Элизабет Тұрсынбаева спорттық мансабын аяқтады

1919

21 жастағы қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Элизабет Тұрсынбаева спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді.

Элизабет Тұрсынбаева спорттық мансабын аяқтады

Спортшы ұзақ уақыт бойы арқа жарақатынан толық айыға алмағанын айтты. Элизабет Тұрсынбаеваның жетістіктерін атап өтер болсақ, ол жасөспірімдер Олимпиада ойындарында қола жүлде (2016), 2017 жылғы Азия ойындарында қола жүлде, 2019 жылғы әлем чемпионатында күміс, 2019 жылғы Құрлықтық чемпионатта күміс және Универсиада-2019 ойындарында күміс жүлде иеленген болатын. Сондай-ақ 2018 жылы өткен қысқы Олимпиада ойындарында ел намысын қорғаған.

Қазіргі таңда спортшы балаларды жаттықтырумен айналысады және елімізде мәнерлеп сырғанау спортын дамытқысы келетінін атап өтті. Ол бұл туралы әлеуметтік желідегі жазбасында хабарлады.

"Құрметті жанкүйерлер! Мен кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтау туралы шешім қабылдадым. Бұл жаңалықты сіздермен бөлісу мен үшін оңай емес. Көпшілігі білетіндей мені арқа жарақаты көптен бері мазалап жүр. Өкінішке орай, мен бұл жарақаттан соңына дейін айыға алмадым. Сондықтан толыққанды жаттығу мүмкін емес. Спорттық мансабым аяқталғанымен, өмірімде жаңа тарау басталды. Мен қазір Қазақстандамын және жылдың соңына дейін осында жұмыс жасаймын. Балаларға көмектесіп, олармен өз тәжірибеммен бөлісемін. Өз елімде мәнерлеп сырғанауды дамытқым келеді және қазіргі таңда осындай мүмкіндікке ие болдым.

Менің халықаралық аренаға алғаш рет 2011 жылы шықтым. Сол уақыттан бері тура он жыл өтті. Азия ойындары, жасөспірімдер Олимпиадасы, Бүкіләлемдік қысқы Универсиада, төрт құрлықтың чемпионаты, Әлем чемпионаттары, Олимпиада және басқа да әр түрлі 50-ден астам халықаралық жарыстарда түрлі дәрежедегі 39 медаль иелендім.

Үлкен спортта өткізген он алты жылда бәрі де болды - алғашқы жеңістің қуанышы, үзілген үміт пен жарақаттар. Бірақ бұл жылдар бойы әрқашан жанкүйерлерім қолдау көрсетті. Сіздердің тілектеріңіз бен шынайы қолдауларыңыз мені шабыттандырды. Сіздердің сенімдеріңіз маған әр түрлі салада жаңа биіктерге жетуге көмектеседі", - деді Элизабет Тұрсынбаева.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу