Еліміздің алтын валюта қоры 1,4 млрд долларға кеміді

3495

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова маусым айындағы валюта нарығына талдау жасады.  

Еліміздің алтын валюта қоры 1,4 млрд долларға кеміді Фото: Серікжан Қобыланбаев

Әлемдік банктердің ақша-кредит саясатын қатаңдатуы доллардың бағамын нығайтып, Қазақстан сияқты дамушы елдердің валютасын әлсіретіп отыр, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Әлия Молдабекованың айтуынша, өткен айда АҚШ-та инфляция 13 жыл ішінде ең жоғары деңгейге – 5,0%-ға дейін, ЕО-да – 2,3%-ға дейін (2018 жылғы қарашадан бастап ең жоғары), Ресейде – 6,5%-ға дейін (2016 жылғы қыркүйектен бастап ең жоғарғы) өскен. Мұндайда "Түйені жел шайқаса, ешкіні көктен ізде" деген мәтел еске түседі. Бірақ бұл Қазақстандағы жаппай қымбатшылыққа әлемдік тенденция ғана кінәлі дегенді білдірмесе керек.

Мұнай нарығындағы ахуал туралы

Маусымда Brent маркалы мұнай бағасы бір баррель үшін 75,13 долларға дейін немесе 8,4%-ға өсті.

"Алдыңғы сұхбатта айтқанымдай, Иран мұнайының әлем нарығына оралу мерзімі үлкен мәселе болып тұр. Тараптардың ортақ шешімге келе аламауы себепті, келіссөз кейінге қалдырылды. Сондықтан Иран факторы мұнай бағасына айтарлықтай әсерт еткен жоқ. Шілденің басында ОПЕК+ аясындағы мұнай өндірісін шектеу туралы келіссөздің үшінші кезеңі болмайтыны хабарланғаннан кейін жойылғаннан кейін бағаның өсуі жеделдеді. Сөйтіп Brent маркалы мұнайдың құны 2018 жылғы 30 қазаннан бастап алғаш рет бір баррелі үшін 77 доллардан асты. Алдыңғы екі кездесу БАӘ-нің мәмілені 2022 жылдың соңына дейін ұзарту талаптары ескерусіз қалды", – дейді Әлия Молдабекова.

Дегенмен, АҚШ-тың мұнайлы Араб елдерімен келіссөзді қайта жандандыруға ниет танытуы және дельта-штамның вакцинацияға бой бермей таралуы мұнайдың құнын 73-74 доллар етіп, түзеткен болатын.

Теңге неге табансыз?

Мұнай бағасы бір айда 8,4%-ға өссе де, теңге бағамы долларға шаққанда 424,95 теңге болып тұр. Яғни нығаю көрсеткіші 0,9% ғана.  Демек, мұнайдың қымбаттауы теңге бағамын бұрынғыдай дәлме-дәл нығайта алмайтын болған. Ал Ұлттық банк өкілі мұны "сыртқы" және "ішкі" факторлардың әсері деп бағалап отыр.

Қаңтар-сәуір аралығында қазақстандықтардың азық-түлікке жатпайтын тауарларды тұтыну көрсеткіші 2020 жылдың алғашқы 4 айымен салыстырғанда 11,5% артқан (11,4 млрд доллар).

Яғни, Әлия Молдабекова импорт саудасының қайта қызуы ел ішінде долларға деген сұранысты арттырған дегенді меңзейді.

"Шетел валютасына сұраныстың артуына қарамастан, нарықта елеулі теңгерімсіздіктер болған жоқ, Ұлттық Банк интервенция жүргізген жоқ. Бюджетке трансферттерді жүзеге асыру үшін Ұлттық қор қаражатын конвертациялау көлемі 1 млрд 093 млн долларды, ал квазимемлекеттік сектор тарапынан валютаны сату – 260 млн долларды құрады", – дейді Ұлттық банк өкілі.

Халықаралық резервтер

Алдын ала деректер бойынша, елдің алтын валюта қоры бір айда 1,4 млрд долларға азайған. 30 маусымдағы дерек бойынша жалпы көлемі  шамамен 35,1 млрд доллар.

Ұлттық банк сарапшысы оған доллардың өсіп, алтынның арзандауы себеп болғанын айтады. Маусымда алтынның бір унциясы 1892 доллардан 1758 долларға дейін немесе 7%-ға құнсызданған.  

Алтын бағасының бұлай арзандағанын есепке алған Ұлттық банк тәуекелді азайту үшін қордағы алтынның бір бөлігін 1,5 млрд долларға сатып жіберген. Ресми мәліметтері бойынша, сатылған баға қазіргі бағадан жоғары болған көрінеді.  

Ұлттық қор ортая түсті

Ұлттық қордың мөлшері де  бір айда 1,1 млрд долларға кеміп,  57,5 млрд доллар болған.

Ұлтық қордың ортаюына бюджетке бөлінген трансферттер әсер еткен. Яғни, бұл айда да Үкімет Ұлттық қорға қол салған. 89 млн доллар кіріс кірген.

Ұлттық банк өкілі ел ішінде экономикалық белсенділіктің үздіксіз қалпына келуі және фискалдық ынталандыру шаралары шетел валютасына сұранысты арттыра түсетінін айтады.

"Маусым айында Дүниежүзілік Банк пен Еуропалық Қайта Құру және Даму Банкінің жаңартылған болжамдары шықты. 2021 жылға арналған әлемдік экономиканың өсуі туралы өз болжамдарын Дүниежүзілік Банк 4,1%-дан 5,6%-ға дейін, ЕҚДБ өзі қатысатын өңірлерде – 3,6%-дан 4,2%-ға дейін арттыру жағына қайта қарады.

Ұлттық банк 2021 жылдың екінші жартыжылдығында жаһандық
ІЖӨ-нің тез өсуін күтіп, биылғы жылдың 2-ші тоқсаны ішінде Еуропа мен Үндістандағы ауру толқыны мен карантиндік шектеулерден кейін экономикалық белсенділіктің жандануына байланысты әлемдік экономиканың өсу перспективаларына оптимистік көзқараспен қарайды", – дейді Әлия Молдабекова.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу