Элизабет Тұрсынбаева – мұз айдындағы қазақтың қарлығашы

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
4803

Элизабет Тұрсынбаева мәнерлеп сырғанаудан Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында 9-орынға ие болды.

Элизабет Тұрсынбаева – мұз айдындағы қазақтың қарлығашы Фото: vesti.kz

Элизабеттің ерен жетістігі

Мәнерлеп сырғанау спортынан 28 наурыздан 2 сәуірге дейін Хельсинкиде өткен әлем чемпионатында екі спортшымыз бақ сынады. Әуелі мұзайдынға Элизабет Тұрсынбаева шықты. Ол қысқа бағдарламада 65,48 ұпаймен 10-орынға ие болды. Осы сында 37 қыздың 24-і екі тәуліктен кейін еркін бағдарламада өнер көрсету құқығына ие болды. Қаршадай қызымыз еркін бағдарламада 126,51 ұпай еншілеп, қоссайыс қорытындысы бойынша 191,99 ұпаймен 9-орынға ие болды.

Сөйтіп келесі жылы өтетін қысқы Олимпиада ойындарына екі лицензия жеңіп алды. Яғни 2018 жылы Кореяның Пхенчан қаласында жалауы желбірейтін Ақ Олимпиадаға біздің елден екі мәнерлеп сырғанаушы қыз қатыса алады. Бұл – ерен жетістік. Бұған дейін Олимпиада ойындарына қыздарымыз қатысып көрген жоқ болатын.

Жалпы, Элизабет жыл сайын жетіле түсіп, өз көрсеткіштерін жаңартып келеді. Мысалы, ол былтыр Бостонда өткен әлем чемпионатында 12-орынға ие болған. Ал биылғы әлем чемпионатының қос бағдарлама қорытындысындағы көрсеткіші – жеке рекорды (191,99). Әрі бұл қабілеті мен мүмкіндігінің, әлеуеті мен шеберлігінің шегі емес. Алар белестері мен жүлделері, шығар шыңдары мен жетістіктері әлі алда деп білеміз.   

17 жастағы Элизабет Тұрсынбаева – Қазақстан чемпионы. Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. 2016 жылы жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарында қола жүлде жеңіп алды. Биыл Саппорода қысқы Азия ойындарында да үшінші орынға ие болды.     

2013 жылдың күзінен бері Торонтода әйгілі Канада жаттықтырушысы Брайан Орсердің қол астында жаттығып жүр. Бұл бапкер екі Олимпиада чемпионын дайындап шығарған. Олар – Оңтүстік Корея аруы Ю На Ким және Жапония жігіті Юдзуру Ханю.

Денис Тен үшінші Олимпиадасына барады

Хельсинкидегі әлем чемпионатында Денис Тен де бақ сынады. Қысқа бағдарламада 90,18 ұпаймен 9-орынға ие болды. Өкінішке қарай, екі күннен кейінгі еркін бағдарламада жарақатына байланысты жоғары нәтиже көрсете алмады. Әйтсе де, мұзайдынға шығып, Олимпиада жолдамасына қол жеткізді. Қос бағдарлама қорытындысында 234,31 ұпаймен 16-орынды қанағат тұтты.

Ең бастысы, келесі жылы өтетін Олимпиада ойындарында бақ сынау құқығына қол жеткізді. Бұл Денистің үшінші олимпиадасы болады. Ол 2010 жылы Ванкуверде 11-орынды иеленді. Ол кезде небәрі 16-да болатын. 2014 жылы Сочиде қола жүлдегер атанды. Әлем чемпионаттарында күміс (2013 жылы) және қола (2015 жылы) жүлде олжалады.

Жалпы, Денис 2011 жылы өз жерімізде өткен Азия ойындарының чемпионы атанған. Биыл қысқы Универсиадада топ жарды. 2015 жылы Төрт құрлық чемпионатында жеңімпаз атанды. Көптеген халықаралық турнирлердің жеңімпазы. Қазақстанның бес дүркін чемпионы. Мәнерлеп сырғанау спортында өз өнеріне көпшілікті тәнті қылған спортшы.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу