмей дағдарып отыр. Бұның әлеуметтік әсері де мол, тікелей алғанда ғана 1,5 мың жұмыс орны бар. Анығы, 2016 жылғы жобалар міндетті түрде қолдау табуы керек", – дейді ол.

Комитет төрағасы Иван Сауэр де субсидиялаудың қажеттілігін үкімет алдында қорғап, дәлелдеп шықпаса, ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің сенімінен айырылатынын қостады.

Алдаберген Кемпірбаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу