Елордада Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІІ сессиясының отырысы өтті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Жиында Президент бұған дейін бірнеше рет айтқан "Бірлігіміз – әралуандықта" деген формуланы еске салды. Мемлекет басшысының елдің барлық азаматтары өздерін үлкен әрі біртұтас қазақ ұлтының бір бөлігі ретінде сезінеді деген тезисі – еліміздегі нақты көріністі айшықтайды.
"Даңқты отандастарымызды – спортшыларымызды, мәдениет қайраткерлерімізді, ғалымдарымыз бен студенттерімізді, кәсіпкерлерімізді шыққан тегіне қарамастан, шетелде үнемі қазақтар деп атайды. Бұл – табиғи құбылыс. Солай болуға тиіс", – деді Мемлекет басшысы.
Сонымен қатар ол бірлігіміз бен татулығымызға сына қаққысы келетін кез келген арандатушылық әрекетке батыл түрде тосқауыл қою қажет екенін айтты.
Қазақстанның басты ерекшелігі – әртүрлі дәстүрлердің тығыз тоғысуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, басқа мәдениеттерге құрметпен қарау. Мұның барлығы біздің ортақ байлығымыз, ұлттық брендіміз.
"Этноәлеуметтік шиеленістің шығу себептерін жою үшін нақты шаралар қабылдау қажет. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі бұл – тағдырдың бере салған сыйы емес. Бұл – ең алдымен, жұртымыздың күнделікті табанды еңбегінің арқасы екенін дұрыс түсінуіміз керек. Сондықтан біз бірлігімізді күн сайын нығайтып отыруымыз қажет. Яғни, татулық пен келісім халқымыздың өмір салтына айналуға тиіс", – деп нақтылады Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент еліміздің барлық азаматтардың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін мемлекеттік саясаттың стратегиялық бағыты деп белгіледі. Қазақ тілі – азаматтық интеграция құралы. Мемлекеттік тілдің айналасында, оны оқып-үйрену және барлық салаларда таратуда жағымды атмосфера сақталуы қажет.
"Көпмәдениетті ортаны дамытып, барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеруі үшін жүйелі қадамдар жасау қажет. Жалпыұлттық азаматтық бірегейлік этникалық ерекшеліктерді жоққа шығармайды. Ол азаматтық қоғамның жаңа моделінің негізін қалыптастыруды көздейді. Қазақстандағы әрбір этностың өз дәстүрін, мәдениеті мен тілін дамытуға мүмкіндігі болды және бола береді", – деген Президент барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты екеніне баса назар аударды.
"Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында сөйлеген сөзін кең көлемді бағдарламалық құжат деп атауға болады. Жалпы алғанда, Мемлекет басшысы мемлекеттік этносаясаттың тұжырымдамалық бағытын көрсетті, көптеген бастамалар көтерді, жалпыұлттық бірлікті нығайтудың бірқатар пәрменді тетіктерін ұсынды.
"Бірлігіміз әралуандықта", "Түрлі көзқарас, бірақ біртұтас ұлт" қағидаттары – бұл ұран емес, күнделікті тұрмыс-тіршілігіміздің мәні", – деді Мемлекет басшысы.