Елорда мектептері 20 мың теңгенің партасын 53 мыңға алмақ болған

3543

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет астаналық білім басқармасының былықтарын жария етті. 

Елорда мектептері 20 мың теңгенің партасын 53 мыңға алмақ болған

Нұр-Сұлтан қаласының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті жарты жылдық жұмысын қорытындылаған болатын. Департамент басшысының орынбасары Жәзира Жылқышиева жауапқа тартылған лауазымды тұлғалардың жалпы санын атай келіп, білім саласындағы былықтарға жеке тоқталды.

"Балық басынан шіриді" дегендей, саладағы жемқорлықтың бастауында білім басқармасы тұрғанға ұқсайды. Департамент өкілінің баяндамасынан соны ұқтық. Лауазымды тұлғалардың құныққаны сонша, "А4" форматты ақ қағаздың өзінен ақша жымқырмақ болған. 

"Жыл басынан бері мемлекеттік сатып алу кезінде бюджет қаржысын негізсіз шығындаудың жолын кесуге күш салып келеміз. Мониторинг барысында мемлекеттік органдар мен бағынышты ұйымдарды техникалық жабдықтау шығынын негізсіз арттыру оқиғалары тіркелді. Мысалы, білім басқармасы кеңсе қондырғысына қажет  "А4" қалыпты қағаздың бір бумасын 2 679  теңгеге аламыз  деп көрсеткен. Ал нарықта бұл қағаздың шекті құны 1400-1500 теңгеден аспайды", – дейді Жәзира Жылқышиева.

Басқарма мамандары сатып алатын тауарлары мен қызметтің бағасын асырып көрсету арқылы ғана 60 млн теңге жымқырмақшы болған. Абырой болғанда ол жоспарлары жол ортада талқандалды.

"Мектепке парта мен орындық сатып алу үшін де осындай бассыздыққа жол берілген. Нарықта бір партаның бағасы 16-20 мың теңге болса, білім басқармасының мемлекеттік сатып алу жоспарында ол 53 мың теңге деп көрсетілген. Ал нарықта бағасы 6-10 мың теңге болатын орындықтың әрқайсын 12 мыңнан сатып алуды жоспарға енгізген. Біздің араласуымыздан кейін, білім беру басқармасының мемлекеттік сатып алу жоспарына 60 млн теңгенің өзгерісі енгізілді", – дейді департамент өкілі.

Басқармадағы заңсыздықтарды жіпке тізген Жәзира Жылқышиева жұмысты заңға томпақ етіп жоспарлаған, сол арқылы жемқорлыққа жол ашпақ болған басқарма басшыларының қандай жаза арқалағанын ашып айтпады.

"Біздің ұсыным бойынша 29 лауазымды тұлға жауапқа тартылып, үшеуі қызметтен қуылды, 4 адам жұмыстан босатылды. Қалғандары лауазымын төмендету сияқты жазалар арқалады.  Қоластындағылардың заң бұзғаны үшін 15 басшы тәртіптік жауапқа тартылды", – деген ақпаратынан аталған тұлғалар ішінде білім басқармасының мамандары да бар шығар деген ой түйдік.

Білім беру ұйымдарының жұмысын жүйелеп, қырағылық танытуға тиіс басқарманың өзі іштен іріп жатқанда мектеп директорлары оңсын ба?! Олар да қолдан кеп тұрғанда қоныштан басып қалуға тырысқан.

"Былтыр 18 желтоқсанда №31 мектеп-гимназияның директоры Самсонова өзінің жұмыс кабинетінде ЖШС өкілінен жалпы қамқорлық жасап, заңсыздықтарға көз жұма қарағаны үшін 742 мың теңге пара алып жатқан жерінен ұсталған болатын. Осы әрекеті үшін сот оны 3 жылға бас бостандығынан, өмір бақи мемлекеттік қызметте, квазимемлекеттік ұйымдарда жұмыс істеу құқығынан айырды", – дейді Жәзира Жылқышиева.

Ал №13 мектептің директоры 2015 жылдан бастап бармақ басты, көз қысты әрекеттер жасап, 10 млн теңгеден астам қаражатты қолды қылғаны дәлелденіпті.

"2015 жылы ол архивариус лауазымына белгісіз адамды тағайындап, ақшасын өзі иемденіп отырған. Осындай тәсілмен жымқырған 2 млн 672 мың теңгені мектеп директоры мектептің қажеттіліктеріне бағыттап, қалған 400 мың теңгені өз қалауынша жұмсаған. Ал 2020 жылдың наурызында мердігер компанияға ауланы қардан тазарту жұмысының ақысын құжатта 600 мың теңге етіп келісімшарт жасауға үгіттеген. Артылған 440 мың теңгені  мердігер ұйым басшысы директордың жұбайының картасына аударған. Дәл осы айда ақпараттық-тақырыптық баннер сатып алу үшін 905 мың теңге бөлгізіп, мердігер ұйым өкілін артылған 183 мың теңгені қолма-қол әкеп беруге көндірген. Осы заңсыз әрекеттері үшін Алматы ауданының №2 сотының шешімімен Рахымбеков кінәлі деп танылып, өмір бойы мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырылды. Оның үстіне өзі жымқырған ақшаны, 10 еселеп, яғни 10 млн 230 мың теңгені айыппұл ретінде қазынаға қайтаруға міндеттелді", деді ол.

Департамент өкілі М.Горький атындағы орыс академиялық театрының басшыларына қатысты іс сотқа жөнелтілгенін де айтты. Театр ғимаратын жөндеуге бөлінген қаржыны жымқыруға қатысқан мердігер ұйым өкілдері жазасын арқалап үлгеріпті. Ендігі кезек театр директорында.

Брифингте "Астана – адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің басшысы Мирас Шекенов те сөз алып, елорданың маңайы қалдық пен қоқысқтан көз ашпай кеткенін ашынып айтты. Жобалық кеңсенің бастамасымен өткен тексерулер қаланың ішінде де, сыртында да заңсыз күлтөкпелер көбейіп кеткенін анықтапты. Әсіресе, құрылыс қалдықтары қаланың қоршаған ортасын қатты ластап жатқан көрінеді. Мирас Шекенов қарамағындағы ұжымның келесі тексеруі ел астанасындағы ірі дәрі тасымалдаушылардың жұмысымен байланысты болатынын айтты. Оның сөзінше, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдардың министрлік бекіткен шекті бағасын дәріханалар ескермей, негізсіз көтеріп жіберген. 


Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар! 

Есжан Ботақара

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу