Еліміздің үздік теннисшілері Дубайда оқу-жаттығу жиындарын өткізеді

994

5-25 желтоқсан аралығында Дубайда еліміздің әйелдер және ерлер құрамаларының жаттығу жиындары өтеді.

Еліміздің үздік теннисшілері Дубайда оқу-жаттығу жиындарын өткізеді Фото: ktf.kz

Қазақстан теннисшілері Біріккен Араб Әмірліктерінде жаңа маусымға дайындықты бастайды. Жиынға сондай-ақ Team Kazakhstan академиясының жас ойыншылары да қатыспақшы. Басты мақсат – 2023 жылғы жаңа маусымға тиянақты әзірлену.

Ұлттық құрама капитандары Юрий Щукин мен Ярослава Шведова өткізетін жаттығу жиынында Елена Рыбакина, Анна Данилина, Жібек Құламбаева, Гөзал Айнитдинова, Андрей Голубев, Александр Недовесов, Тимофей Скатов, Михаил Кукушкин, Бейбіт Жукаев, Денис Евсеев, Дмитрий Попко, Арысланбек Айтқұлов және Ислам Орынбасар шеберліктерін ұштай түспекші.

Одан кейін теннисшілер Аустралияға аттанады. Олардың бір бөлігі жаңа командалық жарыс – United Cup кубогінде, басқалары Аделаида WTA 500 және Хобарт ATP 250 турнирінде өнер көрсетеді. Сосын "Үлкен дулығаның" алғашқысы – Australian Open біріншілігі күтіп тұр.

Айта кетейік, 2022 жылғы маусым Елена Рыбакина үшін сәтті аяқталды. WTA турнирлерінде өнер көрсеткен теннисшілер арасынан Рыбакина тізімде төртінші орын алды. Биыл ол жекелей сында 3 570 968 доллар (1 642 336 132 теңге), жұптық сайыста 42 472 доллар (19 533 003 теңге) табыс тапты. 2022 жылғы жүлде қоры бойынша көшбасшы польшалық Ига Швентек. Оның бір жылдық табысы 9 875 525 долларды (4 541 579 056 теңге) құрады.

Еліміздің бірінші ракеткасының биылғы басты жетістігі Уимблдондағы жеңісі болды. Сондай-ақ қазақстандық теннисші жекелей сында Аделаида (Австралия) және Портороз (Словения) қалаларында өткен турнирлерде финалға шықты.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу