Елорда мен Алматы тұрғындары бюджетті қадағалайтын болады

Үкімет отырысында Қаржы министрі Әлихан Смайылов тұрғындарға жергілікті бюджетті қалыптастыруға мүмкіндік беру үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.

Елорда мен Алматы тұрғындары бюджетті қадағалайтын болады

Жергілікті бюджет жыл сайын оған жергілікті салықтан түсетін түсімдер, одан төленетін шығындар, мемлекеттік бюджеттен берілетін субсидия ескеріле отырып жасалады. Жергілікті бюджет шоғырланған ақшалай қаржылар ретінде жергілікті әлеуметтік-экономикалық бағдарламаларды қаржыландыру үшін пайдаланылатындықтан, бұған жергілікті тұрғындар да назар салуы заңдылық.

"Әрбір тұрғынға жергілікті бюджет қаражатын бөлуге қатысуға мүмкіндік беру үшін бюджеттік процестің ашықтығын арттыратын "қатысу бюджеті" пилоттық жобасын Нұр-Сұлтандағы "Сарыарқа" ауданының әкімдігі енгізеді. Азаматтар 500 млн теңге сомасындағы бюджетті бөлуге қатысады. Бұл қағиданы Алматы қаласында да енгізу жоспарланып отыр. Жүргізілген жұмыстың қорытындысы бойынша жергілікті деңгейде "халықтық қатысу бюджетін" енгізу бойынша ұсыныстар беріледі", – деді Әлихан Смайылов.

Сондай-ақ ол бюджеттік жоспарлау мен мемлекеттік қаржы полициясы жұмысының мәселелерін шешу үшін парламент пен есеп комитетінің ұсыныстары бойынша тиісті жол картасы бекітілгенін мәлім етті. Естеріңізге сала кетейік, жол картасының орындалу барысы туралы алдын ала есеп күзде ұсынылады. Жергілікті бюджеттің жергілікті әлеуметтік проблемаларды шешудегі орны ерекше. Олардан әлеуметтік төлемдер, әлеуметтік қамсыздандыру, оқу жүйесінің бағдарламалары, денсаулық сақтау бағдарламасының негізгі бөліктері қаржыландырылады. Сондықтан жергілікті бюджет мемлекеттік бюджеттің басты құрамдас бөлігі бола отырып, мемлекеттегі әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешуге тікелей қатысады.

Айдана Тілеуғабылова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу