Қазақстанның батыс өңірлері жатжұрттық мигранттармен қаншама күресті, талай төбелесті бастан өткерді. Ол кикілжіңнің себебі көп. Тәуелсіздік жылдарында елдегі ірі кен орындарының тізгінін өз қолына алған шетелдік алпауыт компаниялар білікті мамандарды ғана емес, арзанқол жұмыс күшін де шетелден тасыды. Биік лауазымды орындарға сырттан шақырылған өз адамдарын қойды.
Жергілікті білікті кадрларды даярлап, шетелдік мамандарды ауыстыру міндеттемелерін толыққанды орындамады. Бірдей жұмыс атқаратынына қарамастан, жергілікті маманға шетелдік әріптесіне қарағанда әлдеқайда аз жалақы төледі. Шетелдік жұмысшыларға жақсырақ тұрмыстық жағдайдың жасалуы да қызғанышқа түрткі.
Көп табыстан есіріп, айуандық жолға түскендері табылды. Мәселен, 2014 жылғы ақпанда қолға түскен британдық педофил-порнограф Питер Барох "Қашаған" жобасын іске қосушы топ-менеджерлер қатарында болған және әр вахта сайын 35-40 мың доллардан еңбекақы алып отырған. Жергілікті 12–17 жасар қыздарды 5–15 мың теңгеден төлеп, азғындық жолға түсіргені үшін Питер Барох сегіз жылға сотталды.
Халықаралық деңгейге дейін шығып, шетелді шулатқан соңғы төбелестердің бірі былтыр Атырауда, Теңізде болғаны белгілі.
Биыл әлемді коронавирустың жайлауы, мұнай бағасының тарихи минимумға дейін құлдырауы экспаттар мәселесінің өзектілігін жойып, күн тәртібінен алып тастағандай болған. Себебі, біріншіден, мұнай өндірісі біршама азайды. 2020 жылдың 9 айында небары 55 миллион тонна "қара алтын" шығарылған. Бұл 2019 жылғы қаңтар-қыркүйек аралығындағы көрсеткіштен 4,8% төмен. Өндірістің төмендеуі және мұнай бағасының құлдырауы мұнай-газ алпауыттарының өзін шығындарын күрт қысқартуға итермеледі.
Екіншіден, Мемлекет басшысының Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде берген тапсырмасына сәйкес, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік мигранттарға берілетін квотаны екі еседей азайтты. Үшіншіден, коронавирустың кең жайылуына байланысты шекара жабылды. Шетелдік мигранттар елге кіре алмай қалды. Визасын ұзарту үшін өз еліне қайтқандары кері оралу мүмкіндігінен айырылды.
Әйткенмен, еліміздің батыс өңірлерінде экспаттардың қайта қаптап кеткені туралы әңгіме тағы бас көтере бастады. Бұл жайында Энергетика министрлігіне жолданған анонимді хатта да айтылады. Бір анығы, оның авторлары – бас кеңсесі Атырауда орналасқан ірі мердігер компанияның жұмыскерлері көрінеді.
Шағымда жазылғанындай, жаһандық үш супергигант аталған ең ірі мұнай-газ кен орындарын – "Қарашығанақты" игеріп жатқан "Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг Б.В."-да (KPO B.V.), "Теңізді" елу жылға басыбайлы иемденген "Теңізшевройлда" (ТШО) және "Қашағанға" құрық салған "North Caspian Operating Company N.V." (NCOC) компанияларында "қазіргі кезде Ресейден, Украинадан және Беларустен өте көп адам жұмыс істеп" жатыр.
"Олар 30 күн демалып, 30 күнге жұмысқа шығатын вахталық режимде еңбек ететіндіктен, бұл пандемия жағдайында оларға аса тиімді болып тұр. Ал елімізде жұмыссыздық ушығып барады. Олардың көбі – Ресей азаматтығын алып алған, бірақ Қазақстанда "ПМЖ"-мен қалған адамдар немесе керісінше көз қылып Қазақстан азаматтығын алғанымен, Ресейде тұратындар. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығын тойлағалы отырмыз. Осы уақытта мұнай және газ саласының ісін өздері-ақ дөңгелетер мамандар мен басшыларды даярлай алмадық. Неге? Өйткені шетелдік компаниялар шетелде электрик, кен өндіруші, механик, автоматты жүйені басқарушы маман және басқасы бойынша курстардан өтуге қазақтарды емес, бізде істейтін, қазақстандық аталатын, бірақ Ресей азаматтығы бар адамдарды ғана жолдаумен болды", – дейді жасырын шағымның авторлары.
Қазір ТМД-лық экспаттар қанша?
Бір жақсысы, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев "иесінің аты жазылмаған арыз назарға алынбайды" деп елеусіз тастамай, онда айтылған үш ірі алпауыттан өздерінде посткеңестік елдерден келген нақты қанша адам жұмыс істегенін сұратыпты.
"Бүгінде "Теңізшевройл" ЖШС-ында барлығы 4 мың 200 қызметкер бар. Оның 31-і – Ресейдің, 9-ы – Украинаның азаматы. Беларусь азаматтары жоқ. Атап өтер жайт, "Теңіз" кен орнында жұмыс жүргізіп жатқан 26 мың жұмысшының 173-і – Ресей азаматы, 10-ы – Украина және біреуі ғана Беларусь азаматы. Олардың бәрі өз кезегінде "Теңіз жобасын" жүзеге асыруға жұмылдырылған мердігер ұйымдардың жұмыскерлері болып табылады", – деді еліміздің бас энергетигі.
Оның мәліметінше, қазіргі уақытта "Солтүстік-Каспий жобасын" ("Қашаған") іске асырып жатқан персоналдың жалпы саны 3 мың 172 адамды құрайды. Соның ішінде тек 10 маман ғана Ресейден келіпті. Украинадан не Беларустен шақырылған маман жоқ екен.
"Қарашығанақ" жобасы аясында KPO B.V. қызметкерлерінің, сондай-ақ инвестор компаниялардың елімізге іссапарға жіберілген қызметкерлерінің арасында 58-і – Ресейдің, біреуі – Украинаның азаматы екені анықталды. Қазан айындағы жағдай бойынша жобада табыс тауып жүрген Беларусь азаматтары табылмады.
"Мемлекетіміздегі аса ірі мұнай-газ жобаларында Қазақстан азаматтарының үлесін арттыру, сондай-ақ отандық мамандарды даярлап, шетелдік жұмыскерлерді солармен алмастыру жұмысы – біздің министрліктің ерекше бақылауында. Әлгінде аттары аталған жобалардың операторлары тек Қазақстан азаматы саналатын жұмыскерлерін ғана оқытып, біліктілігін арттырып жатыр. Бұл Кадрларды дайындау жоспарында және кадрларды национализациялау, жергілікті персоналдың біліктілігін жоғарылату бағдарламаларында бекітілген. Осыған орай оқыту курстарына өзге елдің азаматтары жіберіліп жатқаны жөніндегі ақпарат шындыққа сәйкес келмейді", – деді Нұрлан Ноғаев.
Әрине, экспаттар қатары тек посткеңестік елдер өкілдерімен шектелмейді. Алыс мемлекеттерден келгендер де бар. Энергетика министрлігінің мәліметінше, 2015 жылдан 2020 жылдың 8 айындағы кезең аралығында NCOC-тағы шетелдік барлық маманның саны 58%-ға азайған. "Қашағанды" игеруші консорциумдағы бүкіл қызметкердің тек 7%-ы – экспат.
"Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг" те келімсек персоналдың саны қысқартуға күш салып жатыр: бұлардың үлесі бүгінде 6% екен.
"Теңіз" кен орнында шетелдік мамандар үлесі көбірек: 10%.
Жанат Ардақ
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!