Еліміздің ресейлік Wildberries-бен қырқысы немен тынды?

10033

Интернет-дүкен адамдардың миллиондаған теңгесін қайтармай жатыр. 

Еліміздің ресейлік  Wildberries-бен қырқысы немен тынды?

Қазақстандықтар біраздан бері ресейлік интернет-дүкеннің қысастығына шағымданып жүр. Ол тауардан бас тартқан адамдардың ақшасын әртүрлі сылтау айтып қайтармайды, оған басқа тауар алуға итермелейді. Айта кету керек, бұл интернет дүкеннің көптеген тауары бүлінген, сынған күйде келеді екен. Соны паш ететін фото және бейнероликтер ғаламторда өріп жүр. Яғни тасымалына, логистикаға жүрдім-бардым қарайды.

Бас тартулардың көптігі де содан болса керек. Бұл ретте тауар жеткізетін компаниялар мұнда еш кінәсі жоқтығын мәлімдеуде. Себебі дүкен жеткізушіден қабылдап алмас бұрын тауардың бүтіндігін тексереді, ақауы барын бірден кері қайтарып тастайды.

Азаматтар не дейді?

Қарағандылық Анжела Пьянкова Wildberries-ден 23 қыркүйекте 15 мың теңгелік тауар сатып алыпты. Өнім 29 қыркүйекте тауар беру бекетіне келіп түскен. Оның қандай жағдайда екенін және жарамайтынын түсінген ол дереу кері қайтарыпты.

"Интернет-дүкеннің ережелері бойынша ақша 10 минут ішінде сауда жасалған картаға кері қайтуы керек. Бірақ олай болмады. Осы күннен бастап компания қызметкерлері телефон бойынша да, хатпен де ақшаның қайтаруға дайын екенін және жуырда аударылатынын айтумен болды. Күнде қайталайтыны осы. Қазан айының ортасынан қарай кезекті рет қоңырау шалғанымда, "Ақшаңыз сізге жолданды!" деп салды. Мен транзакцияның сәйкестендіру нөмірін айтуды талап еттім, бірден жым болды. Ақшамды аударғаны өтірік екені содан байқалып қалды. Төлем сол бойы түспеді. Мен хабарлассам болды, телефонды тастай салатын болды. Тек жақында ғана "қауырт желісіндегілер" қаржының жолданбағанын және қашан аударылатыны белгісіз екенін мойындады. Бұл не сорақылық?!" – деп ашынады А.Пьянкова.

Осындай жағдай барлық өңірде кездеседі. Елордалық Әсем Бердіғалиева ұқсас қиындықты бастан кешуде. Ол киімге үш рет – 23, 27 және 30 қыркүйекте тапсырыс беріпті. Үшеуінде де жіберген мөлшерлері бойына шақ келмепті. Әдетте дәстүрлі сауда орындарында азаматтар киіп көріп, жараспаса не мөлшері сәйкес келмесе, сатып алмайды. Интернет-дүкендердің барлығы да мұндай жағдайда кері қайтаруға мүмкіндік береді. Бірақ дәл осы ресейлік электронды дүкенге затты қайтару – нағыз проблема, асу бермес асқарға айналып кетіпті.

"16 мың теңге картаға сол бойы оралмады. Қолдау қызметіне әлденеше рет хабарластым. Сөз өтпейді, сырғытпа жауаппен жалтарады. Қоңырау шалған сайын, бірде "күтіңіз", бірде "жібердік", бірде "банк кінәлі", "банк төлемді кері қайтарып тастады" деген сылтаулар айтады. Мен банкпен де үнемі байланыстамын, олар маған қатысты ешқандай төлемді қабылдамай тастамағаны және Wildberries тарапынан ешқандай төлем аудару болмағаны туралы ресми жауап берді. Өз компанияларымызды қит етсе жазалауға дайын тұратын құзырлы органдар қайда, ресейлік компания ұстап отырған қазақстандықтардың қаржысын қайтаруға неге көмектеспейді?" – дейді ол.

Көршінің компаниясы бұдан да ірі сомаларды қайтармаған жағдайлары болды. Мәселен, Алматы тұрғыны Анжелика Жақыпова Wildberries 192 мың теңгесін бермей қойғанын айтады.  

"Интернет-дүкен биылғы 22 қыркүйектен бері ақшамды қайтаруды кешіктіруде, заңсыз ұстады. Жеке кабинетімде де, мессенджерлер мен әлеуметтік желілер арқылы да, сондай-ақ қауырт желісіне хабарласып та шағым қалдырдым. Не жалтарма жауап келеді, не босқа уәде береді. Тіпті, бір рет ақшаңыз аударылды деген жауап келді. Қуансам, онысы алдау екен. Қаржы әлі күнге түскен жоқ. Төлем қағазының идентификаторын ұсынуды талап етуімнен еш нәтиже шықпады. Wildberries-дің сайтында сатып алушы тауардан бас тартса, қаражат автоматты түрде сол банк картасына қайтарылатыны жазылған. Мұнысы өтірік. Компания осылайша, жұртшылықтық оферта шартын бұзып, алаяқтыққа барып отыр. Біздің құзырлы органдар жедел араласып, қазақстандық тұынушыларды жаппай алдаудың жолы кеспек түгіл, жағдайға мән берер емес", – дейді Анжелика Жақыпова.

Кейбір деректер бойынша, қазірдің өзінде 200-дей адам өз құқығының бұзылып жатқанын айтып, әртүрлі инстанцияларға шағым түсірген.

Олар әртүрлі топтарда өзара байланыса келе, ресейлік интернет дүкен кем дегенде 2 миллион теңгені қайтармай отырғанын анықтапты. Ал жалған уәдеге сеніп, үнсіз күтіп жүргені қанша екені белгісіз.

Полиция жауабы

Алматылық Олег Чегодаев компанияның басқа бір "схемасына" наразы.

"Биылғы 28 маусымда оның сайтында тауарды – спорт костюмін сатып алдым. Алайда рәсімдеу кезінде ол тауардың қоймада жоқ екені анықталды. Бірақ интернет дүкен алдын-ала төлеммен жұмыс істейтіндіктен, ақшаны карточкамнан алып қойған. Тауар табылмағандықтан, маған ақшамның кері жолданатыны туралы және бұған 10 күн кететіні туралы хабарлама келдім. Іштей кіжіндім, тұтынушы қаражатын осылай бермей, бизнесінің айналымына салып қоюға жаман үйренген болса керек. Сорақысы сол, он күні де өтті, қайтарар емес. Оның өкілдерімен әңгімелесуден ештеңе шықпады. Тіпті, "жібердік қой" деп соқты. "Ары қарай барлығы банкіңізге байланысты" деп алдарқатты. Ал банк Wildberries-дің тек ақшаны сыпырғанын, кері оралтпағанын мәлімдеді және аударғанын растайтын құжат сұратуға кеңес берді. Бұлар ондай құжат бермей, түлкібұлаңға салады", – дейді О.Чегодаев.

Ол қазақстандық полицияға жүгініп, ресейлік компанияның қарау тірлігін айтып, шағым жазады. Бәлкім, осыған орай іс қозғалған болар? Жоқ.

Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев өз блогында О.Чегодаевтың шағымының соңы не болғанын баяндады. ІІМ басшысының айтуынша, Wildberries-ге қатысты шара қабылдау туралы өтініш Алматының полиция департаментінде ақпаратты есепке қою кітабында тіркеліпті.

"Тексеру кезінде анықталғандай, азамат аталған дүкен арқылы 12 мың 630 теңгеге тауар сатып алған, бірақ қоймада жоқ болып шыққандықтан, ол тауар жеткізілмеген. Ақшасы да кері қайтарылмаған. Бұл – азаматтық-құқықтық сипаттағы қарым-қатынас болғандықтан, Алматының Әуезов ауданының полиция басқармасының жанындағы полиция бөлімі өтінішті қараусыз қалдырды және істен шығарып (списан), номенклатуралық істерге қосты", – дейді министр.

Министрліктің "мейірімділігі"

Биылғы жылы Бақыт Сұлтанов басқаратын Сауда және интеграция министрлігінің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті іске аспаған рейстері үшін жолаушыларға билет құнын қайтармаған отандық Bek Air әуе компаниясымен соттасып, мәжбүрлі түрде өндіргені мәлім. Соны еске түсірген жұрт осы органға жаппай жүгінуде. Неге екені белгісіз, Сұлтанов ведомствосы ресейлік бизнесменмен соттаспауға ұйғарыпты.

Оның орнына министрліктің Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті Wildberries интернет-дүкенінің басшылығымен бірлесіп, осы дүкеннің клиенттеріне тиісті қаражатты қайтару жұмыстарын жүргізуде. "Қыркүйек айының екінші жартысынан бастап бүгінгі күнге дейін комитетке осы интернет-дүкенге қатысты жалпы сомасы 3,9 миллион теңгесін қайтара алмаған 90-нан астам азаматтың шағымы келіп түсті. Комитет келіссөздер жүргізу, ресми хат алмасу нәтижесінде 3,2 миллион теңгені 66 тұтынушыға қайтара алды. Басқаларына қаражаты қазан айының соңына дейін қайтарылатын болады", – деді министрлік.

Бұл ретте өз клиентіне қиянат көрсетіп отырған шетелдік компанияны әділ жазаға тарту орнына біздің шенеуніктердің олардың алдына жығылып, келіссөзге тартып, қайтаруын именшіктеу сұрауы ұят.

Қайран қалдыратыны сол, банк бермей отыр деген сылтаумен интернет-дүкен біздің шенеуніктерді де "қоректендіріпті".

"Wildberries интернет-дүкенінің ақпараты бойынша қаражатты қайтаруды рәсімдеген кезде ақша сол күні аударылады. Ал ақша аударымының кешігуі Wildberries шотына қызмет көрсететін банктің техникалық мәселесімен байланысты болып отыр", – дейді меморган.

Ол ресейлік интернет-дүкенінен қаражатты қайтаруды күтіп жүрген Қазақстан азаматтарының жалпы саны белгісіз екенін атап өтті. Осыған орай шағымы бар азаматтар өңірлік тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінуі, не арызды онлайн түрде @kzpp_bot телеграм-боты немесе "электронды Үкімет" порталы арқылы беруі керек.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу