Елорда "Nur-Sultan" деп таңбалануы мүмкін

3476

Қалалық мәслихат депутаттары үкімет пен республикалық комиссияға елорда атауының таңбалануына қатысты ұсыныс жолдады.

Елорда "Nur-Sultan" деп таңбалануы мүмкін

Астана қалалық мәслихатының кезектен тыс 46-сессиясында Астананың жаңа атауын  "Nur-Sultan" деп жазу ұсынылды.

"Елбасымыздың кешегі тарихи шешімі Қазақстанның қайта түлеуіне серпін беріп, үлкен өзгерістердің орын алуына жол ашты. Нұрсұлтан Назарбаевтың сан қырлы батыл бастамаларының бірі бүгінде өзінің жеке қолтаңбасына айналған елордамыз болса керек. Сондықтан бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев елордамыздың атын оның бас сәулетшісі Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті - Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың атымен атап, мәңгілік тарихқа қалдыруды ұсынды", – деді кезектен тыс өткен сессияда қала әкімі әкімі Бақыт Сұлтанов.

Мәслихат депутаттары Астана қаласын Нұрсұлтан қаласы деп атауды бірауыздан қолдады және қала атауын "Nur-Sultan" деп таңбалауды ұсынды. Осыдан соң  ұсыныстарын үкімет пен республикалық комиссияға жолдады.

Естеріңізге салайық, бүгін таңертең парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Астана қаласының атауын Нұрсұлтан деп өзгертуді ұсынды. Түскен кейінгі талқылауда  мәжілістің 103, сенаттың 43 депутаты бірауыздан Астананың атауын Нұрсұлтан қаласына өзгерту туралы шешім қабылдады. Ал Конституциялық кеңес қала атауын референдумсіз өзгерту туралы ұсынысты оң бағалады. 

"Мемлекет басшысы Конституцияның 91- бабының 1-тармағының сәйкес, парламент қарауына ҚР Конституциясына өзгерістер енгізу туралы заң жобасын енгізді. Бұл жоба республика астанасының атауын Астана қаласынан Нұрсұлтан қаласына өзгертуді көздейді. Еліміздің Конституциялық кеңесі осы түзетулерді ҚР Конституциясының 91-бабының 2-тармағына сәйкестігі туралы қорытынды берді. Баяндалғандарды ескере отырып, ұсынылған түзетулерді қолдауды сұраймыз", – деді парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Әлия Рақышева.

Біле жүріңіздер, осыдан 3 жыл бұрын қараша айында мәжіліс депутаты Қуаныш Сұлтанов Ата заңымызда Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекет құрудағы ерекше үлесін көрсетуді және Астана қаласының атауын Назарбаев деп өзгерту бастамасын көтерді. Халық қалаулысын мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова мен сенат депутаты Михаил Бортник қолдаған.

Бақытгүл Хаменова Астананы "Елбасы", Михаил Бортник "Астана-Елбасы" деп атауды ұсынған. Қазақстанның тұңғыш президенті бұл бастаманы қолдамаған.

2017 жылы наурызда депутаттар Астананың атауын "Нұрсұлтан" деп атауды ұсынған. Ол кезде де бұл ұсынысқа қатысты оң шешім қабылданбаған.

Қанат Махамбет  

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу