Елордада 878 науқас диспансерлік есепте тұр

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
3502

Туберкулезге шалдыққандарды емдеуге мемлекеттік бюджеттен 47,7 млрд теңге бөлінді.

Елордада 878 науқас диспансерлік есепте тұр

Бүгін дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күні. Бұл күн дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының ұйытқы болуымен жыл сайын дәстүрлі түрде атап өтіледі.

Елімізде туберкулезді анықтау мен оның алдын алу, емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлеміне енген. Сондықтан туберкулезге шалдыққан науқастар тегін емделеді.

Биыл жұқпалы дертке шалдыққан азаматтарды емдеуге мемлекеттік бюджеттен 47,7 млрд теңге бөлінді.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Астана қалалық бөлімшесінің директоры Нұрлыбек Қабдықапаровтың сөзінше, Астана қаласында туберкулезбен ауыратын науқастардың саны 2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42%-ға азайған.

"Қазір 878 науқас диспансерлік есепте тұр. Оларға тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі аясында тиісті көмек көрсетіліп жатыр", – деді директор.

Статистика агенттігінің дерегінше, былтыр ел аумағында 35 мың 181 науқас диспансерлік есепке алынған. Оның 14 мың 874-і туберкулездің ауыр түріне шалдыққан. Науқастардың басым бөлігі Түркістан облысы мен Шымкент қаласынан (3604 адам) анықталған. Алматы (3311 адам), Шығыс Қазақстан (2860 адам), Қызылорда облыстары да (2495) туберкулездің ошағына айналған.

"Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" Астана қалалық бөлімшесі баспасөз қызметінің хабарлауынша, ауруды асқындырмай, дер кезінде емдесе, құлан-таза сауығуға болады.

"Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, 2000-2016 жылдар аралығында туберкулезді ерте анықтау мен емдеу нәтижесінде әлем дәрігерлері 53 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалды. Туберкулездің алдын алу үшін емханада тұрақты тексеруден өтіп тұру қажет. Тексеру мен екпе егу кепілдендірілген медициналық көмек шеңберінде тегін жүргізіледі. БЦЖ вакцинасы – туғаннан кейін бірнеше күн ішінде салынады. 7-14 жас аралығында БЦЖ-дан ревакцинация жасалады. Яғни екпенің алдында манту сынамасы салынып, организмнің реакциясы тексеріледі", – деп хабарлады "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының" баспасөз қызметі.

Айтпақшы, бүгін 20:30 бен 2:00 аралығында Астанадағы "Бәйтерек" монументі қызыл түске боялады. Осылайша елорда дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының туберкулезге қарсы жаһандық бастамасына үн қосады.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу