Елімізге авиацияның тілін білетін мамандар жетіспей жатыр

125

Жаһанда табысты салалардың қатарында әуе тасымалы да бар екені даусыз. 

Елімізге авиацияның тілін білетін мамандар жетіспей жатыр Фото: eastunion.ru

Кейінгі жылдары Қазақстан авиахаб құру бойынша бірқатар талпыныс жасауда. Алыс-жақын шетелдерге жүк тасымалын арттырып, экономиканың бір тармағына серпін бергісі келеді.

Айтуға оңай көрінгенімен, бұл жоспардың да өзіне тән қиындығы көп. Әсіресе, инфрақұрылым жайы көп күш салуды қажет етіп тұр. Үкімет дерегінше, биыл авиацияда 139,6 мың тонна жүк, 13,1 млн жолаушы тасымалданыпты. Әзірге 31 елмен 144 халықаралық бағыт бойынша аптасына 842 рейс жасалады.

Қазір Арқалық әуежайы қалпына келтіріліп жатыр. Алматы қаласы әуежайын дамытудың бас жоспары жасалып, 362 млн долларға инвестициялық бағдарлама іске аспақ. Астана қаласы әуежайын дамыту бойынша 547 млрд теңгеге инвестициялар туралы келісім жасалды. "Қорғас – Шығыс қақпасы" жүк-жолаушылар әуежайын салу үшін 250 млрд теңгеге инвестиция тартылған. Бұған қоса Азаматтық пилотсыз авиациясын дамытудың 2025-2031 жылдарға арналған тұжырымдамасы қабылданды.

Бірақ саланың дамуына кедергі келтіретін кішігірім проблемалардың өзі толық шешілмей отыр. Кадр тапшылығы бар, оның үстіне қанша талқылаулар мен келісімдерге қарамастан авиаотын жеткілікті болмай тұр.

– Қазақстан әуе тасымалы үшін өте тиімде аумақта орналасқан. Авиахабты дамытуда тек Үкімет пен инвестордың қолдауы аздық етеді. Сондықтан елдегі көлік-транспорттық жобаларын кешенді түрде қарастыру керек. Азаматтық авиация академиясында мамандар даярланса да, әуе компаниялары, әуежайлардың 20-дан астам оқу орталықтары болса да кадр тапшы. Жанармай жолаушы тасымалдауға жеткілікті, алайда жүк тасылмалына жетпейді. Ресейден ғана емес, авиаотынды Қытайдан тасымақшымыз. Негізі Jet A-1 деп аталатын жанармайын әкелген жөн. Алматы мен Қарағандыға арнайы жанармай қоймалары салынуда. Алайда өңірлердің әлеуеті әлі мәз емес. Сол себепті 6 орталықты дамыту жоспары дұрыс. Егер авиахаб құруды мықтап қолға алсақ, аймақтағы ең ірі авиаорталыққа айналар едік, – деді авиация саласының сарапшысы Абыл Кекілбаев.

2024 жылы отандық аэронавигация саласында рекорд тіркелгенін айта кетейік. Әуежайларда транзиттік, халықаралық, ішкі ұшуларды және жүк операцияларын қоса алғанда, жалпы саны 446 106 ұшуға қызмет көрсетілген. Оның 334 256-сы – транзиттік ұшу, алдыңғы жылмен салыстырғанда 8 пайызға өскен. Әуе арқылы жүк тасымалының көлемі 55%-дан астам көбейіп, 25,1 мың рейсті құрап отыр. Демек, әуе тасымалында өсім бар.

Ендігі сауал: егер авиахаб құру жоспарын жолға қойып, жүк тасымалын арттыра алсақ, ел бюджетіне расымен де айтарлықтай пайда болуы мүмкін бе? Жалпы, ел экономикасында транспорттың үлесі шамамаен 7-8 пайыз болса, авиахаб кем дегенде соның 2-3 пайызына жету керек.

– Қытай мен Еуропа арасында қатынайтын ұшақ көп. Бірақ бұларды қабылдап, өткізетін әуежайларымыздың мүмкіндігі аз. Өзіміздің жүк таситын ұшақтар болғаны жөн. Ол үшін инвестиция тарту қажет. Түркия бұны жолға қойған. Еуропа, Азия, араб елдеріне түрік әуе жолдары арқылы тауар тасымалданады. Ал бізде ше? Қарағанды мен Астанадағы ұшақ, тікұшақ құрастыратын зауыттардың жұмысы тоқырады. Негізі, өзімізде де ұшақтар құрастыруға болар еді. Қалай алғанда да авиацияның дамығаны қазақ экономикасының әртараптана бастағанын көрсетеді, – дейді экономист Сапарбай Жобаев.

Жалпы, авиация саласына жалпылама атау бергенімізбен, оның да тармағы жетерлік. Соның бірі – цифрландыру. Мұнда назар аударатын ерекше жайт бар. Саланы толық цифрландырып тастаған күннің өзінде, ақпараттық қауіпсіздік мәселесі жол тосады. Себебі ел азаматтарының жеке дерегі, кейбір құпия мәліметтер қолды болуы мүмкін. Сондықтан мемлекет саланы цифрландыру тақырыбымен қоса цифрлық блок пен киберқауіпсіздікке көңіл бөлуге тиіс. Ал ол жүйені кім жасайды? Шетелдіктер ме, әлде отандық мамандар ма? Бұл – тағы бір тақырыптың тиегі болмақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу