Елордада автобустардың маршруттары неге жаппай өзгеріп жатыр?

1856

Астанада биыл көшелерді жөндеудің кең ауқымды жұмыстары қолға алынды. Бұл ақырында елорда халқының әлеуметтік көңілін жақсартады.

Елордада автобустардың маршруттары неге жаппай өзгеріп жатыр? Фото: Астана әкімдігі

Бүгін Астанада бірден 9 автобустың жүріс бағдарлары өзгеретіні белгілі болды. Бұл туралы City Transportation Systems хабарлады және мұның тек уақытша шара екеніне сендірді.

"Ш.Айтматов көшесі мен Қорғалжың тасжолы қиылысында жөндеу жұмыстарының жүргізілуіне байланысты №7, 17, 35, 36, 44, 45, 300, 305, 312 маршруттерінің қозғалыс схемалары уақытша өзгертілді. Қала тұрғындары мен қонақтарынан өз бағдарын алдын ала жоспарлауды өтінеміз", – деп хабарлады City Transportation Systems.

Бұл – өзгерістердің басы да, соңы да емес. Тек осы аптаның өзінде  №18, 52, 54, 30, 41, 304, 1А, 17, 72 бағдарлары өзгертілді. Бұған дейін басқа да көптеген маршруттерге түзету енгізілген.

Қозғалыс үшін қоғамдық көлікті пайдаланатын тұрғындарға ғана емес, сонымен қатар төл көлігі мен таксиді қолданатын адамдарға бұған ашынудың қажеті жоқ. Ашуды ақылға жеңдірген жөн. Себебі, Астананың жылдар бойы жөндеу көрмеген жолдары жаңа әкім тұсында жаппай жаңаруы мүмкін.

Елорда әкімдігінің хабарлауынша, қалада биыл 70-тен астам көше жөнделеді. Күн жылына сала, мердігер компаниялар жөндеу жұмыстарына қызу кірісті. Әрине, жол жөнделіп болғанша, ол көшенің учаскелері ішінара не толықтай жабылып тұрады. Көлік қозғалысы бағдарының өзгеруі де сондықтан.

Бүгінде елордада Панфилов, Кенжин, Қордай көшелерінде, Жеңіс даңғылында, Жұмбақтас тұйық көшесінде және басқаларында жөндеу жұмысы қызды. Оларда қозғалыс кейбір тұсында ішінара немесе толығымен шектелді.

"Тұтастай алғанда, 2023 жылы жалпы ұзындығы 54,3 шақырым болатын 72 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Соның 44-і – ұзындығы 40 шақырымға созылып жатқан орталық көшелер. Тағы 28-і қаланың тұрғын алаптарының ішінде орналасқан. Бұдан бөлек "Тұлпар" көпірі және тағы басқа учаскелерде жөндеу жүргізіледі", – деп хабарлады қалалық әкімдік.

Атап айтқанда, оң жағалаудағы:

  • Әл-Фараби даңғылы – Алаш көпірінен бастап, Пушкин көшесіне дейін;
  • Уәлиханов көшесі – Бөгенбай батыр даңғылынан Кравцов көшесіне дейін;
  • Ш.Құдайбердіұлы даңғылы – Мұстафин көшесінен Қошқарбаев даңғылына дейін;
  • сол жағалаудағы Тұран даңғылы – Қорғалжын көшесінен Сарайшық көшесіне дейін;
  • Мәңгілік Ел даңғылы Триумфалды Аркадан (Салтанат қақпасы) Ә.Кекілбаев көшесіне дейін жөнделеді.

Астананы абаттандыру жұмыстары әрине, мұнымен аяқталмайды: жаяу жүргіншілерге арналған жаңа тротуарлар жасау, автокөліктердің аялдауына арналған жол қалталарын жасақтау, пандустарды жабдықтау сияқты жөндеу-құрылыс жұмыстары жоспарланған.

Бұған қоса, 2023 жылы Астанада жалпы ұзындығы 13 шақырымды құрайтын 31 көше салынады. 4 көшенің құрылыс жұмыстары толық көлемде аяқталуға тиіс. Қалған 19 көшеде жұмыстар жалғасады. Тағы сегізінде енді бастау алады.

Сондай-ақ биыл Есіл өзеніндегі Тәуелсіздің даңғылынан сол жағалауға асатын автомобиль көпірі ашылады. Көпірдің жобасы 2020 жылы ұсынылған болатын. Салынуы тым ұзап кеткен көпірдің құрылысын жаңа әкім жеке бақылауына алды, құрылыс алаңына сапарлады. Мердігерлерге көпір құрылысының қарқынын арттыруды міндеттеді. Әйтпесе, бұған дейінгі жылдары астаналықтар ол нысандағы құрылыстың өте шабан екеніне талай шағымданған еді.

"Бұл көпір елордадағы көлік қозғалысын едәуір жылдамтады: ол Тәуелсіздік даңғылы, жаңа теміржол вокзалы аумағы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы және сол жағалау арасында қосымша байланысты қамтамасыз етеді. Көлік нөпірін кептеліске соқтыра бермей, жеңілдету үшін жаңа көшелер салуды, жаңа жолдар ашуды, жаңа көпірлер жобалауды және басқа жұмыстарды жалғастырамыз", – деген болатын әкім Жеңіс Қасымбек.

Бұдан өзге, елордада екі деңгейлі көлік айрығын салу жобасы жүзеге асырылуда. Ол Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсеков көшесінің қиылысында салынып жатыр. Көлік айрығы ауданында инженерлік желілерді салу, сондай-ақ көпір өткелінің темірбетон тіректерін орнату жұмысы басталды. Жоба 2 жылға созылады деп жоспарланған. Демек, 2024 жылдың соңында оның бойында автокөліктердің қозғалысы ашылуға тиіс.

Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары еліміздің бас қаласы әдемі көркі-ажарынан айрыла бастады. Мемлекет басшысының қала басшылығында ауыс-түйіс жасауы да көптен хабар береді.

Президент 2023 жылғы 31 қаңтарда өткен Астана қаласын дамыту мәселелері жөнінде кеңесте елордадағы көшелер мен жолдардың сықпытын қатты сынады. Жаңа әкімге астаналық көлік жүйесін жаңаша дамытуға тапсырма берді.

"Автокөлік саны жыл сайын көбейіп жатыр. Сол себепті көлік кептелісі өте күрделі мәселеге айналды. Бұл, тіпті, қала тұрғындарының ашу-ызасын туғызып отыр. Мысалы, Мәңгілік ел даңғылы кептелістен көз ашпайды. Тәуелсіздік даңғылында салынып жатқан көпірдің құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау қажет. Сонымен қатар 46 шақырымдың кіші айналма жолдың құрылысы созылып кетті. Оның үстіне жаңа тұрғын үй кешендерін салғанда, жол мәселесі толыққанды ескерілмейді. Бір сөзбен айтқанда, көлік саласын дамыту жұмысы ақсап тұр", – деді Президент.

Яғни, қала басшылығының алдында қордаланған мәселелері көп үлкен жұмыс өрісі жатыр.

Инженер, қала құрылысы саласының сарапшысы Ільяс Орынбасаров тұйық көшелерге көбірек мән беруді ұсынады. Оның айтуынша, жол, тасымал инфрақұрылымын дамытуға биліктің баса көңіл бөліп жатқаны қуантады.

"Себебі, көлік жүйесі кез келген қаланың "жүйке жүйесі" қызметін атқарады. Яғни, қаланың кез келген бір түкпіріне жаңа жол төселмесе, онымен байланыс нашарлайды, ол аумақ "дегенерацияланады", деградацияланады. Жол болмаса, ол жаққа автобус, такси қатынаудан бас тартады. Әрине, Әл-Фараби, Уәлиханов, Тұран, Мәңгілік ел сияқты орталық көшелердің жолдарына мән берген жөн, бірақ олардың асфальты жыл сайын дерлік ауыстырылады. Одан гөрі осы басты көшелердің жүктемесін азайтатын қатарлас, параллель жолдар ашқан жөн. Мысалы, Уәлиханов көшесіндегі шетсіз-шексіз кептелісті азайту үшін оған жапсарлас жатқан Асан қайғы көшесінде кең жол салған жөн. Сонда елорданың осы ауданы тез түрленіп, өркендеп сала береді, ол аумаққа бизнес те назар аударады. Бұл тәсілді барлық басты көшелерге де қолдануға болады", – деді І.Орынбасаров.

Қалалық инфрақұрылымның қожайыны ретінде Астана әкімдігі көше-жол желісін және көлік инфрақұрылымын барынша, толық шамада тиімді пайдалануды мақсат еткені абзал. Қала басшылығы бұл жұмысқа енді ғана кірісуде.

Бұл іс ұтымды іске асырылса, оның мультипликативті эффекті зор болады. Соның арқасында жол қауіпсіздігі артады. Жолаушылар тасымалы жеңілдейді, жолаушылар діттеген жеріне тез жетеді. Автомобильдер кептелісте ұзақ тұрмайды, жанар-жағармайды босқа, көп жақпайды. Бұдан Астананың ауасы тазарады, экологиясы жақсарады. Нәтижесінде жүргізушілердің де, жолаушылардың да, жүргіншілердің де көңіл-күйі жақсарады. Сәйкесінше, халықтың қала басшылығына деген ризашылығы артып, ол билікке деген сенімнің нығаюына ықпал етеді.

Осының бәріне қол жеткізу үшін тек қана көшелер мен жолдарды жақсы қалыпқа келтіру ғана керек. Саланың маңызы да осында.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу