Министрлер мектеп асханасын аралап, санитарлық-гигиеналық нормалардың сақталуын қамтамасыз ету үшін тамақ дайындаудың жағдайымен танысып, ұжыммен және оқушылардың ата-аналарымен әңгімелесті.
Одан кейін мектеп тағамының құнарлығын, қауіпсіздігін, калориясын ескере отырып, оны жақсарту жолдары талқыланды.
Денсаулық сақтау министрлігі мектептегі тамақтану стандарттарын қарастырып жатыр, ол баланың физикалық және психикалық дамуына пайдалы болады.
Биыл елімізде 3,9 миллионға жуық мектеп жасындағы бала болса, оның 1,7 миллионы бастауыш сынып оқушылары тегін тамақпен қамтылған.
Одан бөлек стоматологиялық қызмет қарастырылды.
“Кездесу барысында 1000-нан астам оқушысы бар мектептерде стоматологиялық кабинеттерді ашу мәселесі талқыланды. Бүгінгі таңда 6 облыста 98 кабинет бар, онда тіс дәрігерлері қабылдауды жүргізеді. Сонымен қатар "Сау тіспен болашаққа" жобасы аясында мектеп жасындағы барлық баланың тіс ауруларының алдын алу кезең-кезеңімен қамтамасыз етілмек”, – деп мәлімдеді ДСМ баспасөз қызметі.
Сондай-ақ жасөспірімдерге психологиялық көмек беру мәселесі қамтылды. Денсаулық сақтау министрлігі мектеп психологтарының біліктілігін арттыру курстарын өткізу қажет деген қорытындыға келді.
“Мектеп медицинасы жүйесінде медбикелердің рөлін күшейту, медициналық кабинеттерді жабдықтауға және медбике кадрларын даярлауға тиісті көңіл бөлу қажет. Бүгінгі таңда республикада 5 мыңнан астам мектеп медициналық пункті бар, оларда негізгі профилактикалық жұмыстар, соның ішінде қыздарды папиломавирусқа қарсы жоспарлы вакцинациялау жүргізіледі”, – делінген хабарламада.