Элиталық тұрғын үйдегі лифт тұрғындардың есін шығарды

Жеделсатылардың қауіпсіздігін бақылауға ШОБ-ты тексеруге арналған мораторий қолбайлау болып отыр. 

Элиталық тұрғын үйдегі лифт тұрғындардың есін шығарды

Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Алматыдағы "Мега Тауэрс" деп аталатын элиталық тұрғын үй кешенінде оқыс оқиға болып, 20 жастағы алматылық бір ажалдан аман қалды. Себебі техника істеп шығып, ешбір командаға бағынбай қойған. 

Жеделсаты 25-қабатқа жоғарғы жылдамдықпен көтеріп, үйдің төбесіне соғылып тоқтады. Салдарынан ішінде қалған тұрғын түрлі жарақат алды. Оқиғаның мән-жайын анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылып, біраз олқылықты анықтады. 

Қазақстан лифтшілері ұлттық қауымдастығының басшысы Ержан Игібаевтың айтуынша, аталған жағдай бойынша әкімдік өкілдерімен бірлескен техникалық тексеру жүргізілген. 

"Оның нәтижесі бойынша лифт кабинасының өздігінен бақылаусыз қозғалуы тежеу механизмінің дұрыс жұмыс істемеуінен болғаны анықталды. Сондай-ақ машина залында тексеру кезінде ауа температурасы барлық рұқсат етілген нормалардан асып, +45 градусты құрады. Бұл лифт жабдықтарының қауіпсіз жұмысына кері әсерін тигізеді", – деді Ержан Игібаев. 

Сонымен қатар лифтіге қызмет көрсететін "Л." серіктестігінде өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінен рұқсат қағазының және СТ-РК 3305-2018 лифтілердің Ұлттық стандартына сәйкестік сертификаты болмағаны белгілі болды.  

"Бұл сервистік компанияның қызметтің бұл түрімен айналысуға, қызмет көрсету шартын жасасуға құқығы болмағанын білдіреді", – деп түсіндірді қауымдастық басшысы.

Бұл компания Алматыдағы тағы бірнеше элиталық тұрғын үй кешендерінің жеделсатыларына техникалық қызмет көрсетеді. Енді тексеру қорытындысы бойынша уәкілетті органдар әкімшілік шара қолданады. Сонымен қатар компания басшылығы жауапкершілікке тартылуы да мүмкін. 

Статистикаға сүйенсек, соңғы төрт жылда Қазақстанда 14 лифт апаты болып, жеті адам қаза тауып, он адам зардап шекті.

Сарапшылардың айтуынша, оның бірнеше себебі бар. Біріншісі техниканың ескіргені. Еліміздегі көпқабатты тұрғын үйлерде шамамен 25 мыңнан астам лифт болса, соның 4 мыңнан астамының тозығы жеткен. 

2014 жылдан бастап Қазақстанда лифтілерге қызмет көрсететін кәсіпорындардың қызметі лицензияланбай келеді. Осыған байланысты нарықта көптеген сервистік компаниялар пайда болды. Республикадағы мұндай мекемелердің жалпы санын атау қиын. Алматыда олардың 60-қа жуығы, Нұр-Сұлтанда 70-ке жуығы бар екені белгілі. Олардың арасында кәсіби мекемелер мен жоғарыдағыдай құжатсыз жұмыс істеп жүргендері де жетерлік.  

Алайда ондай компанияларды анықтауға ШОБ-ты тексеруге арналған мораторий қолбайлау болып отыр. Шектеу 2023 жылға дейін енгізілген. Алайда қызмет көрсететін ұйымдардың құжаттары мен кәсібилігін пәтер иелері бірлестігі қадағалай алады. 

"Мен лифт қауіпті техникалық құрылғы деп есептеймін. Бұл жерде қызмет көрсететін компанияның кәсібилігі мен біліктілігі жоғары мамандар бірінші орында тұруы керек", – деген еді жоғарыдағы оқыс оқиғаға байланысты брифингте Ержан Игібаев.

Әрбір нысандағы лифтілерге қойылатын қауіпсіздік ережелерін сақтау да маңызды.

Мәселен, әр жеделсатыда оны пайдалану ережелері жазылған тақтайша орнатылып, ақпараттық телефон нөмірлері жазылуы шарт. Сонымен қатар лифтіні жыл сайынғы техникалық байқаудан өткізу туралы қорытынды болуға тиіс. Қажет болған жағдайды тұрғындар осы құжатты талап ете алады. Сондай-ақ қызмет көрсететін компания қауіпсіздік техникасына сәйкес, ай сайын машина бөлмесі, электроника, жүкшығырдың жағдайы, кабельдерді тексеріп отыруы керек. 

Ал егер лифт құласа, өздігінен жоғары көтерілсе немесе тоқтап қалса қайтпек керек? 
1. Дүрбелең туғызбаңыз; 
2. Жеделсатыдан өз бетіңізше шығуға тырыспаңыз. Бұған қатаң тыйым салынған!
3. Лифтке қызмет көрсететін компанияға қоңырау шалыңыз. Егер телефонға жауап бермесе, 112 нөміріне хабарласып, құтқару қызметін шақырыңыз;
4. Айғайлап, лифтіде қалып қалғаныңызды сырттағыларға естіртіңіз. 

Талапқа сәйкес, эвакуация 40 минут ішінде жүргізілуі керек. Бірақ бұл жерде әр қаладағы көлік кептелісі мен жол ұзақтығын ескеру қажет.

Құралай Құдайберген

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу