Ал, келесі жылы тағы алатын сомманы қосқанда, қордағы акивтердің үштен бірі азаяды деген сөз, деп жазады inbusiness.kz сайты.
Мәжілістің жалпы отырысында "2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заң жобасы жөнінде "AMANAT" партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев сөз сөйледі. Ол бюджет тапшылығына және теңгерімсіздігіне тоқталды.
– Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда біз бюджет саясаты бойынша елеулі сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отырмыз.
Біріншіден, ол – бюджеттің теңгерімсіздігі. Бюджет қаражатының басым бөлігі, яғни 92%-ы міндетті шығыстарды жабуға бағытталғаны белгілі.
Бұл – елімізді дамытуға, яғни болашаққа салынатын инвестицияға небәрі 8-ақ пайыз ғана қалады деген сөз. Мұндай жағдайда серпінді даму, халықтың өмір сүру деңгейін көтеру туралы сөз айтудың өзі артық, – деді ол.
Бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан қаражат алу тоқтамай тұр. Яғни, ол 2024 жылы ең шекті деңгейге жетті. Биыл бюджеттің кіріс бөлігі небәрі 13,1 трлн теңгені құраса, бюджетке 3 триллион теңге көлемінде жоспарланған салықтық түсімдер түспеген.
"Дұрыс жоспарламау салдарынан үш триллион теңгенің жетпеуі – салық және бюджеттік саясаттың күйрегені. Үкімет бюджетке нақты салықтық түсіммен қамтамасыз етілмеген кірісті салып отыр. Мұны біз Үкіметтің экономикалық блогының жеткілікті деңгейде жауапкершілік пен кәсібилік таныта алмауы деп есептейміз.
Президенттің қатаң ескертуіне қарамастан, Үкімет бюджет тапшылығын жабу үшін Ұлттық қордан 5,6 трлн теңге, бұған қоса, "Қазатомпром" арқылы тағы 1 триллион теңгені бюджет есебіне алды. Мұның барлығы – Ұлттық қордың қаражаты.
Биыл Ұлттық қордан 6,6 триллион, ал келесі жылы тағы 5,3 трлн теңге алынады. Бұл – шамамен 24 миллиард АҚШ долларына пара-пар. Ол – жалпы Ұлттық қор көлемінің үштен біріне тең сома. Мұның соңы қордағы активтердің азаюына ұшыратады.
Болашақ ұрпақтың несібесіне қол сұғуды доғару керек. Қазір оны еліміздің барлық ата-аналары мен балалары қадағалап отыр. Ұлттық қорға арқа сүйеудің де шегі бар, – деп сөзін қорытындылады депутат.