Эльмира Сыздықова халықаралық турнирде алтыннан алқа тақты

386

Эльмира Сыздықова Иван Ярыгин кубогының үш дүркін чемпионы атанды. 

Эльмира Сыздықова халықаралық турнирде алтыннан алқа тақты Фото: kazsports.kz

Қазақстандық балуан Ресейдің Красноярск қаласында өткен Олимпиада чемпионы Иван Ярыгинды еске алуға арналған дәстүрлі халықаралық турнирдің жеңімпазы атанды.

Финалдық кездесуде ол Моңғолиядан келген қарсыласы Энх-Амарын Даваанасанмен күш сынасты. Спортшылар 76 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, нәтижесінде қазақстандық спортшы 8:1 есебімен жеңіске жетті.

Финалдық белдесуге дейін Эльмира жолында кездескен қарсыластарын айқын басымдықпен жеңді.

Атап айтқанда, Лилия Нуралиеваны (іріктеу кезеңі – 6:0), Дарья Баландинаны (ширек финал – 10:0) және Ольга Козырёваны (жартылай финал – 10:0) тізе бүктірді. Үшеуі де ресейлік спортшылар.

Осылайша, ол финалға дейінгі есепті 26:0 көрсеткішімен аяқтады. Керемет нәтиже!

Айта кету керек, бұл Эльмираның Иван Ярыгин кубогын үшінші рет жеңіп алуы. Бұған дейін ол 2016 және 2022 жылдары жеңімпаз атанған болатын.

Красноярскідегі турнирде 62 келіде өнер көрсеткен тағы бір қазақстандық спортшы Виктория Хусаинова күміс жүлде иеленді. Ол беларусь балуанымен 4:4 есебімен тең түсті. Бірақ төрешілер жеңісті қарсыласқа берді.

Сондай-ақ, 62 келі салмақ дәрежесінде қазақстандық Дубек Тыныс қола медальға ие болды.

22-қаңтар басталған турнир бүгін мәресіне жетті. Жарыста 8 мемлекеттің спортшылары сынға түсті.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу