"Елорда экономикасына 9 трлн теңгеге жуық қаржы салынды"

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2738

Нұр-Сұлтан қаласының жалпы ішкі өнімінің 55 пайызы кәсіпкерліктің есебінен қамтамасыз етілуде. 

"Елорда экономикасына 9 трлн теңгеге жуық қаржы салынды"

ХІІ Астана экономикалық форумына қатысқан Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың баяндауынша, ел астанасында тұратын әрбір үшінші тұрғын кәсіпкерлікпен айналысады. Ал қаланың жалпы ішкі өнімінің 55 пайызын кәсіпкерлік секторы қамтамасыз етуде. Бюджеттік түсімдердің негізгі бөлігі де осы секторға тиесілі.

"Республиканың жалпы ішкі өнімінің 11 пайызы елордаға тиесілі. Негізгі капиталға салынған инвестицияның 10 пайызы бас қаланың еншісіне тиіп отыр. Жалпы, 20 жылдан аса уақыт ішінде Нұр-Сұлтан қаласының жалпы ішкі өнімі нақты мәнде 6 есе ұлғайып, 17 млрд долларға жетті. Осы жылдар дересінде елорда экономикасына 9 трлн теңгеге жуық қаржы салынды. Жылдық инвестиция көлемі 55 есе өсіп, 3 млрд доллардан астам соманы құрап отыр", – деді жаһандық форумда Бақыт Сұлтанов.

Әкімнің айтуынша, қазір қалалар арасында инвестиция, таланттар, туристер және кәсіпкерлер үшін бәсекелестік жүріп жатыр. Бұл күресте ең жақсы мүмкіндік ұсынғандар ғана жеңіске жетеді.

"Нұр-Сұлтан қаласы да осы үдеден шығуды көздейді. Бәсекеге қабілеттілікті сақтау үшін біз өмір сүрудің жоғары сапасын қамтамасыз етуге тиіспіз. Өйткені адамдар бизнесті қиындықсыз жүргізіп, қауіпсіз әрі жайлы өмір сүретін жерді іздейді. Әр мемлекеттің астанасы оның "визиттік картасы" болып саналады. Нұр-Сұлтан қаласының елордалық мәртебесі де оның мемлекеттегі рөлімен байланысты көптеген міндеттерді шешуді талап етеді. Сондықтан біз әрдайым өңірлік ықпалдастық үшін жемісті іскерлік ынтымақтастықты жақтаймыз", – деді Бақыт Сұлтанов.

Әкімнің дерегінде, қазіргі уақытта ел астанасының 32 мемлекетпен және 29 астанамен туыстық серіктестері бар. Олардың әрқайсысымен екіжақты және көпжақты қатынастар аясында өзара тиімді ынтымақтастықты дамыту көзделген.

"Биыл Нұр-Сұлтан қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірлеп жатырмыз. Ол елордамыздың қарқынды өсуіне, қалалық жерлерді біркелкі дамытуға және бүкіл әлемнің таланттарын тартуға байланысты ұзақ мерзімді міндеттерді есепке алады. Стратегияның мақсаты – бүкіл әлемде бәсекеге қабілетті және тұрақты экономикаға деген тартымдылығы бар жаһандық қала құру. Осылайша елорданы Еуразиялық жаһандық хабқа айналдырамыз", – дейді қала әкімі.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу