Еліміздің үздік теннисшісі Штутгартқа жол тартты

1470

Елордада өткен Билли Джин Кинг кубогінде Қазақстан қыздар құрамасының жеңіске жеткені осы еді, енді міне әлемнің өзге шаһарларында ірі теннис турнирлері бастауын алып жатыр. Алдағы күндері біз отандастарымыздың өнеріне қанық боламыз.

Еліміздің үздік теннисшісі Штутгартқа жол тартты

Бүгін, 19 сәуірде Елена Рыбакина Штутгарттағы (Германия), ал Юлия Путинцева Стамбулдағы (Түркия) теннис турниріне қатысады. Германиядағы жарыс WTA 500, Түркиядағы жарыс WTA 250 санатына жатады.

Әлемнің 19-шы ракеткасы Рыбакина рейтингте жоғары болғанына қарамастан бірінші айналымда әлемдік рейтингтің үшінші жүздігінен орын алатын 19 жастағы Настасья-Мариана Шункпен ойнайды. Қызықты жәйт, Елена Билли Джин Кинг кубогінде да Германия құрамасына қарсы ойнады. Енді міне Германияда өтетін жарыстың бірінші айналымында да неміс қызына қарсылас атанып отыр. Бұл матч Нұр-Сұлтан уақыты бойынша 21:00-де басталады. Бұған дейін 22 жастағы Рыбакина Шункпен ойнамаған. Айта кетейік, кездесудің жеңімпазы екінші айналымда әлемнің үшінші ракеткасы, испаниялық Паула Бадосамен кездеседі.

Әлемнің 51-ракеткасы, 27 жастағы Путинцева рейтингте 57-ші қатарда тұрған поляк Магда Линетпен ойнайды. Бір қызығы, 30 жастағы Линетт пен Юлияның жеке кездесулерінің есебі поляк қызының пайдасына 4:1 екен. Теннисшілер арасындағы текетірес елорда уақытымен 21:55-ке жоспарланған. Екінші айналымда бұл жұптың жеңімпазы турнирдің бірінші ракеткасы болып тіркелген бельгиялық Элиза Мертенспен кездеседі.

Сондай-ақ ерлер арасындағы жекелей сында еліміздің бірінші ракеткасы, 24 жастағы Александр Бублик Барселонада (Испания) өтетін ATP 500 жарысында бақ сынайды. Әлемдік рейтингте жоғары болғандықтан, ол бірінші айналымға қатыспайды. Қазақстандық теннисші екінші айналымда Фелисиано Лопес (Испания) - Эмиль Руусувуори (Финляндия) арасындағы кездесудің жеңімпазымен кездеседі.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу